Жастар құлшынса, үлкен күш

Степногорск қаласындағы «Горняк» орталық мәдениет сарайында  «Біз – елдің болашағамыз» тақырыбында жастар форумы болып өтті. Іс-шараға Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов пен қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, оқу орындары мен кәсіпорындардан келген белсенді жастар қатысты.

Жиынды модератор Мадина Бекболат ашып, алғашқы сөзді қала әкіміне берді. Ол өз сөзінде қала жастары алдында тұрған зор міндеттер мен алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Ел болашағы болып табылатын жастар ұйымына зор табыстар тіледі. Жастармен атқарылған үлкен шаруаларды атап көрсетті.

Степногорск қаласының жастар ресурстық орталығының жыл бойы атқарған жұмыстары туралы ақпаратты осы орталық директорының міндетін атқарушы Рабиға Әбілхасым  тарқатып айтып берді. Қазіргі таңда Степногорск қаласында 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар саны 13 161 адамды құрайды, бұл өңірдегі жалпы халықтың 20 пайызы.

Қалалық жастар ресурстық орталығының бастауымен 2022 жылы жалпы 12 мың адамды қамтитын 135 іс-шара өткізілді. Олардың арасында «Street workout» бойынша қалалық турнир, өрт-құтқару спорт түрлері бойынша жарыстар, отбасылық қатынастар мен дәстүрлерді нығайту мақсатында «Отбасы және отбасылық құндылықтар» айлығы, «Біргеміз Таза Әлем» акциясы, «Жайдарман – 2022» ойыны, Республика күніне арналған жас көшбасшылардың «Ұлы жастар рухы» фестивалі және көптеген басқа да іс-шаралар бар.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жазғы кезеңде 120 адам жұмысқа орналастырылды. Жоба барысында жастар қала алаңдарын, саябақтарды және мәдени демалыс орындарын тазалап, ұйымшылдық танытты.         Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастар да назардан тыс қалмайды. Олар үшін «Біз жақынбыз», «Күн бәріне жарқырайды» әлеуметтік іс-шаралары өткізілді. Балалар үшін қызықты викториналар, аниматорларды тарта отырып, көңілді ойындар ұйымдастырылды.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 5 жоба іске асырылған көрінеді. Солардың бірі – «Еске алу вахтасы». Жобаның мақсаты – Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың мұраларын іздеу және хабар-ошарсыз кеткен есімдерді қалпына келтіру. Бұл жоба Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Союз ветеранов ВДВ «Десантное братство» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізілді.  «Ұлттық игіліктердің жеті бағыты жобасы аясында да ауқымды шаралар өтті. Бұл жобаның мақсаты – жастар арасында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті, тілді, әдебиетті, қазақтың ұлттық дәстүрлерін жаңғырту және кеңінен насихаттау. Жастар арасында домбыра тарту өнерін үйрету бойынша онлайн сабақтар, «Ұлттық киімдер» фестивалі және тағы басқа іс-шаралар өткізілді. Аталмыш жоба «Халық қазынасы» қоғамдық бірлестігімен бірге өткізілгенін атап өткен ләзім.

Жастар  арасында нашақорлықтың алдын алу жобасы,  «Рухани TOUR» әлеуметтік жобасы,«Жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі жоба», бұдан басқа, еріктілікті қолдау шеңберінде 50-ге жуық іс-шара өткізіліпті. Бұл іс-шаралардың барлығы  «Жаңа ұрпақ Степ», «Халық қазынасы», «Женский луч», «Академия Семьи Степ», «Балапан», «Союз ветеранов ВДВ «Десантное братство» қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп өткізіледі.                                                   Степногорск қаласында жыл сайын мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған қаржы көлемі ұлғаюда. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Алдағы уақытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде келесі жылы тағы да бірнеше тың  жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Степногорск өңірінің жастарында есірткі тұтыну мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды өткізу, қиын өмірлік жағдайға тап болған жастарды, NEET санатындағы жастарды табысты әлеуметтендіруге және еріктілер дағдыларын оқытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру, «Еске алу вахтасы»халықаралық жобасын, «Таланттар шайқасы» конкурсы, «Эко кросс» акцияларын және де жоспарға сәйкес көптеген іс-шараларды өткізу ойластырылған.

Жиын барысында «Таңшолпан» жастар бірлестігінің көшбасшысы, №9 орта мектептің 10 сынып оқушысы Меруерт Айған баяндама жасап, жастар бірлестігінде атқарылып жатқан игі істер мен бастамаларға тоқталды. Бұдан соң «Степногорск подшипник зауыты» акционерлік қоғамының жастар ісі бойынша маманы Карина Головлева зауыт жастарының алдында тұрған міндеттерге тоқталып, жаңа бастамаларды атап көрсетті, соның ішінде жас мамандар атқарып жатқан шаруалар жайын сөз етті. Жоғары колледждің 3-курс студенті Мәншүк Қоңырова болса, хореографияны қолдан келгенше дамытып жатқанын тілге тиек етті. Жастарды өнерді сүюге шақырды. Жастар форумында ашық диалог жалғасып, мұнда қала жастары шаһар басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар ала бастады.

Форумда адам факторына аса көңіл бөлініп отырғанын жеткізген қала әкімі Алпысбай Қуандықұлы жастарды елге қызмет етуге шақырды. Кездесетін түйткілді мәселелерді жергілікті атқарушы билікпен бірге шешу керек.

«Аманат» партиясы филиалының  кеңесшісі Жәмила Смағұлова да өз ұсыныс, тілектерін жеткізді. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша алда қандай жоспарлар барын сұрап білді. Халықты, соның ішінде жастарды жұмыспен қамту жайы сөз болды. Қала басшысы тұрғын үй, сауда және көңіл көтеру нысандарының салына беретінін атап көрсетті. Тұрғын үй алу кезегінде мұқтаждар 7 санат бойынша тұр.

Тағы бір жағымды жаңалық, қалада жастар үшін хоккей кортын салу көзделген. «Алтыналмас» кәсіпорны оқу-өндірістік практикаларын жалғастыра береді.20-шы шағын аудандағы аялдама, ондағы жол белгілері бойынша түйткілдер де шешімін тауып жатыр. Әлі атқарылатын жұмыстар бар. Жол қиылысына белгі қою мақсатқа сай келеді. Бұл бойынша тиісті орындарға тапсырмалар беріледі.

Автоәуесқойлар үшін жағдай жасау ұсынысы да сөз болды. Ол үшін қала сыртынан көлік жүргізіп үйренуге арналған алаң жолын салса деген ұсыныс бар. Оны жергілікті полиция және авто-оқыту орындары арқылы қарастырған жөн. Жалпы ұсыныс назарға алынады.

Ашық диалогтан соң қала өміріне белсене атсалысып жүрген бір топ жастар қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың арасында «Мақсат» колледжінің оқушысы Ангелина Воронек, Степногорск таукен-техникалық колледжінің 4-курс оқушысы Валерия Дик, Степногорск жоғары колледжінің студенті Мәншүк Қоңырова, жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне үміткер Данил Авдась, Степногорск қаласындағы №3өрттен құтқару бөлімінің маманы Жәнібек Әуелбеков және тағы басқалары бар.

Жастар форумының  соңы әдемі концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер жүректерді тербеді.

Полатбек ЖАНБАЕВ.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар