Баспадан көкшетаулық қаламгер Ғалихан Ахметовтың «Сегіз сері» романы жарық көрді. Бұл – автордың қазақтың ән өнеріндегі игі жақсыларына арналған үшінші көлемді туындысы.
Сегіз сері халқымыздың тарихында, мәдениеті мен өнерінде ерекше орын алатын тұлға. Бүгінгіге дейін төл әдебиетімізде тарихта болғанының өзі әртүрлі пікір туғызып келе жатқан Сегіз серіні әдебиеттанушы ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз да назардан тыс қалдырмай, үлкенді-кішілі небір еңбектерін арнаумен келеді. Бұл осы тақырыптың өміршеңдігі, атақты өнер иесі, тұғырлы батырдың ұлтымыздың арғы-бергі өткен-кеткенімен бірге жасасуы дер едік.
Осы орайда, қаншама уақытын сарп етіп, талай күндер мен түндер көз майын тауыса отырып, төл өнеріміз бен мәдениетімізде алар орны ерекше болғанымен, өмірінің өзі сан-саққа жүгіртіліп келе жатқан Сегіз сері туралы роман жазып шыққан көкшелік қаламгер Ғалихан Ахметов туралы қандай жылы лебіз білдірсек те артық емес. Сегіз сері жайында қазақтың классик жазушылары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтан бастап бірталай әдебиет өкілдері қалам тербеп, өз пікірлерін білдіріп, оң бағасын бергендерімен, көркем дүниенің бір кем орнын осы Ғалихан бауырымыз толтырмаққа талпыныс танытса, ол да зор батылдық.
Батылдық қана емес, қаламгердің осы тақырыпты игере аламын-ау деп өз шығармашылық мүмкіндігіне кәміл сенген қабілет-қарымы. Халқымыздың тарихы, оның бетке ұстар біртуар тұлғаларының өмірінен көркем туынды жазу оңай-оспақ шаруа емес. Ғалихан Ахметов бұл жауапкершілікті бұрыннан-ақ сезіне білген, әрі оған біздіңше, қалам қуаты, суреткерлік қыры, ой-машығы мен талант-талғамы жететін қаламгер. Бұл сөзімізге автордың осыдан бес-алты жыл бұрын баспа жүзін көрген, алты кітаптан тұратын кең полотнолы «Біржан сал» романы куәлікке әбден жүретіндей. Одан кейін Ғалихан «Үкілі Ыбырай» романын жазды. Сөйтіп, қазақтың өнер көгіндегі айтулы тұлғаларымыздың көркем сөзбен көлемді бет-бейнесін жасауда біршама шығармашылық табысқа жетті.
Енді міне, бірінен соң бірі жарық көрген осы қос романымен өзінің кең тынысты, көлемді де кесек дүниелерге еркін қалам сілтесін аңғартқан жазушы тағы бір күрделі, екінің бірі дәті жетіп, бара алмайтын тарихи-өнер тұрғысындағы «Сегіз сері» романына қол артып отыр.
Шығарма ә дегеннен, Сегіз серінің шыққан ортасын, атасы Шақшақтың, одан өрбіген жеті ұлдың ел ішіндегі беделі мен берекетті істерін, өнер қуған қадір-қасиеттерін оқырманға жеткізіп, айшықтай түсуімен өрбиді. Бұл – осындай дүниелердегі өзін-өзі ақтайтын ұтымды тәсіл. Өйткені, қай туындының болсын, әу бастан жұмбақ шешкендей бұлдыр емес, түсінікті, байыпты түрде бастау алып кетуі оқыған жанның ұғымына да жеңіл, ыңғайлы келетініне сөз бар ма.
Осылай бірте-бірте Сегіз серінің әкесі Баһрамға, оның ой-көзқарасына, айналасына ойысатын, кітаптағы бас кейіпкер Мұхамедқанапияның (Сегіз сері) образына көшіп, бала кезінен бойына қонған өнер, күрескерлік өркендерін туып-өскен ортасымен тығыз байланыстыра суреттейтін қаламгер нені сипаттамасын, сол кез бен сол қоғамның, отаршылдардың өзіне сұғына кіруімен іштен бұлқынып жатқан қазақ даласының бар тыныс-тіршілігін тарихи тұрғыдан да қалыс қалдырмауға күш салған.
Кім қалай десе де, Сегіз сері тарихта болған, аз ғұмырында батырлығы, әнші-күйші, ақындығы, сазгерлігімен соңында үлкен із қалдырған тұлға. Күрескерлігі, мергендігі мен палуандығы өз алдына. Осындай тарихи адамның көркем бейнесін жасап, оны роман деңгейінде кестелі сөзбен суреттеп шығу үшін әрине, автордың қолында арқа сүйер дерек-дәйектердің белгілі бір қоры болуы керек. Бұл ізденістерін бізге бұрынғы шығармаларынан да таныс өзіне тән құрылымы мен сюжеті, суреттеу шеберлігімен берік ұштастыра отырып, қаламгер осынау туындысын жазардағы діттеген ойына жете білген деген қорытындыға келуге болады.
Сегіз сері тағы да қайталап айтсақ, қазақтың әлеуметтік-қоғамдық болмысында сөз де, қол да бастаған ерекше құбылыс. Оны әйгілі Біржан сал да «ұстазым» десе, Балуан Шолақтың да «жігіттер өнер қусаң, Сегізге ұқса» деген аталы сөзі бар. «Қазақ сал-серілерінің атасы» деген теңеу де осы Сегіз серіге қарата айтылған. Осының бәрін ескере келгенде, Сегіз сері сынды бесаспап өнерпаздың өмірі мен шығармашылық жолын, сонау Сыр бойындағы күрескерлік қырларын, сүйіспеншілік сезімін, жалпы, оқшау тұлғасын суреттеу үшін авторға шұрайлы тіл, дерек пен дәйек те, соның бәрін шебер қиыстыратын қаламгерлік кең тыныс, күш-қуат та керек болғаны анық. Бұрынғы кітаптары және осы романынан да байқалатынындай, оған Ғалихан Ахметовтың шығармашылық әлеуеті толық жеткен. Әсіресе, автордың оқиғадан соң оқиғаны шебер үйлестіріп, ішкі иірімі, қанық бояуымен кең қамтып, соны суреткерлік тұрғыдан оқырманына дәмдеп ұсына білуі көрер көзге де, сезер көңілге де айқын аңғарыла түседі.
Қаламгердің келесі назар аудартатын тұсы деп тілінің мәйегін, бұл күнде архаизмге айналып кеткен көне сөздердің сөздік қорында мол екенін, олар да шығарманың өн бойына әр, ажар беріп тұрғанын айтсақ керек.
Әдебиетте Сегіз серідей оқшау образдың шым-шым тылсымына бойлап, халықпен бірге жасасып келе жатқан осы бір сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздың өзіндік бейнесін жасау тұрғысында көп тер төккен, сол кездің дәуір тынысын танытып, тарихи қатпарына үңілмекке ұмтылған қаламы жүрдек жазушыға алдағы шығармашылық ізденістеріне де сәттілік тілейміз.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.