Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақ сәуле іздеп әлемнен... - АРҚА АЖАРЫ

Ақ сәуле іздеп әлемнен…

Жаныңда жүрген адамның жақсылығын, қоғамның ізгілігін көргің келеді. Мынау жарық дүниеде арайлап атқан таңның, алаулап батқан күннің жалқын сәулесі жан дүниеңді әдемі нұрға бөлейтін шығар. Бір сәттік жарық дүниені көрудің өзі өлшеусіз бақыт па екен.

Үстіміздегі жылы табан ізін көру өлшеусіз тәңір сыйлығы деп ұғатын зағиптар қоғамының басын құрап, қаншама көкіректегі зілмауыр мұңды, еңсеңді басар ауыр ойды тарқатар ұжым қалыптастырып, әлемнен ақ сәуле іздеп жүрген зағиптарды топтастырған қоғамның құрылғанына 85 жыл толып отыр. Мұндай филиалдар еліміздің әрбір облыстарында бар. Енді бір сәт қоғам туралы тарқатып айта кетелікші. Бұл қоғамға бірінші, екінші және үшінші топтағы зағиптар мүше. Әрқайсының алуан-алуан тағдыры бар. Соның бәрі бір арнада тоғысады. Тіс жарып әркімге айта бермегенімен, қараңғылық тұмшалаған дүниеде сәл ғана себезгілеген сәуле көргісі келетіндігін несіне жасырарсың?! Ол сәуле арқаларын аяздай қарыған ауыртпалықтан арылу шығар бәлкім. Зағиптар да ел қатарлы өмір сүргісі келеді, сүріп те жатыр. Өз мүмкіндіктері жеткенінше. Осыншама жақсылықты қаумаласқан қоғам болып қалыптастырып отыр. Бар ізгіліктің ізетті діңгегі «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалдың жетекшісі Мария Тәңірбергенова. Бүгінде филиалдың кітапханасы, концерт залы, халыққа қызмет көрсету бағытындағы шағын цехы жұмыс істейді.

Кітапхана қоры жыл сайын жаңартылады. Әсіресе, көркем әдебиет сұранысқа ие. Тағылымы мол тарихи дүниелерге, оқырманға өлшеусіз рухани шаттық сыйлайтын әдебиеттерге деген ынтызарлық мол. Ал, концерт залы әсем әнмен әлдилеп, күміс күймен көкірегіңді өзгеше лепті қуанышқа бөлейтін сәттермен жиі айшықталады. Зағиптар арасында көз кем болғанымен, көкірегі ояу өнерпаздар аз емес. Олар тіршіліктің ақбас толқындары қақпақылдап, кей сәтте жандары жүдеп жүретін адамдарды өмірді сүйе білуге, әр күнді құрметтей білуге жетелейді. Бәлкім үміт шырағданын жағатын алапат күш те осы шығар. Жастары егде тартқан оқырмандар қолдарына жақсы кітап түсе қалса, мазмұн-мағынасымен бөлісіп, бір-біріне айтып отырады. Талдан таяқ таянған адамның қолтығынан демейтін де, періштедей жебейтін де бір ауыз жылы сөз. Сол жылы сөз,  ыстық ілтипат кітаптың ішінде. Сырласары да, мұңдасары да әдебиет. Сондықтан ба екен, сөз қадірін жақсы біледі. Бір-бірінің  қаңтардың қара дауылы мұздатқан көкірегін оттай ыстық жылы сөздерімен жадыратып, көңілдерін көтеріп отыру қашанғы дәстүрге айналған.

Бүгінгі күні бір ауыз күрделі мәселе туралы айта кетсек, артықтығы болмас. Былайғы жұрттың көңілін аудару үшін. Әрине, тағдыр тәлкегі шыңдаған, өмірдің өкпек желімен күресуді үйренген, төзбеске төзген, көрместі көрген зағиптар қауымы ешкімнің алдында алақан жайып кішірейгісі келмейді. Көз кем болғанымен, намыс тірі. Бұл қоғамға не республикалық, не облыстық бюджеттен сынық тиын қаражат қарастырылмаған. Әрине, ел болған соң елдігін ойлайтын, кемдігін бүтіндейтін азаматтар болады емес пе? Кей-кейде қол ұшын беретіндер де табылып жатады. Қоғам жанындағы шағын цехтың жұмысы зағип түгілі он екі мүшесі сау адамдар үшін де ауыр. Бәлкім кәтепті қара нар ғана көтеретін жүк шығар, өйткені, бұл жердегі тігін бұйымдарының бар шаруасы қолмен атқарылады. Бір кемдігі жоқ, тіпті сапасы артық та. Мәселен, зағиптар тігетін матрасты алайық. Тігісі қандай жатық, атқан оқтай түп-түзу. Көзі көрмегенмен, қол жаттыққан, көкірегі ояу. Ең қиыны тендерге түсе алмайды. Өйткені, тауар сапалы болғанымен, саны аз. Бағасы да фабрика шығаратын тауардан сәл ғана қымбат болуы мүмкін. Себебі, мақта қымбатқа түседі. Қазір жекелеген шаруа қожалықтары мен құрылысшылар сатып алуда.

Әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Спортшылар да аз емес. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ тәрізді спорт жарыстарынан облыстық «Үміт» спартакиадасында топ жарып жүргендер жетерлік. Оларға Б.Селиванов жетекшілік етеді. Көркемөнерпаздар болса, өздерінің тал бойына біткен тамаша өнерлерімен тыңдаған жанды тәнті етіп, рухани байлық сыйлауда. Жетекшілері В.Оладько көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері іргедегі Солтүстік Қазақстан облысының, Астана қаласының  филиалдарымен жолдастық кездесулер өткізіп, бұл тараптағы тәжірибелерімен алмасып тұрады. Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның, «Көкшетау» мәдениет сарайының, Біржан сал атындағы музыкалық колледждің өнерпаздары келіп, концерт қойып, мұндағы жұрттың көңілін серпілтіп,  қуанышқа бөлеп қайтады. Осындай жанашыр ұжымдардың арасынан облыстық әділет және облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлерін атауға болады.

Бір құдірет болу керек сенетін,

Кез болар ма көркем дүниені көретін.

Жанары сау адамдарға жақсы ғой,

Бар әлемнің ақ сәулесін көретін.

Орал РАХИМОВ,
зейнеткер, еңбек ардагері. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар