Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы еді, ат үстінде өткен кезеңдер көп болды. Азаттық үшін күресте талай қиыншылықты бастан кешірді. Бірақ, ешқашан да мойымады, күресе білді. Қазақ халқының басынан небір қилы заман өтті.
Тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген қаралы атқа ие болған 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратып кетті. Қазақ халқы оңтүстікке қарай босты. Бірақ, бұдан да басқа жауыздық нәубетінің екі ғасырдан соң қайта келерін білген жоқ. 1465 жылы Керей мен Жәнібек хан қазіргі Шу өңірінде Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығын құрды. Қазақ халқының хандық жүйеде мемлекет ретінде өмір сүруі XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін жалғасты. Осы кезеңнен бастап тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін Қазақстан Ресей патшалығы мен Кеңес Одағының құрамында болып келді.
XX ғасырдың басында қазақ зиялылары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс өрістеді. Ол тарихқа «Алаш қозғалысы» деген атпен енді. «Алаш қозғалысына» атсалысқан азаматтар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, Ә.Ермеков, М.Тынышбаев, М.Шоқай, тағы басқалары 1917 жылы шілде, желтоқсан айларында өткен жалпықазақ съездерінде «Алаш» партиясын және «Алаш автономиясын» құрды. Олардың арасында біздің жерлесіміз Айдархан Тұрлыбаев та болды.
1925-1933 жылдарда Г.Голощекин Қазақстанда әлі революция болмаған деп «Кіші Октябрь» саясатын жүргізді, елді аштық пен қуғын-сүргін жайлады, Қазақстанда тұратын 2 миллион қазақ аштықтан қырылды.1937 жылғы асыра сілтеудің кесірінен Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Бейімбет, Ілияс, Сәкен, тағы басқа арыстарымыз атылып кете барды. Өздері қазатапсада аты өлмеген ағалар рухына кейінгі ұрпақ әрқашан бас иеді. Иә, біз әр тұсынан бір шолып отырған небір қилы кезеңдер өтті.
1986 жылы Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Алатауға дейінгі байтақ жерімізге Желтоқсан жаңғырығы жетіп, әділдік үшін бой көтерген жас боздақтардың маңдайы тасқа соғылды. Желтоқсан оқиғасына қатысып, жауапқа тартылғандар қатарында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаев, тағы басқалары бар.
Ала қапшық арқалап, отбасын асыраған әйелдер, жекешелендіру жанталасы, реформалардың алғашқы нәтижелерін беруі, әлеуметтік саланың еңсе тіктеуі, халықтың көңіл-күйінің қалпына түсуі, елдің ертеңіне сенімнің орнығуы, инвестициялардың келе бастауы сол алғашқы онжылдықтың жемістері еді.
1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Алдымен, дүниеге келген жаңа мемлекет Қазақ елі екені баса көрсетілді. «Ел» байырғы түркі заманынан бері бар ұғым-түсінік, Халық, Отан, Атамекен дегенді білдіреді. Басты мағынасы мемлекеттің бар-жоғына келіп тіреледі.1991 жылы 1 желтоқсанда республикада бүкіл халықтық Президент сайлауы болып өтті. Қазақ КССР-нің Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Республика тарихында халық саналы түрде өзінің тағдырын сеніп тапсырып, өз басшысын сайлады. Кейін тұңғыш Президентіміз мемлекетімізді 30 жылға жуық басқарып, тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады.
Баяғыда бір ойшыл: «Саясаткер – сайлау мен сайлаудың арасында ғана көзге көрінетін белсенді. Ал, шын мемлекет қайраткерінің тағдыры халқының тағдырымен байланысты. Оның мұраты – халқының бүгіні мен ертеңі» деген екен. Қазіргі кезеңде жер жүзіндегі 200-ге тарта мемлекеттерді ішінде Қазақстан әлем таныған алдыңғы қатарлы елдердің бел ортасында келеді. Дүниежүзілік бірқатар ықпалды ұйымдарға мүше.
Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Экономикалық байланысымыз даму үстінде. Қазақ жерінің байлығы, мол табиғи қорлары еліміздің әлеуметтік дамуының негізі болуда. Осының бәрі тұғырлы тәуелсіздік тұсында қол жеткізген табыстар деп білемін. Бүгінгі Қазақстан азаматтық қоғамның қалыптасуы мен қызмет етуінің барлық аспектілеріне қатысты заманауи қиындықтармен үнемі кездесіп келеді. 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздік күнін атап өте тұрып, мемлекеттің ядролық бағдарламадан бас тартуы сияқты есте қаларлық оқиғаны да ұмытпау. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай, өз еркімен мемлекет аумағында қандай да бір ядролық қарудан бас тартып, өзін ядролық қару қолданылмайтын ел деп жариялады.
Қазіргі таңда жас мемлекетіміз көптеген елдерден алда тұр. Бұл ауызбіршілікте, ынтымақта, туыстық қарым-қатынаста, жақсы ниетпен, өмір сүрудің айғағы. Тәуелсіздік елімізге оңайлықпен тиген жоқ, оны да естен шығармағанымыз жөн. Осындай еркін, теңдесі жоқ, бостандықты алып берген ағаларымыз бен апаларымызға мың да бір алғыс! Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақыны, сондай-ақ, студенттерге арналған стипендияны көтеру туралы шешім қабылданды. Көп балалы аналарға және аз қамтылған азаматтар санатына қолдау көрсету бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдануда. 500 мыңнан астам мұқтаж азаматтың кредиттік қарызыазайтылды. Шағын және орта бизнесті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру бағдарламалары жалғастырылды.
Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.Өңірдің өнеркәсіптік секторын дамыту мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығының басымдықтарына сәйкес жалғасуда. Мысалы, тауарлық өнімнің едәуір өсуі тамақ өнеркәсібінің ірі кәсіпорны – қуаттылығы жылына 50 мың тонна ет өндіретін бройлер құс фабрикасының, «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің және «Қазақалтын Технология» ЖШС-нің үш алтын өңдеу фабрикасының жобалық қуатына жетуіне байланысты қамтамасыз етілді.«КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «ЭПК-Степногорск» АҚ, «Қазақалтын» ТМК»АҚ кәсіпорындары қарқынмен дамуда.
Ақмола өңірінде құрылыс индустриясында, машина жасауда, тамақ өнеркәсібінде жаңа кәсіпорындар құрылды. Олар «MPZ Bizhan» ЖШС, «Capital Projects Ltd» ЖШС, «KAIK» ЖШС және «PA Көкше-Цемент» ЖШС. Кейінгі жылдары Ақмола облысында машина жасау, тамақ өңдеу, химия және құрылыс сияқты салалар да даму үстінде.Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың барлық шаралары еңбек өнімділігін арттыру және өңделген өнімді экспорттау міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған.Аймақта өз өнімдерін 26 елге жеткізетін 50-ден астам экспорттаушы компания жұмыс істейді. Олардың негізгі серіктестері Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Түркия. Біздің аймақта «жасыл экономикаға» айтарлықтай көңіл бөлінуде.
Жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды жүзеге асыру бойынша облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда баламалы энергетика саласы үшін Аршалы ауданында «CATEK Green Energy» ЖШС қуаттылығы 100 МВт жел электр станциясын салу бойынша ең ірі жобаны жүзеге асырып жатыр.
1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен тәуелсіз мемлекет ретінде бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы болса, сол сәттен бері міне, 31 жыл да өте шықты. Қазіргі кезде Қазақстанымыз әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жаңа Қазақстанға, әділетті Қазақстанға күні кеше халық қолдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге үлкен сенім артып отырмыз.
Роза БУКТУГУТОВА,
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің
«Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарының доценті.