Ақмола облысында жыл басынан бері азық-түлік бағасы 23,3 пайызға қымбаттады. Сонымен қатар, өңірдің базарлары мен сауда нүктелерінде тауарлардың бағасы нормадан асырылғаны туралы фактілер анықталған. Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаның өсу себептері мен оларды шектеу жолдары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарттық алаңында өткен брифингте айтылды.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахманов атап өткеніндей, жыл басынан бері күріш бағасы 28,7 пайызға, ұн — 20,1 пайызға, қарақұмық жармасы — 23,8 пайызға, нан — 41,1 пайызға, макарон өнімдері — 14,7 пайызға, сиыр еті — 14,5 пайызға, тауық еті — 21,4 пайызға өсті, ал, сүт — 20,1 пайыз, айран — 24,4 пайыз, сүзбе — 3,9 пайыз, жұмыртқа — 34,6 пайыз, сары май — 18,6 пайыз, күнбағыс майы — 10,2 пайыз, пияз — 40 пайыз, сәбіз — 0,8 пайыз, қант — 68,1 пайыз, тұз — 5,1 пайызға өсіп отыр. Көріп отырғанымыздай, осы тізімдегі өнімдердің біразы Ақмола облысында өндірілсе де, баға шарықтап тұр.
–Баға өсуінің негізгі себептері шикізатқа, жемге, жанар-жағармай материалдарына, техникаға және оның қосалқы бөлшектеріне, жабдықтар мен жинақтауыштарға, сондай-ақ, ветеринариялық препараттарға, премикстерге шығындардың ұлғаюына байланысты. Тауар өндірушілері осы себептерге байланысты сату бағасын өсіріп отыр. Облыста инфляция қарқынын төмендету мақсатында өнім өндіру көлемін ұлғайту, сыртқы сауданы реттеу, монополияға қарсы ден қою және бірқатар жүйелі жұмыстарды көздейтін шаралар кешені іске асырылып жатыр, – деп түсіндірді Жаслан Айдрахманов.
Бағаны тұрақтандыруға облыстық бюджеттен барлығы 4,2 миллиард теңге, оның ішінде «айналым сұлбасына» 3,7 миллиард теңге бөлінді. Жыл басынан бері «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорына 1 711 тонна өнім жеткізіліп, 2 мың тоннадан астам тауар сатылды. Тауарларды сату аймақтың 45 сауда нүктесі арқылы жүзеге асырылады. Жалпы, облыста тауар қоры жеткілікті. 650 тоннадан астам өнім бар және форвардтық сатып алу шеңберінде 4268 тоннаға келісім-шарт жасалды. Жыл басынан бері өндірушілермен және сауда объектілерімен бағаны тұрақтандыру туралы 1069 келісім-шарт жасалған. Бірақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өсу деңгейі мен қарқынын ескере отырып, жергілікті органдардың оларға бағаны ұстап тұру жөніндегі мұндай шаралары тиімсіз болып қалуда. Кейбір кәсіпкерлер азық-түлік бағасын белгіленген нормадан асырып жатыр.
–Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының екі зауытының сүт өнімдеріне бағаның бір мезгілде көтерілуі анықталды, материалдар бәсекелестікті қорғау агенттігінің департаментіне жіберілді, қазіргі уақытта осы субъектілерге ҚР Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарламалар жіберілді. Сондай-ақ, Аршалы ауданының көтерме жеткізушісі тауық етін сату кезінде сауда қызметі саласындағы заңнаманы бұзу белгілері анықталды, материалдарды аудан әкімдігі қарайды. Екі құс фабрикасына – «Қазгер-Құс» ЖШС және «Ақкөл-Құс» ЖШС-ына департамент монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды тоқтату туралы хабарлама жолдады. Бұған дейін ірі көтерме жеткізушілердің бірі қантты сату кезінде сауда үстемесінің асып кету фактісін анықтаған болатын, Көкшетау қаласы әкімдігінің тексеру нәтижелері бойынша кәсіпкер ескерту түрінде жауапкершілікке тартылды. Тексеру нәтижелері бойынша 27 кәсіпкерге қатысты әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін және 3 нарық әкімшісіне қатысты сауда саласындағы заңнама нормаларын бұзғаны үшін ескерту туралы қаулы шығарылды, – деп атап өтті Жаслан Айдрахманов.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан басқа да шаралар туралы айтып берді. Осы мақсатта азық-түлік тауарларын өндірудің оң үрдісі жалғасып жатыр. Жыл басынан бері өңірде 170 мың тоннадан астам ет, 380 мың тоннаға жуық сүт, 675 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Міне, осы тұста туындайтын сұрақ, неліктен кең көлемде ет, сүт және жұмыртқа өндіретін аймақта олардың бағасының 20-дан 34 пайызға дейін тез және айтарлықтай жоғары бағаға өсуі байқалады. Өкінішке орай, шенеуніктер нақты жауап бере алмады. Бірақ олар жалпы алғанда, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 12-сі өндірілетінін айтты. Олар бағаны тұрақтандыру және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін барлық шаралар қабылданып жатқанына сендірді.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.