Елді мекенде ілгерілеу бар, ол әлі де болады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен сенбі күні Зеренді ауданының Мәлік Ғабдуллин ауылында болып, осы елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты, ауылдағы бірнеше нысандарды аралап, тұрғындардың бүгінгі хал-ахуалына көңіл бөлді.

1964 жылы салынған ғимаратта орналасқан медициналық пунктте ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті бір мейірбике, акушер және санитарка көрсетеді. 1998 жылдан бері нысан пешпен жылытылып келеді, суды да тасып жеткізеді. Жедел жәрдем көлігі әзір жоқ.

–Ауырып-сырқаған тұрғындарды қабылдап, жаңа туған нәрестелердің денсаулығын бақылауда ұстаймыз, – дейді өз сөзінде медициналық пункттің меңгерушісі, осы саладағы еңбек өтілі 40 жылды құрайтын Елена Прядко. – 69 ауыл тұрғыны тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Екпе егу, система қою сияқты жалпы процедураларды атқарамыз, сондай-ақ, көршілес Қанай би, Игілік, Кіші Түкті, Дороговка, Қойсалған елді мекендерінен келетін жүкті әйелдерді тіркеуге қойып, денсаулықтарына бас-көз боламыз.

Биыл осы ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын салуға республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып отыр. Онда дәрі-дәрмек киоскісі де болады. Жай науқастармен бірге мүгедектерге де осында медициналық қызмет көрсетіледі. Жобаның алдын ала есептегендегі құны 138 миллион теңге. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға облыстық бюджеттен 8 миллион теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, құрылысты жүргізуге 0,35 гектар жер учаскесі ұйғарылып отыр.

–Шағын ФАП-тар салып, оның есесіне елді мекендерді көбірек қамту, оларды осы заманғы құрал-жабдықтармен жабдықтау қажет. Бәрінен де қолайлы типтік жобаларды қарастырған жөн, – деп өз ойын білдірді жауапты тұлғаларға Ермек Маржықпаев.

Өңір басшысы сондай-ақ, ауылдық клубты қарап шықты. Оны да жөндеуге 13 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Клубта ішкі әрлеу жұмыстарын атқарып, төбені жаңарту, есіктерді, еденді ауыстыру қажет. Әзірге клубта ешбір  тіршілік тынысы жоқ. Былайша айтқанда, бос тұр.

Бұдан кейін негізгі орта мектепті барып көрген облыс әкімі блокты-модульдік қазандықтың ғимараттан бөлек, сыртқа шығарылғанын құптап, мектептің ішіне де кіріп шықты. Өткен жылы облыстық бюджеттен қазандықты мектептен бөліп, сыртқа шығаруға 21,7 миллион теңге қаржы берілген екен. Мектептің өзінде өмір қайнап жатыр деуге болады. Кеңес Одағының Батыры, осы қасиетті топырақтың тумасы Мәлік Ғабдуллиннің музейі, кітапхана, спорт  залы осыған жақсы дем беріп тұрғаны байқалады. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қайырболат Оспановтың жетекшілігімен демалыс күндері ауыл жастары да мектепте спортпен шұғылданып тұрады.

Облыс әкімі «KazGrain Feeders» серіктестігінің машина-трактор шеберханасына 258 миллион теңге инвестиция салынғанын жақсы қырынан атап өтті. Бұл шеберхана жуырда салынған. Серіктестік 6600 гектар жерге дәнді дақылдар себеді. 32 әртүрлі мақсаттағы техникасы бар. Өткен жылы зығыр, жүгері, бидай мен арпа және басқа да дақылдардан тәуір өнім алынды. Тұқым шаруашылығы жолға қойылған. Жаңа шеберханада шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларына жөндеу жүргізіледі, білікті кадрлар да жеткілікті. Еңбекақысы да ауыз  толтырарлықтай. Жергілікті тұрғындардан басқа, көрші ауылдардан, Бурабай ауданының елді мекендерінен де келіп, еңбек етушілерді көруге болады.

–Шынында да жөндеушілерге жақсы жағдай туғызылған. Осындай нысанның сіздердің ауылдарыңызда салынғаны да құптарлық, – деді осы орайда облыс әкімі.  –Жақсы жұмыс жағдайлары да көңілге қонып тұр.

Ауылда жаңадан ашылған жұмыс орны жалғыз бұл емес, «Kazbeef» компаниясының «Щучье қалалық сүт зауыты»  серіктестігінің арнайы мал бордақылау алаңында канадалық технологиямен ірі қара малдың қазақтың ақбас сиырлары, абердин-ангус, герефорд сияқты асыл тұқымдары өсірілуде. Мұнда барлығы ғылым мен озық технологияға сай жолға қойылған. Әрбір мал мамандардың жіті назарында. Бұл үшін арнайы мәліметтер базасы бар.

–Аталған компания «Global G.A.P.» халықаралық сапа сертификатын алған Қазақстандағы бірден-бір құрылым. Мұның өзі бізге шетелдің ірі нарығына жол ашып отыр. Бүгінгі таңда Дубайдың өзі біздің етімізді қажетсінеді, – деп атап көрсетті серіктестік директорының орынбасары Мақсат Сейсембиев.

Бір құптарлығы, бұл жерде қаладан келіп жұмыс істеп жатқан жұмысшылар да аз емес. Көршілес ауылдардан келетін жұмыс күшін орналастыру үшін тұрмысқа қолайлы жатақхана салынған. Тағамы дәмді асхана да бар. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік мүшелеріне туғызылған жағдай қай жағынан алып қарасаң да жақсы.

–Жол салынған, мәдениет үйін де қалпына келтіреміз, фельдшерлік-акушерлік пункт те салынады, қазандық жөнделді. Енді су құбырын да мүмкіндік тауып, іске қосатын боламыз, – деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар