Жеңді білектей қазы мен туырылып түскен қартаға аңсары ауып тұратын ағайынның бағалы балыққа да қарық болатын түрі бар. Балық болғанда да балаң үйректің басындай шабақ емес, дәмі тіл үйіретін форель.
Бурабай ауданындағы Ақылбай кентінде орналасқан «Биосфера fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі форель шаруашылығын ұйымдастырып, бұл өңірде бұрын-соңды кездесе қоймайтын бағалы балықты көбейтпек. Тіпті, таяу арада өңірде сауда сөрелеріне көптеп түседі деген үміт те бар.
–Балық өсіретін кешеннің құрылысы үстіміздегі жылдың наурыз айында басталған болатын. Негізінде балық та бап тілейді. Қыр-сырын қапысыз меңгеру қажет. Сондықтан, кешенде жұмыс істейтін қызметкерлер Қазан, Ростов, Санкт-Петербург қалаларында осы саланың ерекшеліктерін егжей-тегжейлі оқып, үйреніп қайтты. Тамыз айында шабақтарды бассейнге жібердік. Алғашқы форель уылдырығы Франциядан жеткізілді, – дейді шаруашылық директорының орынбасары Павел Стадников, – таяу арада тауарлық салмаққа жеткен соң сатылымға шығарылады. Жыл соңына дейін бес тонна форель өндіруді межелеп отырмыз. Ал, келесі жылдан бастап өнім көлемі 40-45 тоннаға жеткізіледі.
Мұнда 8 бассейннің әрқайсысында шамамен бір жарым мыңға жуық балық бағылуда. Бассейндегі су үнемі жаңартылып отырылады. Өйткені, форель балығы тазалықты сүйеді. Әрі су озонмен байытылады. Зертханалық сараптамалар күніне үш рет өткізіледі. Өйткені, судың құрамы мен температурасы стандартқа сай болуы керек екен. Демек, бұл бағыттағы жұмыс та оңай-оспақ шаруа емес.
–Мемлекеттік инвестицияларды тарта отырып, екінші блокты салуды межелеудеміз. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына өтінім бердік. Сол кезде бір жылда жүз тоннаға дейін форель өндіре алар едік, – дейді Павел Стадников.
Бурабайдың баурайында форель өсіру бұл бағыттағы алғашқы инвестициялық жоба екендігін айта кетуіміз керек. Кешенді салып шығу үшін 360 миллион теңге төңірегінде жеке инвестиция тартылған. Бір жақсысы, балық өсіру туралы бастама мемлекеттің қолдауына ие болуда. Нақтырақ айтсақ, салынған қаржының 25 пайызы қайтарылады. Жыл соңына дейін Целиноград ауданындағы Аққайың ауылында «Посейдон» серіктестігі де дәл осындай балық шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отыр. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, Аққайыңда да жылына 100 тоннаға жуық форель мен бекіре өсіруге мүмкіндік туып отыр. Несі бар, осындай нәтижелі шаруалар жүзеге асырылса, астананы азық-түлікпен қамту белдеуіндегі өңірдің бұл бағыттағы өңі жақсарып, дастарханның берекесі кіріп қалар еді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.