Асаба болу кәсіп пе, нәсіп пе?!

Әйтеуір, заман қанша қысқанымен, қазір әркім әрқилы тұрмыс құрып, тіршілік етуде десек артық айтқандық емес. Оның үстіне ауылдық жерлерде болсын, орталық кенттерде болсын, бүгінде не көп, ойын-сауық, той-домалақ көп. Ал, «Той болса, қу бас та домалайды» демекші, мұндайда кілең ығай мен сығайың, қазақшалап айтқанда ет жақын ағайын-туғандарың, төс қағып, кеуде түйістірген құда-жегжаттарың, күнделікті араласып-құраласып жататын көрші-көлемдерің, жора-жолдастарың жиналатындығы хақ.

Міне, тап осы тұста, әpi кеткенде оған дейін көпшілік жұрт той басқарушы асабаны, біздіңше тамаданы іздейді. Өйткені, ішім-жемінен басқа тойдың жақсы, әсерлі өтуі көбіне-көп музыкант пен асабаға байланысты. Бұған әрине, «спецзаказ» болмаған күннің өзінде күнкөрістің қамымен иығына фотоаппаратын асынғанды, қолына видеокамераны ұстағанды қоспай-ақ қойыңыз.

Ауылдағыларды қайдам, қaзip мына қалаңда ғана бәлен «тамадаң» бар екен. Оған деймін-ау, таяуда елдегі ағайындардың бірінің тойын өткеріп қайтқан біздің көзіміз анық жетті. Бұрын айтып қоймасаң, сомасын асыра көрсетпесең, бұларың тым-тым «дефицит» екен және өзі. Көзбе-көз жүздесіп, сөйлескенің де, телефон шалып трубкада тілдескенің де, өзді-өзінше ыңырсып, «бізді бәлені күні Бәленшебаев занять етіп қойып еді, әйтпесе, түгені күні Түгеншеев аузымызды алып, алдымызды орап, тең­ге, долларын бepiп қойып еді», деп ырғалатындықтарын қайтерсің.

Бәрін тізбелеп қайтейік, ауылдағысы болсын, қаланыкі болсын, көпшілік қауымның ұзын-ырғасы жиналып біткен сәттен-ақ қолындағы қағазына, ұзақ-сонар жазылған тізіміне қарап алып, сөз бастайды дерсің. Және өздері жарты сағат, әрі кетсе 40-45 минут әлгі тост берер адамның бар қасиетін, лауазымын, атақ-даңқын тізбелеп, жиналған жұртқа тамағын уақытылы ішкізбейтіндігін не етерсің? Осы арада күлкілі болса да, өзім көрген бір жәйтті еске алғым келіп отыр.

Әдеттегідей екі жақтан «құдалық» жүріп жатқан. Құдалық болғанда да қысқы соғым-омыртқаға шақыру рәсімі-тұғын. Жолдас жігітім жайшылықта сөзге қара жаяу болмаса да, өзінше жаңалық енгізген боп, тамада жалдапты.

Өзді-өзі күбірлесіп өзді-өзі мәжілістесіп отырған әлгі ағайындар дастарханға дәм жасалып, енді жайғаса берген тұста әлгі сөз бастасын ал келіп. Не аяғы, не басы жоқ ұзын-сонар терме термелеген жыршыдай, тіпті тоқтау жоқ өзінде. Арасында күлдірген боп әзіл-қалжың, анекдотсымақ та айтып қояды. Tіпті, тост көтеріп, тілек айтқысы келген жұрттың аузын қағып, сөзін іліп әкете бергеніне әбден қан қайнады. Бірақ жоқ жерден ілік шығарып, астың берекесін кетірерміз деп, ішімізден «тәк, тәк» деп әрең шыдап отырмыз. Ет желініп, дәм қайырылып, үзіліске шыққан сәтте үй иесіне:

– Әй, қарағым, өзге жұртта ауыз жоқтай, не екіауыз сөздің басын құрай алмайтындай, мынауың кім өзі! – дедім әбден дымым құрып.

– Қайт дейсің, үйдегі бәйбіше, бір қызық болсын, тамада жалда деген соң істегеніміз ғой баяғы, – деп қысылып жатыр әлгім.

Солайы солай-ау, бірақ кейбір асабалардың әлгінде сөз еткеніміздей, тіпті мейманасы асып, барар жеріне, барар тойына дейін таңдап, талғап баратындықтарын да естіп жүрміз, көріп жүрміз. Анада бip мерейтойға шақырылған мейман ретінде қатысқанымызда, алдын ала келіскен асаба жігіттің уақытында келмей қалып, қаншама халықтың сеңдей соғылысып, тосып, әуре-сарсаңға түскендіктерін де білеміз. Артынан естісек, сол «тамадамыз» қалтасы қалыңдау, шені жоғарылау әлдебір ағамыздың тойын жүргізіпті сол күні. Масқара-ай!..

Ерсі болса да айтайық, тіршілік иесі – пенде болған соң, адам өмірінде кездесіп жататын үйлену тойларында асабаларымыз қайтеді дейсің ғой. Құда жағы келген сәттен-ақ бұрынғы кәде бойынша арқан тартып, шашу шашылған соң, келіннің бетін ашу рәсімі басталады ғой. «Жар-жар» айтып тұрған көптің көзінше асабамыз «Беташарды» бастады дерсің-ай келіп. Және ол қуларың тойдың сәнін келтіру емес, өз құлқын қамы – қалталарын толтыру үшін ұзақ-сонар, тым-тым созып айтатындықтарын қайтерсің. Ара-арасында «сәлем берген қайнағаларың ақшасы болмаса, саусаққа сұққан сақиналарын, не басқасын тастасын» деп қақсайды тағы.

Сөйтіп, «Беташарды» айтқан асабаңның табаққа, не тәрелкеге жиналған бар ақшаны тәмам жұрттың көзінше өз жанқалтасына салып алып жататындықтарын да байқап жүрміз. Әйтеуір, тойға барған соң, тойға әдейілеп апарған соң ондай асабалардан ешкімнің және ештеңесін аямайтындықтары да белгілі. Мұны әбден біліп, тақыстанып алған бұл қуларың әр тостың арасында ақаңнан да, басқасынан да сыңғытып алып, ақырында той аяқталар, аяқталмастан, жастар жағына магнитофондарыңды қой да, билей беріңдер деп, үй иесінен тиесілі ақшаларын алып алған соң, тайып тұратындықтарын қайтерсің-ау дейміз.

Және жәй кеткендерімен қоймай, ішуін ішіп, жеуін жеп, «Беташардан» түскен, асабалық еңбегіне алған ақшаны месе тұтпай, тойдан сарқыт деп оны-мұныны тағы сұрайтындықтарын не деуге болады?! Бәлкім, мұнымыз ұсақтық та, ерсілеу де болар, бірақ, онсыз да ашылып-шашылып, бар жиғанын, бар тергенін осы тойына сарқып салып отырған үй иесіне мұның өзі де тиын-тебенін, бәрі-бәрісін қосқанда, аз да болса ауыртпалық түсірмей ме?

Айта берсек, ауыздарын апандай ашқан кейбір асабалардың бұдан басқа да қомағайлық одағай көріністері жетерлік. Сондайда анда-мында той өткізіп, өткізген тойда «өз еңбектерімен» қалталарына мол ақша түсіріп жүрген асабаларды көргенде, не жұмыс таппай, не айлап, жылдап жалақы алмай, тентіреп жүрген өз ағайындарымыз еске түсіп, өзіңнің де асаба боп кеткің келеді. Ендеше, дейміз-ау, асаба болу кәсіп пе, әлде нәсіп пе? Сіз не дейсіз, бұған оқырман қауым?..

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар