Тәуелсіздік туралы толғау

Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты!..Дүние дүрлігіп, әр жерден от шығып, оқ атылып жатқанда өзіңнің тәуелсіздігің туралы толғай бергің келеді! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жасай бер, көк байрағың желбіреп, тәуелсіз елім!

Тәуелсіздік туралы ойласаң,  жалғаннан жақсылық пен мейірімді іздеген жүрек шіркіннің түкпірінен жеткен қуаныш толқыны сыртқа тебеді. Сол толқын алпыс екі тамырыңды иітіп, жан дүниеңді жібітіп, деміңді жиілетіп, қиялыңа қанат бітіріп, арманыңды асқақтата түседі. Қыран боп қалықтап, асқар шыңдардың ұшар басындағы күнге шағылысқан қарлы шыңдарға, арайлап атқан таңдардың қызыл шұғыласына, қазағыңның кең көсілген көк жібек жайлауына, ақ толқынды асау өзен, көрікті көлдеріне сонау биіктен елжірей қарайтындайсың. Бейбіт өмір бесігінде тербелген туған жеріңнің осынау кейпі сені жаңа бір сапарларға, жаңа бір табыстарға бастайтындай.

Бейбіт күн кешіп, бейбіт еңбегінің берекесін қызықтаған жұртыңның жайы жаныңды жылытады. Халқыңның осы күнге жеткеніне шүкір, тәуба деп тебіренесің! «Ұзағынан бергей! Елімнің тәуелсіздігі мәңгілік болғай!» деп тілейсің! Шекарасы бекіп, көк байрағы желбіреген, әлем таныған еліңнің барлығын мақтан тұтасын! Оның беріктігі, ел Президенті Қ.Тоқаев айтқан қуатты елдің иесі және кемел халық болуға субелі үлес қосуға ынтығасың, ұмтыласың! Ендігі мақсат – осы тәуелсіздігімізді тұғырлы ету! Жарқыратып Жаңа Қазақстан құру! Иә, сыбайлас жемқорлықсыз, әр тұрғынның пікірі аяқ асты қалмайтын, адал да әділ Қазақстан құру!..

Осындай тебіреніс үстінде «Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жас ұрпаққа қалай түсіндіруге болады? Олар тәуелсіздіктің қадірін шын мәнісінде түсіне ме?» деген ой келеді. Өйткені, олар ел тәуелсіздік алғаннан  кейін, тәуелсіз елде туды. Өзгенің ығында, өзгенің қол астында, өзгенің астанасына жалтақтаған күнді олар көрген жоқ. Орыс тілін білмегенің үшін өзекке тебіліп, шетқақпай болып, еңсең езілгенді олар көрген жоқ. Көшелеріңе коммунизм идеяларын дүниеге әкелгендердің атын қойып, ескерткіштерін орнатқанды, хандарың мен батырларыңның атын ататпай, тарихты жоққа шығарғанды да олар білмей өсті. Мектеп, жоғары оқу орындарында «Құдай жоқ. Бәріміз маймылдан жаратылдық.

Бізді бақытқа жеткізетін коммунизм, Маркс, Энгельс, Ленин идеялары» деп оқытқанды естіген жоқ. «Адамнан жасырғаныңды Құдайдан жасыра алмайсың» деген ұғым болмаған соң, адами құндылықтардың әдіре қалып, жұрттың жаппай арақ ішіп, тарихы мен тілінен безіп, мәңгүрттене бастағанын да олар білген емес. Ораза , намазың, иманың кейін қалып, қызыл билетке ғана сеніп, тарихыңнан, өткеніңнен жұрдай болып, өзге бағытқа лағып кетіп бара жатқанымызды олар сезіп-білген емес. Құран, шариғат, хадистерді көріп, танысу мүмкіндігі мүлдем болған жоқ. Адам тек күшіне, айласына ғана арқа сүйеді. Қызыл партия өсиетін орындау үшін ата-анасына да қарсы шығуға дайын болды. Алланы аузына алмақ түгілі ас қайыруды ар санады.

Сөйтіп, тамырымыздан үзіліп, мәңгіріп бара жаттық. Отызыншы жылдарғы құдайсыздар қолдан жасаған аштық халқымызды қойдай қырды. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» демекші, қорқыныш пен үрей бойды билеп, сана тұманданып, коммунизмшілер соңынан сүлдерімізді сүйретіп, ессіз ере бастадық. Сонда да сұңғыла халықтың сүйегі асыл ұлдары жолынан тайып, бағытынан адаспаған екен. Олар «Алаш! Оян, қазақ!» деп ұрандатып, басын қатерге тікті. Алайда, ол біртуар азаматтарымызға қорған болмадық. Қайта, қызыл үкіметке жағынып, қара күйені жағып, біртуар арыстарымызды оққа байлап тындық. «Халық жауы» деген жала жаптық. Тіпті, олардың әйел, бала-шағасына дейін жазалап, айдатып жібердік. «Жылымық» болып, қуғыннан азып-тозып оралғандарды да түрткілеуімізді қоймадық.

Қазақ қасиеті сонда да өшпепті. Дүниені фашизм жаулап, Ұлы Отан соғысы басталғанда қазақтың ұл-қыздары өзгені таң қалдырар ерліктер көрсетті. Бауыржан, Мәлік, Төлеген, Талғат, Рақымжан, Қасым, Мәншүк пен Әлия…Кеңестер Одағының Батыры атанғандардың өзі бес жүзден асады! Ерліктері еленбегендері қаншама десеңізші, шіркін?! Ол кезең зерттелсе, талай қазақтың батырлығы алдан шығар еді ғой!..

Сол соғыс жүріп жатқан кезде, ерлерді майданға аттандырған елдегі қариялар, әйел, бала-шағаның өзі қазақтың қайсарлығын, жоғары адамгершілігін, салт-дәстүрінің ғажаптығын көрсетті. Майдан үшін «қыңқ» демей, күндіз-түні еңбек еткені өз алдына, өздері ашқұрсақ, аш-жалаңаш жүріп, жер аударылып келген Қап тауының халқына қамқорлық жасап, жарты құртын жарып жеспеппе еді? Бұл қазақтың өлмес рухының көрінісі емес пе еді бұл?!

Ондай қонақжайлылық, қиналғанға қол ұшын беру, ашыққанның өзегін жалғап, басына іс түсіп жаяу қалғанға ат мінгізіп аттандыру біздің Ұлы Даланың ежелгі салты еді. Біз Ұлы Даланы мекен еткен, осы далаға кіндік қаны тамған сақтар мен ғұндардың жалғасымыз, ұрпағымыз. Қазақ болып хандық құрғанда да сол бабаларымыздың ұстанымын ұстандық. Өйткені, бесігіміз бір – Ұлы Дала! Тек, жетпіс жыл жүгендеп, ырық бермеген Кеңестік жүйе оның бәрін айтқызбады, жазғызбады. «Сендерде жазу, кітап, қала болған жоқ. Мәдениетсіз, сауатсыз,  малдың соңында көшіп-қонған біреу едіңдер» деп сендірді.

Бекмаханов сияқты білгендер қуғын көрді. Олардың соңына түсіп, жазғандарын тыққылап, кілтте ұстады. «Сонда, өзгелердің ханы хан да, біздің ханымыз хан емес пе?» депті-ау, әбден күйінген ақын Ғафу Қайырбеков. Енді қайтсін. Олардың патшалары айтылды.  Қалың-қалың тарихтарын пән етіп оқыдық. Мектепте көргеніміз көз алдымызда. «Қазақстан тарихы» оқулығы пышақтың қырындай, қосымша сабақ ретінде сыдыртып өте шығады. Оқта-текте оқытылатын. Жоғары оқу орнында құдайдың жоқ екенін дәлелдейтін атеизмнен, коммунистік партия тарихынан, социалистік реализмнен емтихан тапсырып, өзіміздің коммунистік партиядан өзге ешкімге сенбейтінімізді дәлелдедік. Кинолар күйінгенде темекі тартып, қиналғанда арақ ішуді насихаттады. Темекі тарып, ішімдік ішу есейгендіктің белгісі көрінді.

Ал, қазақы қалпымыз, болмысымыз, кеудеміздегі Алла сыйлаған шыбын жанымыз ата-бабамыз аңсаған өз тәуелсіздігін аңсаған екен ғой! Қайран бабаларымыз кең жазира туған жерді қасарыса қорғап, қаны мен терін төгіп, туған жерге табанын тіреп тұрып айқасқанда өз тәуелсіздігін армандаған, соның бір күн орнарына сенген екен ғой! Ұлан-байтақ, асты мен үсті тұнған байлық байтақ жерге кім қызықпады? Сол жерді жарғақ құлақтары жастыққа тимей, күн-қатып жүріп қорғады-ау, жарықтықтар. Осы жер үшін аянбай айқасып, бастарын өлімге тікті-ау!

Сонда, сол ерлігінің текке кетпесін, қазақтың түбі бір тәуелсіз ел боларына сенді-ау!..Соғыссыз аз-кем жылдар өтсе, сол еркіндік, сол дербестіктің мәңгілігін тіледі-ау! Міне, біз қазір сол ата-бабаларымыз аманат еткен жерде көк байрағымызды желбіретіп, тәуелсіз ел болып отырмыз! Отыз жылдан асты!..Тілімізді шеттетіп, салтымызды сырғытып жатқан ешкім жоқ. Керісінше, Ата Заңда айтылған мемлекеттік тілде сөйле, әділ тарихыңды қайта жаз, ғұрпыңды түлет, салтыңа салтанат құрғыз дейді!..Біз сонау өткен бабаларымыздың асыл арманы үшін, халқымыздың нешеме жылдар жоғалтқан жәдігерлерін жеделдете жетілдіруге тиіспіз. Оған бүгінгі таңда толық мүмкіндік бар.

Тәуелсіздік қасиеті терең, қастерлі ұғым. Еліміздің тәуелсіздікке жету жолын еске алсаң , қазақтың тарих пен шежіреге толы жазира даласы жазулы хатқа ұқсайды. Бір парағы бос қалмаған. Сол бір хатты әрқайсымыздың жүрек түкпірінде сақтауымыз керек!

…Не десем,қалай жазсам,  қайтсем сенің қасиетіңді жеткізе алармын, қасиетті Тәуелсіздік!

                                 Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар