Көне тарих бүгіннің бағдары

Таяуда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы білім ошақтарының бірінде тарих және археология кабинеті ашылып, жас толқынға тылсым тарихтың көне сырлар көмбесі кебежесін айқара ашты.

Мұның өзі ақ түйенің қарны жарылатын әдемі оқиға. Артефактілердің көмегімен сонау тас дәуірінен жылға тартатын жылнама оқушылардың санасына тарих тағылымын себезгілеуде. Байтақ білімнің бастау көзін ашқан №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Серік Ысқақов. Ұстаздың айтуына қарағанда, бағалы археологиялық жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану және «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейлерінің қызметкерлері тапсырыпты. Жас ұрпақтың қамын ойлаған жанашырлық. Есте жоқ ескі кезеңнің құпиясымен танысуға оқушылар да құштар. Осы бір ұмтылыс тынымсыз ұстаздың қолтығына қанат байлаған.

–Әзірге жәдігерлер аса көп болмағанымен мейлінше қызықты, – дейді Серік Ысқақов, – көне дәуірге деген дәл осындай қызығушылық туындайды деп ойлаған да жоқ едім. Оқушылар шын мәнінде білгісі келіп талпынады, неше алуан сұрақтар қояды. Қола дәуіріндегі қолөнершілер жасаған зергерлік бұйымдарды ұстап көріп, өлкенің ертеден қаншалықты өнерлі әрі мәдениетті болғандығын түйсінуде. Қорғандарды қазу кезінде табылған қару-жарақтар да ел қорғаған ерлердің бітім-болмысын айғақтайтындай.

Кабинетте Бурабай мен Зеренді аудандарының археологиялық картасы орналастырылыпты. Келесі жылы мектеп-гимназия оқушылары осы қазбаларға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Уыстарына ұлы даланың ұлағатын ұқтыратын олжа іліге қалса, бұл да өңір тарихын еселей түсетін үлес болмақ.

–Мен білім ошағымызда тарих және археология кабинетінің ашылғанына қуаныштымын. Жаңа кабинеттегі әрбір жәдігер біз үшін баға жетпес бұйым, – дейді археология бойынша қалалық байқаудың бас жүлдесін иеленген 8 сынып оқушысы Самат Тәшмағамбетов.

Жаңадан ашылған кабинетте Көкшетау қаласының білім бөлімі «Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы – хан Кене» атты үшінші қалалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізіп, Кенесары ханның 220 жылдығына және білім ошағының 30 жылдығына арналған маңызды шаралар ұйымдастырылды. Осылайша ауылда тылсым тарих шамшырағы шуағын төгіп тұр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар