Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құсбегіліктің сара жолын көрсек... - АРҚА АЖАРЫ

Құсбегіліктің сара жолын көрсек…

Облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі Ортақ ауылында да соңғы жылдары халқымыздың ұлттық бір келісті салт-дәстүріне жататын саятшылық өнер жақсы бой көрсете бастады. Бұл елдің жастары бала кездерінен жарау ат мініп, соңдарына ит ертіп, аңшылыққа аңсарлары ауатын да тұратын.

Бұл қазақы қанда бар дара қасиеттің өзі бөле-жаратындай емес, барлық ауылдарымызға тән қасиет қой. Бертін Моңғолиядан ата жұртқа ат басын тіреп, осы Ортақта орнығып қалған Әбсәләм ағамыздың дәл соны, жемтігін бүріп алар бүркітпен дала шоқытып кететін саятты хош көрер құсбегілігі көпке тіпті, жаңаша ой салған. Сөйтіп, қыранын тұғырға қондырып, бір шеті Алатаудың бөктері – Алматы облысы, Астана көрмелеріне дейін сапарлап кететін және жай оралмай, араға бұйырған күнді салып, «Е, Әбекең олжалы келіпті» дегенді дүр еткізетін игі үрдіс ізбасарларына да бой көрсеттіре бастаған.

Ауыл баласы алғыр болса, талабына мың болғыр дейтінің бар. Сонау жоқ-жітікте бірер құмай тазымен бір елді асыраған бабаларының, сол саятшылықты әлі де жанына серік еткен Әбсәләм ағаларының жолын қуып, қияда бүркіт, жонда тазы зулатып, текті өнердің қызығы мен шыжығына берілген сондай жастардың біріне назар аударуымызға не себеп болғанын да діттей кетсек, ол – жаңадан ашылған Абай облысында өткен құсбегілердің бірінші әлем чемпионаты.

Жуырда осы облыстың Үржар ауданындағы Бестерек ауылында ұйымдастырылған аталмыш сайысқа дүниежүзінің оннан астам елінен 64 бүркітші, 30 тазы баптаған аңшы қатысқан екен. Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қытай және тағы басқа мемлекеттерден жалғыз біздің қазағымыз ғана емес, басқа ұлт өкілдері де сайланып келген доданың «Құсбегіліктен әлем чемпионы» деген дардай аты да делебе қоздырып, жарыс жолында қолды-аяққа тұрғызбаса керек. Әйтеуір, еліміздің атынан осы атауы зор біріншілікке халқымыздың саятшылық өнері бұрын да таңсық болмаған, шүкір, ұлттық құндылықтарымыздың ептеп ілгері басуымен қазір де біртіндеп дамып келе жатқан Ақмола өңірінен де бір топ құсбегілеріміздің ат басын тіреуі осылай дегізбей қоймайтындай.

Осындай үлкен сайыста облыс, тіпті, әлем чемпионаты болған соң республика намысын қорғаған бұл саятшы жігіттеріміздің бәрі іргедегі Зеренді ауданынан. Осы өңірде құсбегіліктің қызығы мен шыжығына ден қойып, ата-баба дәстүрін жалғастырып жүрген қыр азаматтары. Қызығы – қиқулатып, айыз қандырар кереметі болса, шыжығы – келе-келе кәдімгі жан серігіңе айналар қыран құс пен құмай тазыны асырап, күтіп-баптаудың да оңай еместігі.

Алайда, мұнымен бала кезінен айналысатын осы ортақтық Дидар, Байғазы сияқты жігіттерге бұл аса қиын еместігін күшігінен ит, балапан күнінен бүркітұстаған өткен жылдардың бедері де жақсы көрсетіп келеді. Адамның досы дейтін иттің өзі тегіннен-тегін «жеті қазынаның бірі» аталған ба?!

Аса ғаламат аңшылығын, тазы мен төбеттің тілін табуын осы күнге дейін білетіндер аңыз қылып айтатын Ортағымыздың төбе аңшысы Нұрсерке Байбатырұлы атамыз шайын ішкенде, тазылары бірге дастархан басында отырады екен. Иесі мен итінің арасындағы бауырбасқандық пен түсіністіктің адам таңдай қағар бір мысалы мына нанар-нанбас бір оқиғада да жатыр. Сол Нұрсерке аңшы Омбыға орыс танысына барып, тамырының қолқалауымен итін қимай тастап кеткенде, жанында серігі бар, ат-арбасымен жолда екі қонып, ауылына жақын қалған аңшыға тазысы қайтадан қайтып келіпті. Кісі мінез жылқы малының бұл қасиетін білуші едік, ал, ит осылай істейді деп кім ойлаған?!

Сондай жайлардан бойына нәр, ойына әр алған Дидар Есетов ініміздің осы күні төрт тазысы бар. Соларды реті келсе, түрлі сайыстарға қосып, аяқалысын аңдап, баптап жүр. Абай облысында өткен додаға Көкшетаудан өзі, Байғазы ауылдасы және ауданнан Ерғазы Қалман барды. Бұл жігіттерді бастап апарған көптен қазақы тазылар мен төбеттер ұстап, осы бір ұлттық салт-дәстүріміздің жандануына зор үлесін қосып жүрген Оралбек Қайсанов ағалары екенін де айта кеткен жөн болар.

Ал, енді осы жолы нақ осынау Дидардың біржарым жасар Азуы мен Ерғазының ересек Басары желдей ескен жүйріктігі, алымы кең алғырлығымен бүкіл біріншілікке қатысушыларды мойындатқаны өз алдына бір мерей. Әдетте, иттердің мұндай шама-шарқы осындай жарыстарда шырға тарту арқылы анықталады. Шырға тарту дегеніміз, түлкінің терісі 50 метр жерге ұзағанда тазыларды қосу. Чемпионат барысында осылай алдынан «аңы» қызылданғанда 350 және 500 метр қашықтықтарға қанша құмай тазылар алып-ұшып, қолды-аяққа тұрмай, төрт аяғына ерік берді десеңізші. Солардың ішінен іріктеуден ойдағыдай өткен Азу кіші қашықтықтан жүлделі үшінші орынды қанжығасына бір-ақ байлаған көрінеді. Сол Ортақтан барған қарт бүркітші Әбсәләм ағамыздың баласы Байғазы да жас қаршығасымен финалдық сайысқа сәл-ақ  қалғанын да айта кету керек.

Иә, төл дәстүрді серік еткен жастардың бұдан да үлкен жеңістері әлі алда деп білейік. Баяғыда жетпісінші жылдардың аяқ кезінде ауылдағы ол тұста көзі тірі Серғазы Сыздықұлы қартымыздан саятшылық өнер туралы естімейтін құлағына айғайлап отырып, бұйырған сұхбатымызды алғанымызда, атақты құсбегі қолында баптаған мұзбалағын аңды ілуге, керегін қиядан басуға ерінбей-жалықпай бірте-бірте тереңнен баулығанын айтып еді. Ендеше, алдағы уақытта бүркіт ұшырып, тазы жүгірткен бұл жастарда да бәрі одан сайын  ыңғайға келе түседі деп ойлаймыз.

–Біздің өңірде тазы ұстап, оны ұлттық салт-дәстүріміздің бір көркіне айналдыру енді дамып келеді. Әлі ұйым болып тіркелмей де жатырмыз. Онда бұл игі іске жол ашылар еді. Осы таяуда Ақтөбеге тағы бір жарысқа шақырту алдық. Онда тазыларыңды тірі аңға саласыңдар деген уәде бар, – дейді бізбен әңгімесінде Дидар бауырымыз.

Жоғары деңгейдегі алғашқы жетістігі құмай тазымен одан әрі де ажырамастай серік болуына ынта-шынтасын тіпті, өсіріп жібергендей. Атақты Нұрсерке, Серғазы ағаларындай Ортақтың осы жастарынан да құсбегіліктің сара жолын көрсек екен.

Қ.КӘКЕНОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар