Биылғы жылы облысымыздың қоғамдық-мəдени өміріндегі маңызды бір оқиға –жерлесіміз, белгілі ақын-жазушы, драматург, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мəдениет қызметкері Төлеген Сыздықұлы Қажыбайдың туғанына 80 жыл толуы болды. Осыған байланысты өңірімізде қаламгер бейнесін еске алып, əдеби мұрасын насихаттауға арналған көптеген іс-шаралар өтті. «Арқа ажары» газеті жыл айрығындағы бүгінгі санында да сол іс-шаралардан келіп түскен хат-хабарлардың соңғы легін топтастырып жариялауды жөн көріп отыр.
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі мен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті бірлесіп, қарымды қаламгер Төлеген Қажыбайдың туғанына 80 жыл толуына орай мазмұнды кеш өткізді. Есімі сөз өнерін сыйлайтын жалпақ жұртқа жақсы мәлім белгілі ақын-жазушы Төлеген Қажыбайдың қаламгерлік болмысы бір ғажап әлем. Бұл жайында шараны ұйымдастырып, жүргізген қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев әріден таратып айтып берді. Университет ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі Сағынтай Елубаев кіріспе сөз сөйледі. Шешен өз сөзінде бүгінгідей кештің өте 0ажет екендігін, өнерді бағалай білетін өскелең ұрпақ алдыңғы толқынның өнегесін ұғуы керектігін тілге тиек етті.
Дара дарынның қаламынан туған бар шығарманың мәні мен мазмұны бір кештің аясына сиятын дүние емес. Әйтсе де, проза мен драматургия саласын, поэзиядағы салмақты еңбегін тілге тиек ете келе, ақынның ұлы, белгілі ғалым Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі Аян Төлегенұлы сөз басын арыдағы аруақты аталар туралы, олардың өмірі мен еңбегі, әдебиет әлеміндегі орны хақында бастады. Заманында қазақ әдебиетінің заңғары Сәбеңдермен сыйласқан, зар заманның бейнесін қаз қалпында көз алдына әкелетін «Әлі қарттың әңгімесі» тәрізді дастан тудырған Жақан Сыздықов, майдангер, кейін мықты аудармашылығымен аты шыққан. тоқсан жасап өмірден өткен белгілі әдебиетші Қажымұрат Сыздықовтардың қилы-қилы тағдыры айтылды. Баяндаманың бел ортасында оқырманға олжа салған Төкеңнің шығармашылығы кеңінен қамтылды.
Кешке қатысып отырған зиялы қауым, жас толқын өкілдері де сәулелі сөз өнерінінң айшықты сарайын тұрғызған сегіз қырлы бір сырлы талант иесінің тағылымына тәнті болды. Белгілі дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов Төлеген Қажыбайдың сөзіне жазылған, Алтынбек Қоразбаевтың әні «Әгугай домбыраны» және өзінің ақын ағасының сөзіне жазған «Дала» әндерін нәшіне келтіре орындап берді.
Кітапхана қызметкерлері «Жырлап туған жүрек» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырған екен. Бұл жерден оқырман қауым қарымды қаламгердің отыздан астам кітабымен танысып, шығармашылығының сөлімен сусындарын қандырды. Қазақ сөзінің қасиеті жас ұрпақтың көкірегіне көшкен келісті күн болды бұл!
Б.Қайырлин.