«Елім деп соққан жүрегі…»

Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасы ұйымдастырған «Елім деп соққан жүрегі…» атты еске алу кеші Қазақстанның құрметті журналисі, ақын-жазушы Мәтен Бижановтың 85 жылдығына арналды.

Журналистиканың жампозы Мәтен Өтешұлы Бижанов 1937 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданы Қарабұлақ ауылында дүние келген. Қарымды қаламгер, журналист, жазушы-ақын Көкшетау педагогикалық институтын тәмамдаған, кейін Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын Зеренді аудандық «Социалистік жол» газетінде корректор болудан бастаған. 1962-1970 жылдар аралығында аудандық «Қызыл ту», облыстық «Көкшетау правдасы» газеттерінде жұмыс істеген. Бұрынғы Торғай  облысы тұсында «Торғай таңы», кейін Көкшетау облыстық «Көкшетау» газеттерінде редактор  болған, 2001 жылдан бастап өңірлік тәуелсіз «Бұқпа!» газетінде бас редакторлық қызметті абыроймен атқарды. Шығармашылығына үңілер болсақ, Мұрад Аджидің «Қыпшақтар» кітабын қазақ тіліне аударған. Әр жылдары жарық көрген «Ескі дәптер», «Ой-көкпар», «Ой-тұтқа», «Ой-толғақ», «Ой-тұмар» «Ақбұлақ»,  «Көкжелке» атты кітаптары келер ұрпаққа үлкен мұра.

Тағылымы мол, ғибратқа толы мазмұнды да мағыналы кешке Мәтен Өтешұлының бірге қалам ұстаған әріптестері, жақын араласқан туған-туыс, дос-жарандары, зиялы қауым өкілдері және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Еске алу кешін Мәтен Бижановтың шәкірті әрі қаламдас інісі, ақын-жазушы, журналист, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев ашып, Мәтен Өтешұлының шығармашылық қырын, адамгершілігі мен кісілік қасиеттерін, ағаға ізетті іні, ініге ақылман аға, досқа адал, туысқа бауыр бола білген азаматтық келбетін ақтарыла айтты.

–Мәтен ағамыз үлкен журналист, екі облыстық газеттің бас редакторы болған, азаматтылығы мықты қаламгер, сатирик жазушы, ақын еді, бірақ, өзін негізінен журналист санайтын. Осы өңірдегі көптеген журналистердің ұстазы, менің де ұстазым еді. Алғашқы бітірген университетім ҚазМУ болса, Мәтен ағаның тәлім-тәрбиесі менің екінші университетім деп санаймын. Мәтен аға қаламына да, айтқан сөзіне де адал азамат еді. Аузында елдің сөзі, жазатыны тек шындық пен адалдық болды. Сондағы менің таң қалатыным, ол кісі талай жылдар социализм мен коммунизмнің сойылын соққан газеттерде редактор, партияның белді идеологы бола тұра, ұстанымы мен көзқарасы, айтары мүлде басқа, жаңаша бағыттағы аймақтық тәуелсіз «Бұқпа!» газетін қалыптастырып, үйіріп әкеткені.  Өмір бойы істеп келе жатқан жұмысын, бағытын елдің қамы үшін өзгерте алды. Бұл оның ұлтқа, халқына деген сүйіспеншілігінің, адалдығының, азаматтығының айғағы деп білемін. Қыстың күні басына папахасын, үстіне қара пальтосын киіп, қолына қара портфелін ұстап, редакцияға кіріп келе жатқан бейнесі маған Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновты елестететін. Себебі, ол кісінің көздегені де ұлт қамы еді, – дей келе, Серік Сапарұлы Мәтен Бижановқа арналған «Кешіргін кей сөзіңді тыңдамасам» атты өлеңін оқып берді.

Сонымен қатар, кеш барысында Мәтен Өтешұлының жары Жаңыл Мейрамқызы, досы Сайлаубай Ибраев, журналист замандастары Сайлау Көшкенұлы мен Балталы Сәрсенбаев сөз сөйлеп, қаламгермен сыйластықтары мен достықтары, әріптестік-жолдастық ара қатынастары жайында әңгіме өрбітті. Осы ретте, Балталы Сәрсенбаев ағамыз Көкшетау қаласында «Қаламгерлер аллеясын» жасауды, қалалық кітапханалардың бірінде Мәтен Бижановтың атындағы орталық ашуды ұсынды. Белгілі ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалым, бір кездері «Бұқпа!» газетінде еңбек еткен Ерболат Баят өз кезегінде Мәтен ағамызбен қалай танысқаны, өзіне көрсеткен ағалық қамқорлығы мен сол бір кезеңдердегі қызықты оқиғаларды ерекше әсерлі әрі қызықты етіп, айтып берді.

–Мәтен ағамыздың бір қасиеті сол – ол кісінің туған жеріне деген асқан сүйіспеншілігі мен махаббаты ерекше еді. Бір күні жұмысқа келсем, Мәтен ағам көңілсіз, жыларман болып отыр екен. «Аға, не болып қалды?», – деп сұрап едім. «Қасқатауым өртеніп жатыр екен», – деп көзіне жас келді. Мәтен ағаның туған жеріне арналған «Қасқатау» деген поэмасы да бар, –деп түйіндеді қаламгер.

Кеш барысында жиналған қауымға Мәтен Бижанов туралы бейнеслайд пен бейнесюжет, кітаптары қойылған танымдық көрме ұсынылды және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультетінің студенттері ағамыздың өлеңдерінен үзінділер оқыды.

Ботакөз ТӨЛЕПБЕРДІ,
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар