Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Көкшетау қаласындаболып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады және қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №65 аралас қауіпсіздік мекемесінің жұмысымен танысты. Министрдің сапары кезінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.
Журналистермен өткізген брифингте министр полиция саласындағы қолға алынып жатқан қыруар жұмыс туралы кеңінен баяндап берді.
–Сервистік полиция – бұл идеологиямен ұйымдастырушылық мәніндегі жұмыс, – деп атап өтті ол, – қызмет сапасын жақсарту, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты міндет. Оған қоса, құқықтық тәртіп саласындағы мәселелерді бірлесіп анықтау және шешу үшін мемлекеттік институттар азаматтармен тұрақты қарым-қатынас орнатуы керек. Әлемде сервистік полицияның бірыңғай моделі жоқ екенін атап айтқан жөн. Әрине, бұрыннан қалыптасқан жалпы қағидаттар бар.
Бұл ізгі ниет, қолжетімділік, ашықтық және есеп беру. Егер полицияның дәстүрлі жұмысы қылмыспен күресуге бағытталса, сервистік модельде басты миссия – қауіпсіздік сезімін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Жедел жұмыс стилі болған оқиғаларға жауап беруден басқа қауіпсіздік мәселелерін де алдын ала шешуді қамтамасыз етеді. Қоғам бүгінде полицияның жұмысына, қоғамның қауіпсіздігіне жіті назар аударып отыр. Егер салада жанды жұмыс атқарылса, полицияға деген халықтың сенімі нығайып, өмір сапасы жақсара түседі.
Сервистік модельге көшу үшін елімізде құқықтық және ұйымдастырушылық негіз бар. Жұмысты жіті ұйымдастыруға қажетті салалық заңдар қабылданды. Тиісті мемлекеттік және қоғамдық институттар жұмыс істейді. Орталық, өңірлік және аудандық деңгейде құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар құрылды. Жергілікті полиция қызметінің бөлімшелері бар. Ел Президенті саланы реформалау арқылы бар істі әділ әрі тиімді жүргізуді тапсырды. Пилоттық жобалар іске қосылуда. Жаңа модельге көшу бағытындағы қат-қабат жұмыс қолға алынуда.
–Негізінде полиция көпфункционалды салалардың бірі, – деп атап өтті министр, – біздің басты міндетіміз адам өмірін, денсаулығын, мүлкін көздің қарашығындай сақтау.
Марат Ахметжановтың айтуына қарағанда, жалпы еліміз бойынша 143 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл орайда, Ақмола облысында көрсеткіш біршама азайғандығын айта кетуіміз керек. Әйтсе де, министрдің айтуына қарағанда, Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларында орын алған қылмыс көрсеткіші әлі де біршама жоғары.Сондай-ақ, министр заңға байланысты да өз пікірін білдірді.
–Мәселен, – деді ол, – осы өңірде автокөлікпен малдың соқтығысуы салдарынан 13 адам зардап шеккен. Бұл да назар аударатын жай. Бағусыз жүрген мал тас жолдардың бойында бей-берекет жүріп, жол үстіндегі жолаушыларға айтарлықтай қиындық туғызады. Оқыс оқиға орын ала қалса, қараусыз жүрген мал таптырмайды. Міне, сондықтан да бағусыз малдың иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартқаннан басқа амал жоқ. Соңғы уақытта елімізде интернет алаяқтықтың өршіп кеткендігі белгілі. Үстіміздегі жылы облыста осындай 727 оқиға тіркелген.
Министрдің айтуына қарағанда, алаяқтың көбеюі аңқаулардың соры болып отыр. Егер ел азаматтарының алаяқтарға жем болған қаржысының көлемін есептесек, шамамен 15 миллиард теңгеге жетіп қалады екен. Қазір алаяқтарды анықтау және істеген қылмысына орай, жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде.
Кездесу барысында Марат Ахметжанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Кейбір күрделі мәселелер бақылауға алынды. Журналистердің облыс орталығындағы уақытша бейімдеу орталықтарының жұмысын қайта жаңдандыру туралы сұрағына байланысты ведомство басшысы бұл мәселенің қаралып жатқандығын айтып өтті. Полиция жұмысын цифрландыру туралы сауалға орай, бұл үдеріс Ақмола облысында жүз пайыз жүзеге асырылғандығын мәлімдеді. Осындай жарақтандырылудың арқасында мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың, тұрғын үйлердің жанына орнатылған бейнебақылау жүйелерінің көмегімен орын алған қылмыстық оқиғалардың ізін суытпай ашу көрсеткіші өсті.
Өңірге жасалған жұмыс сапары барысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен облыс әкімі Ермек Маржықпаев қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №65 аралас қауіпсіздік мекемесінде болды. Тергеу изоляторы соңғы стандарттарға сәйкес жабдықталған. Ведомство басшысы атап өткеніндей, камерамен бақылау жүргізу, жаңа заманғы құрылғылармен жабдықталу репрессиялық әдістерге жол бермеуге мүмкіндік тудырады.
Министрдің айтуынша, мұндай жұмыс тұтастай ел бойынша қолға алынбақ.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Тамара САЛИМОВА.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.