Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қатаркөлде ірімшік өндірісін өрістеткен кәсіпкер жігіт - АРҚА АЖАРЫ

Қатаркөлде ірімшік өндірісін өрістеткен кәсіпкер жігіт

 Бурабай ауданына қарасты Катаркөл ауылында тұратын Руслан мен Алена табиғи ірімшіктер өндірісімен айналысып, ел алғысына бөленуде.  Соколовтар ірімшіктің 40 түрін өндіреді.  Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық әр мемлекеттің экономикасының негізгі және үлкен кадрлық резерві саналады. Бірақ, қашанда бизнесті бастау қиын. Көп адам жүрексінеді. Тағы бір тобы қолынан осындай іс келетініне, шаруасының дөңгелеп кетеріне күмәнмен қарайды.

Мұндайда алдымен отбасының қолдауы керек. Соколовтар отбасының отағасы Руслан талай жылдан бері ауыр жүк таситын көлік жүргізушісі болып жұмыс істесе керек. Алыс сапарларға шығып отбасын ұзақ уақыт бойы көрмей, напақа соңында талай жыл тер төккені бар. Бірде Германияға барған сапарында  Руслан қолдан жасалған үй ірімшігінің дәмін көріп  тәнті болған. Елге оралысымен, үйде отырып, «Пармезан» ірімшігін жасауға болатындығын айтып, тың идеясымен отбасымен бөліскен. Себебі, отбасылық кәсіп – ортақ құндылық.

– Ірімшік жасау идеясын жүзеге асыру кезінде алдымен анау-мынау емес, бірден бренд болған «Пармезан» ірімшігін жасап көрмек болдық. Әрине, бірден қолымнан келе қойған жоқ. Дегенмен, өте дәмді болып шықты. Дәл сол кезде арнайы білімсіз бір мақсатқа жету бос әурешілік деген пайымға тоқтадық, – дейді Руслан Соколов.

Сөйтіп, Руслан Ресейдің Тверь қаласына жол тартып, сол өңірдегі ірімшік жасауға үйрететін арнайы мектепке түсіп, машықтанады, өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұдан басқа 2020 жылы әлемге танымал итальяндық  ірімшік жасау шебері Симон Манфрединидің сабақтарына қатысып, италияндық ірімшіктерді жасаудың қыр-сырына бойлайды.

«Ізденген жетер мұратқа» деген дана сөз бар халықта. Талпыныс танытып, білімнің тереңіне бойлай білгенге жол ашық. Біліммен қаруланған Руслан бірден өзі діттеген мақсатын жүзеге асыру үшін қолдан келгенін аянбады. Олар ірімшік өндіру үшін алдымен үй алдына жапсарлай шағын ірімшік қайнататын цех салып, оны қажетті жабдықтармен жарақтандырды.

– Ауылда тұрып қажетті шикізат, яғни, сүт қат дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ, қажетті көлемде сапалы сүт табу оңай емес. Оның үстіне сүт сапасы ең басты мәселе. Ірімшіктің дәмді болуының басты себебі, сүт құнарлығында. Қазіргі таңда жақын арадағы Успено-Юрьевка ауылындағы шаруалармен өзара келісім жасап отырмыз. Қазір бизнесіміз өркендеу үстінде. Бұл күнде бір ауысымда 1000 литр сүтті өңдейміз, – дейді Русланның өзі.

Дайын өнімнің бағасы бір келісіне 7500 теңгені құрайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, ірімшіктің 40 түрі өндіріледі. Олардың арасында ешкі сүтінен жасалған ірімшіктерге сұраныс жоғары.

– Ешкі өсірумен көптеп айналысамыз. Ежелден ешкі сүтінің емдік қасиеті бар екендігі белгілі. Содан болар, мұндай ірімшіктерге сұраныс жоғары. Біз ешкі сүтінен ірімшік қана емес, түрлі йогурттар жасаймыз. Табиғи өнімге халықтың ықыласы ерекше, – дейді Алена.

Руслан мен Алена алдағы уақытта өз кәсіптерін кеңейтуді де жоспарлап отыр.

– Мүмкіндік туып жатса, кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, грант ұтып алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.  Кәсібімізді кеңейтуге арнайы құрал-жабдықтар қажет. Біздіңше, кез-келген істен нәтиже шығару үшін алдымен құлшыныс керек. Сенім мен ынта бар жерде ырыс болады, – дейді олар.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Қатаркөл ауылы,
Бурабай ауданы.

 Суретте: кәсіпкер Руслан Соколов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар