Өңірімізде жолдардың сапасы жақсарып келеді

Таяуда  өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков өңірдегі жолдардың жайы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Етек-жеңі кең пішілген Ақмола өңіріндегі жалпы жүргіншілер пайдаланатын жергілікті маңызға ие автомобиль жолының ұзақтығы 5626 шақырымды құрайды. Оның 2661 шақырымы облыстық маңызға ие болса, 2965 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар. Үстіміздегі жылы өңірдегі жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеу жасап, сапасын жақсарту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Жергілікті автожолдардың бір мың шақырымынан астам жеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 64,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржының дені республикалық бюджеттен бағытталып отыр.

Астана қаласының маңындағы елді мекендердің жолын жақсарту өте өзекті. Осы орайда бұл шаруаға 19967,4 миллион теңге қаражат бөлінді. Осы қаржы Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының 16 елді мекенінің жолын жөндеуге жұмсалды.

Облыстық маңыздағы автокөлік жолдарының құрылысы мен жөндеуіне 13724,2 миллион теңге қаражат бағытталды. Бұл қаржыға «Жалтыр-Макинск» бағытындағы жолдың 55 шақырымы 649,7 миллион теңге қаражатқа жөнделді. Бұл бір ғана мысал. Жоғарыда аталған төрт ауданның әлденеше елді мекендеріндегі жол жағдайы көрер көзге жақсарып қалды. Облыстық маңыздағы автокөлік жолдарын қалыпты ұстап тұру үшін 1 302,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Халыққа жайлы болуы үшін заман талабына сай жолдың керек екендігі белгілі. Осы орайда, жол жайын жақсартуға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы шаруалардың шапағаты тиіп тұрғандығын айта кетуіміз керек. Үстіміздегі жылы осы бағдарлама бойынша 30 елді мекеннің жолына жөндеу жасалды.

Өңірдегі аса маңызды бағыттың бірі – Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы жолдың жағдайын жақсарту болып табылады. Үстіміздегі жылы курорттық аймаққа 1 миллиард 775,2 миллион теңге қаражат бөлінді. Текекөл өзенін айналып өтетін жол жөнделді. Щучье-Новониколаевка бағытындағы жолдың 62 шақырымы жөндеуден өткізілді. Бурабай поселкесіндегі жол айырығы қалыпқа келтіріліп, жақсарып қалды. Сондай-ақ, поселке ішіндегі бірнеше көшелердің жолдарына 120 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аймақтарды дамыту бағдарламасы және шағын қалаларды көркейтуге орай, өңірдің бірнеше елді мекендерінде жүзден астам жоба жүзеге асырылды. Облыс орталығының өзінде жергілікті бюджеттен 985,7 миллион теңге қаражат бөлініп, қомақты шаруа қолға алынды. Қылшақты өзенінен өтетін жол бойындағы көпірге жөндеу жасалды. Бейбітшілік шағын ауданындағы жолдар 75 миллион теңгеге жөнделді. Бұл қаражат облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Қала халқы көшелердің қаншалықты жақсарып қалғандығын өздері де көріп отыр. Мұндай игі істер Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Атбасар аудандарында да қолға алынды. Бұланды ауданында да біршама игілікті істердің атқарылғандығын тілге тиек етсек болады. Макинск қаласындағы бірнеше көше заман талабына сай жақсартылды.

Зеренді, Сандықтау, Жарқайың аудандарының елді мекендерінің де көшелері күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Алдағы уақытта ауыл-аймақтағы жергілікті маңызға ие жолдардың жайы да жақсара түсетін болады.

Байқал БАЙӘДІЛОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар