«Прокуратура туралы» Конституциялық заң талқыланды

Жуырда Ақмола облысы прокурорының орынбасары Ж.Б.Бердіқұловтың төрағалығымен «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Конституциялық Заңының негізгі ережелерін талқылау бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстел отырысына құқық қорғау, арнайы органдардың өкілдері, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрайымы, облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары қатысты.

Отырыс барысында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының негізгі ережелері, сондай-ақ, ерекшеліктері талқыланды.

Іс-шараға қатысушылар атап өткеніндей, бұл заң, ең алдымен, прокуратура органдарының құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен тәртібін белгілейді.Атап айтқанда, бизнестің мүдделерін қорғау мақсатында прокурорға мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар тарапынан олардың қызметіне араласқан жағдайларда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қарау құқығы берілді.

Жалпы, «Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заңның қабылдануы прокурорлардың азаматтардың, мемлекеттің және шаруашылық субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы құзыреті мен мүмкіндіктерін кеңейтетіні сөзсіз.Бәріне белгілі, прокуратура органдарының жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі адам құқықтарын қорғау болып табылады.

Ақмола облысының прокуратура органдары облысымыздың 20 ауданында және 230 ауылдық округінде кең ауқымды «Заң керуені» акциясын өткізді. Бір айды қамтыған осы акция барысында ақмолалықтардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында прокурорлар қолданыстағы заңнама нормаларын, қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтауды, оның ішінде заңсыз шерулерге (митингілерге) жол бермеу жөнінде түсініктемелер берді, қаржы пирамидаларынан және интернет-алаяқтықтан сақтану шараларын таныстырды. Прокуратура қызметкерлері уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Әділетті жаңа Қазақстанды құру, осы жолда заң және құқықтық-нормативтік актілерді ізгілендіру жолындағы жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін береді деген сенім бар. Бүгінгі таңда заң жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға байланысты қоғамда әділеттіліктің, шындық пен ақиқаттың салтанат құруы бір күннің немесе бір сәттің шаруасы болмаса да, жаңа сапалы өзгерістердің болатындығынан үміт мол. Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңы өзінің негізгі ережелері бойынша бүгінгі таңда елімізде қолға алынып жатқан талап мүддесіне сай келеді. Дөңгелек үстелге қатысушылар ендігі міндет осы жаңа заңның дұрыс орындалуы екендігін баса айтып, оның нақты жолдарын өз ой-пікірлерінің басты арқауы етті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар