Бірәлі Нұртазин мынау жарық дүниедегі пешенесіне жазылған алапат қайғының да дәмін татты, шадыман шаттықтың да шарапатын көрді. Алаш баласы қынадай қырылған аштықты да, жан түршігерлік сұрапыл соғысты та басынан өткерді. Қаншалықты қатыгез болғандығын тілмен сипаттаудың еш мүмкіндігі жоқ сталиндік лагерьлердің ауыр азабы да айналып өткен жоқ. Әйтсе де, күндердің бір күнінде таңының арайлап атып, күнінің алаулап бататынына сенетін. Бейбіт күн бақыт құшағына бөлейді деген үміттің нәзік жібі үзілген емес. Соншалықты қиындықты кәтепті қара нардай қайыспай көтере жүріп, айналасындағы адамдардың шынайы құрметіне, ыстық ықыласына ие болды. Бақытты отбасын құрды, бала тәрбиеледі.
Бірәлі ата 1922 жылдың 22 желтоқсанында Жақсы ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Еркіндік ауылында, көп балалы отбасында жарық дүние есігін ашты. Әкесі Нұртаза Әділов қуғын-сүргінге ұшырап, 1929 жылдың желтоқсан айында Қарағандыда қайтыс болды. Анасы Бибіғайша Әділова ауыл-аймақты ашаршылық жайлап тұрған ең ауыр, қасіретті жылдары шиеттей тоғыз баламен жалғыз қалды. Арқасүйер ет жақын ағайын түгелге жуық опат болған. Әйтеуір, Молдағали және Әубәкір Қозғанбаевтардың жанашырлығының арқасында жан сақтаған. Олар Даниловка ауылына бас сауғалап көшкен кезде өздерімен бірге ала кетті. Еңбекшілдер ауданындағы Степняк қаласындағы балалар үйінде анасымен бірге қиын жылдарды басынан өткерді. Анасы балаларға тамақ тауып беру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеді. Іргедегі ауылдарға өгізбен көмір таситын. Міне, осындай тіршілік тауқыметін қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып басынан кешірген жас бала білімге құштар болды. Мектепте оқып жүріп, артельде жұмыс істеді. Алтын сүзді. 1937 жылдан кейін анасымен бірге Жақсы ауданына оралды.
Әйтсе де, келер күндердің көкжиегі күлімдеп тұрған жоқ болатын. 1941 жылдың желтоқсан айында қызыл Армия қатарына шақырылды. Ақмола қаласында мергендер мектебінде екі ай оқып, кейін қанқасап майдан даласына аттанды. Ол Волхов майданында, одан кейін Ленинград майданында басқыншы жаумен арыстандай арпалысып, шайқасты. Үшінші Балтық майданының құрамында Риганы жаудан азат етуге қатысты. Сол кезде барлаушылар взводында қызмет еткен Бірәлі Нұртазин дұшпанның ондаған солдаттары мен офицерлерін қолға түсіріп, асқан ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Ажал оғы қарша борап тұрған майдан даласында екі рет жарақат алды.
Ержүрек Бірәлі Нұртазин Ұлы Жеңісті Германияның солтүстік қанатында орналасқан Росток қаласында қарсы алды. 1945 жылдың тамыз айында қан майданның қилы-қилы сәттерін бірге басынан өткерген досы екеуі демалыс алып, анасымен жүздесті. Осы жылдың қыркүйек айында барлаушылар взводы Африкаға бару керек болатын. Ұн тиелген эшалонды күзету керек. Қас қылғандай Одесса портында оқыс оқиға орын алды. Ұн салынған вагондардың пломбысы бүтін болғанымен, бес қап ұн жетіспейді. Ол кездегі түсінік бойынша сұрапыл сұмдық оқиға. Тіпті, айтуға ауыз бармайды. Бес қап ұн үшін күнәдан пәк, қолы да, жаны да таза бүкіл взвод қамауға алынды. Үш жыл бойы айып арқалады, лагерьдің адам төзбес ауыртпалығын басынан кешті. Сол кезде анасы Биғайша Әділова ұлын іздеп Днепропетровск қаласына барды. Басқыншы жаудан азат етілген аймақта азық-түлік қасқалдақтың қанындай тапшы екен. Тағдыр тауқыметі ержүрек жауынгер Бірәліні да тоз-тоз еткен. Нақақтан жабылған жаланың азабы ауыр. Жолығуға бір рет қана рұқсат етілді. Әйтсе де, қазақ әйелі көнтерлі келеді ғой, әрі ұлына деген аналық махабаттың қуаты шығар екі ай бойы ұшы пышақтай өткір аран сымның арғы жағындағы ұлын тамақтандыру үшін қоршаудың қасынан шықпайтын.
1948 жылдың 26 ақпанында әскери соттың отырысы өтті. Барлау взводының командирі, капитан Мирошниченко атылып кетті. Ал, Бірәлі Нұртазиндер қылмыстық істердің 58-бабы бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін арада көп жыл өткен соң қария қамығып отырып, сол бір қаралы күндерді есіне алатын: «Соттан кейін бізді Хризостом маңындағы лагерьге, содан кейін Иркутскіге айдады. Мен айдауда жүріп құрылысшы-прораб мамандығы бойынша оқып, білім алдым. Оңтүстік Сахалин және одан әрі Магаданның маңында жергілікті тұрғындар үшін он үй салдық. Адам төзбес жер бетіндегі тозақта жүрсек те түбінде «аққа құдай жақ болады» деген үмітіміз үзілген жоқ».
