— Әлемнің 200-ге жуық елі 2030 жылға қарай түрлердің жойылуын тоқтату үшін жер бетінің кем дегенде 30 пайызына арнайы қорғаныс жасауды көздеп отыр, делінген БҰҰ-ның Монреалдағы конференциясының қорытынды декларациясында. Бұл туралы ҚазАқпарат Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Канаданың Монреал қаласында өткен БҰҰ-ның конференциясы барысында екі апталық келіссөздерден кейін табиғатты қорғау туралы тарихи келісім қабылданды. COP15 саммитіне қатысушы 200-ге жуық мемлекет 2030 жылға қарай планета бетінің кемінде 30 пайызын ерекше қорғау туралы ережені қамтитын қорытынды резолюцияны қолдады.
Сонымен қатар, биоәртүрлілікті қорғауға көбірек қаржы бөлу жоспары құрылды. Дамыған елдер 2025 жылға дейін кедей елдерге шамамен 20 миллиард АҚШ долларын (18,8 миллиард еуро) бөлуі тиіс.
Конференцияға төрағалық етуші Қытай сол күні қорытынды декларация жобасын ұсынды, кейінірек Конго Демократиялық Республикасының қарсылықтарына қарамастан жаһандық келісімнің қабылданғанын жариялады. Африка мемлекетінің өкілдері бұл құжатты қолдай алмайтындықтарын айтты.
Германияның қоршаған ортаны, табиғатты қорғау, ядролық қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау министрі Штеффи Лемке COP15 декларациясын түрлердің жойылуын тоқтатуға бағытталған «батыл қадам» деп атады.
«Табиғатты қорғау арқылы біз өзімізді қорғаймыз және балаларымызға дұрыс өмір сүретін ортаны қамтамасыз етеміз», — деді Лемке Монреалда.
Германияның «жасылдар» партиясы өкілінің айтуынша, 2030 жылға қарай пестицидтерді қолданумен байланысты адамдар мен қоршаған ортаға төнетін қауіптерді екі есе азайту көзделген. Сонымен қатар, жыл сайын табиғатқа зиян келтіретін 500 миллиард долларлық субсидияларды жою жоспарланды, деп қосты Штеффи Лемке.
Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) да бұл шешімді құптады. Сарапшылардың айтуынша, осы ғасырдың соңына қарай жер бетінде 1 миллионға жуық түр жойылып кетуі мүмкін.
15-ші Дүниежүзілік табиғатты қорғау туралы саммит (COP15) 2020 жылы Қытайда өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге қалдырылған. Отырыстың бірінші бөлігі қазан айында Қытайдың Куньминінде бейнеконференция режимінде өтті. Конференцияның екінші бөлімі 7 желтоқсан күні Монреалда ашылды.