Гидротехникалық құрылыстардың тозығы жетіп тұр

Өңіріміздегі гидротехникалық құрылыстарының жартысынан астамы апатты жағдайда және жөндеуді қажет етеді.

Бұл туралы Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ерден Берлібеков былай дейді:

– Өңірде 90 гидротехникалық құрылыс бар болса, оның 17-сі республикалық, 66-сы коммуналдық және жетеуі жеке меншіктің иелігінде. Өткен жылы бұл гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйін анықтау үшін комиссиялық визуалды тексерулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша өңірдегі гидротехникалық құрылыстарының жартысынан астамы апатты жағдайда және жөндеуді қажет ететіні анықталды. Басқарма бастығы сонымен бірге, бүгінгі күні барлық гидротехникалық құрылыстардың пайдалану мерзімі 30 жылдан асқанын, оның 70 пайызының тозығы жеткенін нақтылады. Жобалық көлемі 15 миллион текше метр болатын Иванковская бөгеті толығымен дерлік босатылған. Онда көктемгі кезеңде су қоймасы толған жағдайда іске қосылатын су бұру арнасы жабдықталған. Негізгі бөгет бойынша аудандық, облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлініп,мердігер ретінде «Шортанды су» коммуналдық кәсіпорны анықталды. 2022 жылдың 15 қазаны мен 10 желтоқсаны аралығында «RD Group KZ» ЖШС құрылыс ұйымы жұмыстарды жүргізу сұлбасына сәйкес бөгеттің осал тұстарын нығайтты, су қабылдау камераларын бетондау және су ағызу құбырларын нығайту үшін монолитті тіреу қабырғасын орнатты.

Сондай-ақ, Ерден Берлібековтің айтуынша,Веденовская бөгеті бойынша су тасқыны кезінде артық ағын суларды ағызу үшін су бұру арнасы жабдықталған. Ал, қанағаттанарлықсыз жағдайдағы қалған гидротехникалық құрылыстар босатылады немесе транзиттік режимге ауыстырылады.Осытұрғыда, Астана, Сілеті және Шағалалы су қоймаларының режимін реттеуге және оларды қысқы кезеңде пайдалануға ерекше назар аударылып отыр.

Бүгінде облыстағы барлық гидротехникалық құрылыстар бақылауға алынған. Қауіпті учаскелерде бақылау бекеттері орнатылған. Көктемгі су тасқынына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Сондықтан, Ерден Берлібеков бізбен әңгімесінде, сөзін көктемгі тасқын суларды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деп түйіндеді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар