Ерейментау аудандық музыка мектебіне – 50 жыл

Ағымдағы жылы Ереймен елінің жұртшылығы 1972 жылы есігін айқара ашқан музыка мектебінің 50 жылдық мерейтойын ерекше атап өтіп, осы елеулі оқиғаға орай салтанатты концерт ұйымдастырды.

Мәдени іс-шараға Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов қатысып, өнер ұжымына алғыс білдіріп, ақшалай сертификат табыс етті. Ол өз сөзінде өнер ордасының дамуына барынша үлес қосқан адамдар жайлы салиқалы пікір білдірді.                                                             

Өнер ұжымының іргетасы қаланған сәтте үш мамандық бойынша білім берілді: домбыра, баян және фортепиано. Кейіндері оның қатарына аккордеон, гитара мен флейта қосылды.Ұжымның алғашқы басшысы А.Попов деген өнерпаз болатын. Ол көзі тірісінде жергілікті мәдениет үйінің орыс халқы хорына ұзақ уақыт жетекшілік жасады.

1994 жылы басшылыққа Алматы консерваториясын үздік аяқтаған Баян Қаратайұлы Өсіпов тағайындалды. Білімді музыкант болғасын ол эстрадалық вокал, сондай-ақ, қобыз бен қылқобыз сыныптарын ашты.Жалпы, Өсіповтер отбасы – Ерейменге ежелден өздерінің әншілік, домбырашылық өнерлерімен таныс әулет. Әке мен шеше әнші болғаннан кейін бұл қасиет балалары мен немерелеріне де қонған.Кеңес дәуірінің өзінде Өсіповтер өнерпаздар жанұясы Алматыда, Целиноград қаласында талай мәрте болып, көрерменнің қошеметіне бөлене білді. Бірі баянда, екіншілері  домбыра мен сазсырнайда ойнаса, Айгүл есімді келіндері ұлттық нақыштағы ел жүрегін елжіреткен әндерді асқан шеберлікпен айтатын-ды.

Өмірдің аты өмір. Уақыт келе бұл өнерлі жанұяның өкілдері дүниеден озды. Ерейменнің жұлдызын жарқырата білген осы бір ағайындарға деген ризалығымыз ерекше зор. Қазіргі кезде музыка мектебіне Қаратай атаның немересі Асқар Жәнібекұлы Өсіпов жетекшілік жасайды. Мерейлі 50 жылдыққа арналған мәдени шарада Ерейментау ауданының әкімі Абай Еламанұлы Әлжанов өзінің құттықтау сөзінен кейін өнер ұжымының жас басшысы Асқар Жәнібекұлына алғысын айтып, арнайы сый-сыяпаттарын жасады.

Қазіргі кезде осы оқу ордасының материалдық-техникалық базасы едәуір нығайған. Бұрынғы үйірмелердің саны өсіпті. Мұнда дәстүрлі ән сыныбы, «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблі, сондай-ақ, жетіген сыныптары жұмыс істеуде.Әсіресе, осы «Ақбұлақ» ансамблінің өресі жыл өткен сайын биіктей түсуде. Меруерт Аманжолқызы Әбілдинова басқаратын жас қобызшылар елдің беткеұстар ұжымына айналып отыр. Олар халықаралық және республикалық сайыстарда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жас ансамбль музыка мектебін бүкіл елімізге танытты десек, артық айтпағанымыз болар.

1998 жылы ашылған дәстүрлі ән сыныбына кезінде Жәннәт Ғаббасқызы Сағындықова жетекшілік жасаса, қазіргі кезде бұл жұмысты Мақсат Байдолдаұлы тамаша жалғастыру үстінде. Олардың шәкірттері республика мен облыста өткен алқалы өнер байқауларында үнемі ең жоғары орындарға ие боп келеді. Ал, ұстаздық жұмысты сәтті бастаған Мақсат Байдолдаұлының өзі де Үкілі Ыбырай, Ақан сері мен Біржан сал атындағы республикалық сайыстарда талай рет жеңімпаз атанды.

Мектеп түлектері жүрек қалауларымен білімдерін жоғары оқу ордаларында да жалғастырып жатыр. Ал, тәмамдағандары республикалық филармониялар мен музыка мектептерінде еңбек етуде. Елге оралып, музыка мектебінде ұстаз боп жүргендері де аз емес.

Мерейлі кеште ұлт-аспаптары ансамблінің жетістігі туралы да біраз орнықты пікірлер айтылды. Жас шәкірттер мен мұғалімдерден құралған домбыра оркестрі шеберліктерін шыңдап, небір күрделі шығармалар мен күйлерді елге тарту етуде. Осы ұжым Көкшетауда өткен ансамбльдер сайысында екі жыл қатарынан бірінші орынды бермей келеді. Оған жетекшілік жасайтын музыканттар Асқар Жәнібекұлы Өсіпов пен Медет Смағұлұлы Жетпісов.

Күрделі композиторлық шығармаларды таңдау, домбыра оркестріне лайықтай білу – үлкен талғампаздық пен шеберлікті талап етеді. Эстрадалық ансамбльдің жұмысы да лезде жанданып, ол жастардың қызығушылығын арттыра білді. Осы бөлімнің жылдам өркен жаюына әуел бастан-ақ Айнұр Сапарқызы Рүстемова көп еңбек сіңірді. Өсіп шыққан талантты шәкірттерінің біразы өнер академияларында, сондай-ақ, колледждерде оқуларын жалғастыруда.

Музыка мектебінің балалар хоры да жұртшылықтың ризашылығына бөленіп келеді. Қазіргі кезде жас таланттардың бұл ұжымын Шынар Талғатқызы Жұмабаева басқарып отыр. Бәрі жоғары білімді жергілікті мамандар және осы ұстаздар ұжымының 90 пайызын құрап отыр.Шетелдерде, сондай-ақ көршілес облыстардың өнер ұйымдарында еңбек етіп жатқандары да аз емес.

Мысалы, Алматының Жүргенов атындағы өнер академиясында джаздық эстрадалық вокал сыныбында дәріс беріп жүрген Зұлфия Смағұлова Ерейментау музыка мектебінің түлегі болып табылады.   Өнерді өмірлік мамандығына айналдырған Асқар Жәнібекұлы Өсіпов тек қана күйші емес, ол музыкалық тамаша әндер шығарып жүрген сазгер де. Біраз шығармаларының ішінен ерекше рухты әрі патриоттық сезімге толы әні – халық қаһарманы, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін тамаша ерлік жасаған – қазақ әскерінің қолбасшысы болған атақты Бөгенбай батырға арналыпты. Түрлі кештерде, мерекелік концерттерде жиі шырқалатын бұл әнді халық шынайы мақтанышына айналдыра білген. Өнер қонған әулеттің бүгінгі белді өкілі Асқар Жәнібекұлы Өсіповтың алға қойған мақсаттары көп. Біз оған шын ниеттен тек қана сәттілік тілейміз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар