Бөжен әулетінің отағасы Құрметбек ағамыз батыс өңірінен шыққан әйгілі домбырашы, тума талант иесі Тілеш Бәділовтың, өнер жолындағы ұстазы Болат Хамзиннің тағылымды тәрбиесін көрген білімді күйші-композитор. Ұлттық күйлерді нота білмесе де радиодан тыңдап, жаттаған. Ер жеткенде домбыраға деген аса қызығушылық пен ерекше сүйіспеншілік ұлттық аспапты меңгеруге түрткі болып, Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы колледжде прима мамандығы бойынша білім алды, сөйтіп, домбыраның құлағында ойнайтын күйші атанды.
Қазақ деп соққан жүрегімен ата-бабасының табаны тиген туған даласына 1992 жылы оралды. Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы университетті домбыра мамандығы бойынша тәмамдап, Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы балалар музыка мектебіне ұстаздық қызметке орналасты. Міне, содан бері осы қызметте Құрметбек Бөженнің ел-жұрты, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық мұра үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Зайыбы Монхай Гүлмайра саусағынан бал тамған қолөнерші әрі тігінші. Бүгінгі таңда Ақкөл қаласындағы №3 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Ұлағатты ұстаздар жанұясы бес ұл тәрбиелеп өсірді. Әке көрген оқ жанар демекші, бәрі де өнерден кенде емес. Тұңғыш ұлы Нұрғиса әке жолын қуып, Қазақ ұлттық өнер университетінің домбыра мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі таңда елордамызда ұстаздық қызметте. Екінші ұлы Әділет бойындағы бұла күшімен көпті тәнті етіп, аудандық, облыстық деңгейдегі спорттық жарыстарда топ жарған.
Негізгі мамандығы агроном. Үшінші ұлы Жоламан кішкентайынан баян сыныбында оқып, музыкалық талантын жетілдірген. Бір ғана емес, бірнеше өнерді қатар меңгерген ол Қазақ ұлттық өнер университетінде мүсінші мамандығын меңгеріп шықты. Қазіргі таңда ата өнерін жаңғыртып, ұлттық мұраны дәріптеп, зергерлік өнерді қатар алып жүр. Кәсібін нәсіп көзіне айналдырған ол өзінің зергерлік шеберханасын ашқан. Төртінші ұлы Нұрберген Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану мамандығын меңгерген. Бұл жігіт бас домбыра аспабын жетік меңгеріп, оған қоса, ағасынан зергерлік өнерді үйреніп, кәсіпке айналдырды. Кенже ұлы Бауыржан әкесінің жолын қуған күйші. Қазақ ұлттық өнер университетінде домбыра мамандығы бойынша білім алып жүр. Жас талант халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері. Қара домбырасын ұстап, көптеген шет мемлекеттердің сахнасында қазақтың рухын асқақтатып, ұлттық күйлерді күмбірлетіп жүр.
Құрметбек Бөжен жұмыс орнында өзін еңбекқор атқарушы, жауапты да сауатты маман ретінде көрсетті. Ол сыпайылығымен, басқаларға деген ерекше ілтипатымен көпшіліктің құрметіне бөлене білген жан. Әріптестерімен қарым-қатынаста да аса мейірімді. Өз ортасында жақсы іскерлік дағдыға, беделге ие. Құрметбек Бөженнің отбасы үлкенді құрметтеу, бауырмалдық, өзгеге көмек беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлерді ұстану және сақтау, отбасында балаларды еркін тәрбиелеу, балалардың пікірлерін есепке алу, санасу сияқты жақсы дәстүрлер мен құндылықтарды ұстанады.
Отағасы Құрметбек Бөженнің жетістіктері аз емес, ол облыстық, республикалық және халықаралық жобалардың жеңімпазы. Оның зайыбы Монхай Гүлмайра білікті маман, өзіндік қырымен бірталай байқаулардың жеңімпазы атанды. Отбасының барлық балалары еңбекқор, өңірлік және республикалық жобаларға белсене қатысып, жеңімпаз атанған. Міне, өзгелерге үлгі етуге тұрарлық Бөжендердің өнерпаз әулеті туралы баршаны сүйсіндіретін бір ауыз үзік сыр осы.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.