Ақжарылқап күн 1953 жылы туды. Сотталғандығы алынып тасталды. Бостандыққа шыққан кезде Чукоткада болатын. Тек 1954 жылдың шілде айында ғана туған топырағына оралды.
Туған жердегі тіршіліктің қиындығы майдан даласы мен айдаудағы азапты күндерге қарағанда айт пен тойдай. Жер бетіндегі бар қиындықты белшесінен кешіп келген біздің кейіпкеріміз бригада ұйымдастырып, құрылыс материалдарын өндіретін артель ашты. 1955 жылы Есіл ауданының тумасы Зәйни Жаңабековамен екеуі шаңырақ көтерді. Жылдар өтіп жатты. Целиноград облысының «Жақсыстрой» тресінде алдымен шебер, прораб, құрылыс монтаждау учаскесінің басшысы болып жұмыс істеді. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып тәмамдады. Подгорное ауылы бөлімшесінің басқармасы болды. 1969 жылы «Есіл» кеңшарының директоры болып тағайындалды. Осы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін шебер ұйымдастырушы ретінде танылды.
Жұмыс барысында Бірәлі Нұртазин «Есіл» кеңшарында орта мектеп ғимаратын, балаларға арналған мектеп-интернатты, кәсіптік-техникалық училищені, музыка мектебін, үлкен балабақша, мәдениет үйі, монша, кір жуу кешені, аурухана, орталық қазандық салдырды. Кеңшар өте үлкен еді, сондықтан да мұндағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай өте жақсы болды. 1972 жылы Есіл өзенінің арнасын бөгеп, тоған салу туралы шешім қабылданды. Үлкен шлюз қақпасы бар бөгет орнатылды. Көктемде өзен тасыған кезде су мол жиналатын. Іргедегі кеңшарлардың көпшілігі малға қажетті шөбін осы бөгеттің аңғарынан жинайтын. Өндіріс секторда жылыжай, мал шаруашылығы кешендері, жемшөп цехтары бой көтерді. Мал тұқымы асылдандырылды. Жеті мыңнан астам ірі қара мал бағылды. Жыл сайын ет пен сүт жоспары асыра орындалды. Кеңшарда 25 мыңнан астам қой, төрт мың шошқа және мыңдаған құс өсірілді.
Есіл кеңшары жыл сайын мемлекетке астық тапсыру жоспарын асыра орындайтын. Сүрлем дақылдарын өсірумен, көп жылдық және бір жылдық шөп тұқымын дайындаумен айналысатын. Көкөніс пен картоп өсіретін бригада жасақталды. Жоғары жетістіктері үшін Есіл» кеңшары бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Тіпті, Мәскеудегі КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне де ұсынылды. Қайраткер Нұртазин бірнеше мәрте ауылдық, аудандық, облыстық Кеңестер Одағы Коммунистік Партия комитетінің мүшесі болып сайланды. Орталық және республикалық партия съездері мен конференцияларының делегаты болды.
Адамгершілік қасиеттері мол Бірәлі Нұртазин шын мәнінде жас толқынның тәлімгері еді. Соғыс және еңбек ардагерлері арасында да зор беделге ие болды. Ол тұста кеңшар кадрлардың ұстаханасы іспетті еді. Е.Айтпаев, Н.Литовченко, В.Литовченко тәрізді аймаққа танымал тұлғалар өсіп жетілді. В.Гертнер, А.Жалалов, К.Бекпергенов, Ж.Рыскелдин, С.Чепурной тәрізді кадрлар қаулап өсті.
Адал еңбегі үшін Бірәлі Нұртазин Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Екі мәрте «Ленин», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды. «Есіл» кеңшарының толайым табыстары туралы «Қайнар» баспасынан 1977 жылы «Есіл совхозы» жинағы, 1990 жылы «Зерновой гигант» кітабы шықты. Авторы Бірәлі Нұртазин.
1989 жылдан бастап одақтық дербес зейнеткер, Целиноград қаласының құрметті азаматы атанды. Ол өте қамқор әке болды, барлық адамдарға да мейірімін төгіп тұратын. Тұлғасын танып білген адамдар кімге болсын қолдау көрсетуге дайын тұратын жомарт жан деп есептеді. Зайыбы Зәйнимен қырық жылға жуық отасып, алты бала тәрбиеледі. Өкінішке орай, дархан даланың батыр ұлы Бірәлі Нұртазин 1995 жылдың 25 мамырында қайтпас сапарға аттанды. Жан жары Зәйни де 2022 жылдың 5 маусымында өмірден өтті.
Міне, бейнетті ғұмыр кешіп, сол азап соқпағы бақытты бастаулармен өрімделген ғибратты ғұмырдың ел есінде сақталған шағын шежіресі осындай. Мұның бәрі белгілі журналист-жазушы Қорғанбек Аманжолдың біртуар тұлға жайлы «Бірәлі-дастан» ғұмырнамалық кітабында да жан-жақты баяндалады.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Суреттерде: Бірәлі Нұртазин; Бірәлі аға майданда; Зайыбы Зәйнимен; нағашыларының ортасында.