Біздің мұғалімдер әулетінің еңбек өтілі 160 жыл

Өмірде бір ғана мамандыққа артықшылық берген әртүрлі әулеттер болады. Осылайша дәрігерлердің, құрылысшылардың, музыканттардың әулеттерін кездестіреміз. Мұғалімдердің де отбасылық әулеттері бар. Міне, мен дәл осындай әулеттен шыққан жанмын. 

Менің ата-анам, ағам, апам, сіңілім, жиендерім – бәрі де мұғалімдер. Есептей келгенде, біздің отбасымыздың жалпы педагогикалық өтілі 160 жылдан асады. Мұғалім болу – бұл тағдыр. Ұстаздар жүректерін отша жандырып, шәкірттерін жан жылуымен жылытады.

Менің анам Биғайша Қасымова 1954 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік бітіріп, сол кездегі Целиноград облысының Атбасар қаласына жіберілді. Әкем Шәкен Әбілдаев сол жылы Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану ғылымдары факультетін аяқтап, тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары комсомол жолдамасымен оңтүстіктен Атбасарға келіпті. Міне, дәм осы жерден бұйырған. Көп ұзамай екеуі кездескен.  Жас, әдемі, қуат пен күшке толы, бір-біріне ғашық болып, үйленген.

Әкемнің бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін байқап, басшылық оны бірден оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры етіп тағайындапты. Бірер жылдан соң ол облыстың басқа мектептеріне жіберілді. Торғай облысының Жақсы кентінде, Терісаққан ауылында, Целиноград ауданының Шалқар білім ошағында жұмыс істеді. Қай мектепте жұмыс істесе де, білім ошағын көтеріп, алға шығарды. Бірнеше рет жемісті еңбегі үшін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Анам адал серігі ретінде, барлық жерде бірге жүрді және математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.

Мұғалімдердің жетіспеушілігіне байланысты аптасына 36 сағат дәріс оқып, шәкірттері үлкен нәтижелерге қол жеткізді.  Өкінішке орай, анам ерте қайтыс болды. Ол әлі де көп нәрсені істей алар еді. Небары 42 жасында өмірден озды. Осындай қысқа мерзімде де ол өз бойындағы мамандығына құлай берілген іңкәр сезімін жалпақ жұртқа ұқтырып, білім саласына мол еңбегін сіңіріп үлгерді.

Біздің отбасымызда алты бала болды. Анам қайтыс болғаннан кейін барлық жауапкершілік әкемнің мойнына жүктелді. Әкем бізді жалғыз өзі тәрбиелеп, жоғары білім әперді. Біз ата-анамыздың ізімен жүрдік. Апам Жаннат Шәкенқызы Әбілдаева 1983 жылы Целиноград қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетін үздік бітірді.

Еңбек жолын Ерейментау қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейін Көкшетау қаласының №8 мектебінде жұмыс істеді. Оның бойындағы мейірімділік, қамқорлық қасиеттерін мыңдаған оқушылар айқын сезініп, алдынан түлеп ұшты. Жаннат Шәкенқызы құрметке лайықты, шебер педагог. Оның жұмысы шынайы шығармашылықтан тұрды. Балаларға берген сабақтары шындық, мейірімділік пен сұлулық сабақтары болды. Апам сабақта балалар әр түрлі сезімдерді сезінуі керек деп есептейді: таңқалу, таңдану, мұғаліммен және жолдастарымен бірге қуану.

Апамның жетістігінің кепілі өзіне қоя білген жоғары жауапкершілік еді. Өзін-өзі қамшылап, жан жүрегімен сүйіп таңдаған, өмірінің мағынасына айналған педагогикалық қызметке шығармашылық көзқараспен қарай білді. Оқушыларымен, олардың ата-аналарымен қоян-қолтық араласа отырып, қажырлы жұмыс істеді. Осындай еңбегінің нәтижесінде тәрбиелеген оқушылары қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда жетістіктерге жетіп жүрді. Апамның қызы Анара Нұрахметова педагогикалық еңбек өтілі мол әулеттің үшінші буыны. Ол Абай атындағы ҚазҰПУ-ды хореография мамандығы бойынша бітіріп, Астана қаласында би ұжымын басқарады. Бұл да ұрпақтар сабақтастығын көрсетсе керек.

Менің сіңілім Айман Шәкенқызының алдында да өмірден өз жолын таңдаған сәтінде «болашақта кім боламын?» деген сұрақ туындаған емес,  орта мектепті аяқтаған соң «анам мен әкем тәрізді ұстаз боламын» деп шешті. Сөйтіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін география мұғалімі мамандығы бойынша ойдағыдай бітірді. Қазір осы университеттің география кафедрасында еңбек етеді. Айман Шәкенқызы сауатты маман, әдепті, сыпайы ұстаз. Оқыту әдістемесін жақсы меңгерген, студенттер мен әріптестері арасында зор беделге ие. Жақында ол география ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

Ағам Болат Шәкенұлы Әбілдаев 30 жылдан астам уақыт бойы Ерейментау ауданына қарасты Еркіншілік ауылындағы жалпы білім беретін мектепте технология пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етіп келеді. Болат Шәкенұлы әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, қабілетін дамытуды мұқият қадағалайды. Өйткені, еңбек сабағы шығармашылықты қажет ететін пән. Еңбекке баулу кабинеті – бұл жай ғана кабинет емес, тұтас шығармашылық шеберханасы. Ал, сабақта білім алып отырғандар тек оқушылар ғана емес, болашақ жобалаушылар, инженер-конструкторлар. Ата-аналар, оқушылары мен әріптестері ағамды жоғары білікті мұғалім, тәлімді тәрбиеші ретінде біледі.

Осы мектепте жиырма жылдан астам мен де еңбек етіп келемін. 1989 жылы мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл технологиялық институтына оқуға түсіп, тігін бұйымдарының инженер-технологы мамандығын алдым. 2001 жылы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде биология мұғалімі мамандығы бойынша екінші жоғары білімге қол жеткіздім. Содан бері осы мектепте алдымен биология пәнінің мұғалімі, ал, 2016 жылдан бастап мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істеймін. Бойымда жақсы қасиеттер болса, ол ең алдымен ата-анамның, сол кісілердің үлгілі отбасыларының әсері. Ата-аналар – біздің бүкіл өміріміздің тірегі. Біздің әулетте мұғалім болу біз үшін тек осы мамандықты меңгеріп қана қою емес, бүкіл өміріміздің салты мен мәні, ақыл-ойымыздың бір мақсатта тоғысуы.

Менің түсінігімде мұғалім –  педагог және тәрбиеші, психолог. Мен күн сайын мектепке бара жатқанда, алдыма жоспар құрып, оның жүзеге асарына сеніп, нәтижесін күтемін. Әр сабақты жай сабақ емес, диалог сабағы, саяхат сабағы, зерттеу сабағы, ойлау сабағы түрінде өткізуге тырысамын. Тек осындай сабақтарда балалар  сыни ойлай алады, талдайды, салыстырады, рухани өседі.

Мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыларға адамзаттың ең жақсы идеяларын жеткізу, оларды рухани байыту, өз бетінше ойлауға үйрету. Бұл үлкен ақыл-ой күшін, адамгершілікті, балаларға деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Біз, мұғалімдер адамдарға жеткізетін жақсылық, даналық пен мейірімділіктің ақиқаты  мәңгілік болатынындай, ұстаз мамандығы да мәңгілік.

Біздің отбасымызда ұстаз мамандығы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, әлі күнге өз жалғасын табуда. Бұл жай ғана бізге үлкендерден қалған кәсіп емес, бұл – тағдыр, өз өмір жолымызда жас ұрпаққа білім беруді таңдап алған бәріміздің ортақ тағдырымыз. Біздің педагогикалық әулетіміздің барлық өкілдері игі бір іске – балаларды оқыту мен тәрбиелеуге жұмылған. Мен де осындай ортадан шыққанымды мақтан тұтып, оның жауапкершілігін өз кәсібімді сүюден сезінумен келемін.

Шолпан БАЙТАСОВА,
Еркіншілік ауылының жалпы білім беретін мектеп
директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар