Жыл бойы алға ұмтылған Ақмола

Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық жоспарының орындалуын саралап қарайтұғын болсаңыз, толымды табыс деңгейі бірден байқалады.

Өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 10,6 пайызға өсіп, 1,3 триллион теңгені құрады. Бұл еліміздегі ең үздік көрсеткіш санатында. Ел дамуының өнеркәсіп өніміне тікелей байланысты екенін ескерсек, облысымыз ортақ игілікке зор үлес қосуда. Бұл әрине, жергілікті жерде бар жұмысты ұтымды ұйымдастырып, жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында мүмкін болып отыр. Осы орайда ел Президентінің тапсырмаларының да тиянақты атқарылып жатқандығын айта кетуге болады. Айталық, қазіргі күні айрықша назар аударылып отырған өңдеу мәселесінің де өңі жақсарып қалды. Бұл орайдағы өндіріс көлемі 7,5 пайызға өсіп, 1,1 триллион теңгеге жетті. Облыста химия өнеркәсібінде 38,2, металлургияда 19,2, сусын өндірісінде 27,5, тамақ өнеркәсібінде 0,3 пайыз өсім бар.

Соңғы жылдары кірпіш өндіру көлемі өсе түсті. Облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Саланың серпін алуына кірпішті өзімізде өндіру септігін тигізіп отыр. Бұрнағы жылдардағыдай құрылыс ұйымдары қажетті кірпішті сырттан тасып, артық шығын шығарып отырған жоқ. Ағымдағы жылы кірпіш өндірісі 1,6 есеге ұлғайды. Сондай-ақ, өсімдік майын, алтын өндіруде де тәп-тәуір табыс бар. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған өндіріс және өңдеу өнеркәсібімен қатар, жаңа жобалар да жүзеге асырыла бастады. Тиімділігі мол жаңа жобалар жалпы береке бастауына ықпал етуімен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді. Бұл халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға жол ашады. Осылайша бір-біріне сабақтасқан ынтымақты жұмыс ел ырысын молайта түспек. Өндіріске орайластырылған қаражаттың көп бөлігі «RG Processing» алтын өндіру фабрикасына, «SG Brick» кірпіш зауытына, «SG Beton» бетон зауытына, сондай-ақ, басқа да бірқатар  жобаларды жүзеге асыруға жұмсалды. Өңірдегі өндірістің өрге басуына «Baha soneh» сұлы өндірісі, «Бота» май зауыты тәрізді ұжымдар мол үлестерін қосуда. Осы орайда, жаңа нысандарды іске қосу кірпіш өндірісінің қуатын 1,5 есеге, алтынды 20 пайызға, құс етін 30 пайызға көбейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Аграрлы өңірдің шаруашылығы табысты ұйымдастырылуда. Осыған орай, жалпы өнім көлемі өсті. Ағымдағы жылы 21,4 пайызға артып, 1 037,9 миллиард теңгені құрады. Сөз арасында бұл көрсеткіштің еліміз бойынша екінші орында екенін айтатын болсақ, табыс деңгейі айқындала түсер еді. Ірі қара мал басы, жылқы, қой-ешкіде де өсім бар. Тірі салмақтағы ет өндірісі 1,2 пайызға өсіп, 170,7 мың тоннаға жетті. Сүт өндірісі 0,6 пайызға ұлғайып, 379,6 мың тоннаны құрады. Ауыл шаруашылығында өнім көлемінің өсуіне ішкі резервтерді тиімді пайдалану, жаңа жобаларды жүзеге асыру септігін тигізіп отырғандығын айта кетсек артықтығы болмас. Мәселен, соңғы уақытта 111  етті бағытта жұмыс істейтін мал фермасы құрылды. Оның ішінде бағымдағы малы көп Ерейментау ауданында 12, Жақсы ауданында 10, Ақкөл ауданында 9 ферма құрылғандығын айта кетуіміз керек. Мұндай толымды мысал Бурабай, Шортанды, Аршалы, Егіндікөл аудандарында да бар. Етті бағытпен бірге 10 тауарлы-сүт фермасы да іске қосылды. Осылайша өңірде азық-түлік молшылығын жасауға берік қадам жасалып отыр.

Облыс еңбеккерлері ішкі рынокта қол жетімді ауыл шаруашылығы өнімдерін қамтумен бірге Астана азық-түлік белдеуін де сапалы әрі арзан өніммен толықтырып отыруы қажет. Астана қаласының айналасында 29 жоба жүзеге асырылып отыр. Мұның барлығы азық-түлік белдеуінде игілікті молайтуға бағытталған шаралар екендігі түсінікті.

Өңір экономикасын дамытуға 136 мың адам жұмыс істейтін шағын және орта бизнес те өз үлесін қосуда. Облыстың экономикалық белсенді халқының үштен бірі кәсіппен айналысады. «Бизнестің жол картасы» аясында кәсіпкерлікті дамытуға ағымдағы жылы 7,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл үлкен қолдау. Осы орайда 2021 жылы 9 пайыздық өсім болатын болса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш өсе түсті.

Жыл соңына дейін жеке инвестициялар есебінен 192 жоба жүзеге асырылмақ. 4,5 мың жұмыс орны құрылады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 32 пайызға өсті. Жыл басынан бері 570 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осындай қарқынды жұмыс арқылы бес мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бөлшек сауда айналымының көлемі 336,2 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,3 пайыз өсім бар.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 123 пайызды құрады. Қазіргі күні ең маңызды мәселенің бірі азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Бұл орайда облыстық бюджеттен 4,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 1711 тонна азық-түлік тауарлары сатылып алынды. Айналым схемасы бойынша жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын тауарлардың 6 түрі қарызға берілді.

Бүгінгі таңда экономиканың барлық салаларында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып отыр. Бұл орайдағы жоспар 104,4 пайызға орындалды. Бір айта кетерлігі, 13  мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылды. Жылдық жоспар 178,5 пайызға орындалды. Орташа жалақы 23,1 пайызға өсті. Жыл қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері орындалады деген сенім бар.

ҚанатДҮЗЕЛБАЕВ,
Ақмола облысы экономика және бюджеттік
жоспарлау басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар