Өткен жылы аудан экономикасын дамытуға 8 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Мұның өзі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға игі ықпалын тигізді.
Жеке инвестиция есебінен 9 жоба жүзеге асырылуда. Толық аяқталған кезде игілігін ел көрмек. Жаңа жобалар жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрақты табыс табуына ықпал етуде. Бұл әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды түзеуге де септігін тигізеді. Қазірдің өзінде ауданда сексенге жуық жұмыс орны ашылып отыр. Инвестиция серпіні өндіріс көлемін ұлғайтып, аудан бюджетін толықтыруда. Бұл өңірде ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Аудан диқандары облыс бойынша үздік нәтижеге қол жеткізді. Сапалы астық жиналды. Өндірілген өнім көлемі 74 миллиард теңгенің шамасында. Инвестиция инфрақұрылым мәселелерін де шешуге оң ықпал етуде.
Балкашин ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Урожай» стадионын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 344 миллион теңге қаражат бөлінді. Каменка ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылуда. Мұндағы тозығы жеткен су құбырлары алмастырылып, жаңа желі салынуда. Ауыз сумен қамтуға 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Аймақтағы жолдарды жөндеуге де назар аударылуда. Үстіміздегі жылы елді мекендер арасын жалғастыратын облыстық және аудандық маңыздағы жолдарға 600 миллион теңге қаржы салынып, күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
–Өткен жылы Максимовка, Балкашино, Веселое елді мекендерінің жолдары жөнделді, – дейді Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омаров, – келесі жылы сегіз елді мекеннің автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жасау үшін өтінім бердік. Балкашино ауылында заманауи демалыс орталығы салынуда. Құрылыс жұмыстары биыл басталды. Петровка ауылында білім ошағының құрылысы жүргізілуде. Межеленген жоспар бойынша алдағы оқу жылында пайдалануға беріледі.
Өткен жылы аудандағы төрт білім ошағы заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етілді. Балкашино ауылындағы мектепте жаңа биология және физика пәндерінің кабинеттері ашылған. Оған аудандық бюджеттен 15 миллион теңге қаражат бөлінген.
Осылайша жұмысты дұрыс жоспарлап, алға ұмтылудың арқасында Сандықтау өңірінің сәні кіріп келе жатыр.
Б.КӨБЕЕВ.