Жергілікті ұлт тілін жатық білетін, қаймағын қалқып, нәшіне келтіре сөйлейтін атбасарлық түрік қызы Зульфия Кулиева өзін осылай таныстырады. Қазақ даласының дәм-тұзын татып, осы жерде өркен жайған соң тілін де білу міндет деп санайды.
Атбасар қаласындағы жалпы білім беретін №2 мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ететін Зульфия үш жасында Ресейден Шымкент қаласына қоныс аударған екен. Он бір жасқа толғанда отбасы Атбасарға көшкен. Содан бері солтүстіктегі өз жанына соншалықты жақын топырақта тамыр жайып, айналасындағы жүздеріне иман ұялаған ақжарқын да мейірбан, жайдары да жанашыр жалпақ жұрттың арасында күн кешуде.
– Әуел баста тілім орысша шыққанымен, кейін Шымкентке көшіп келген соң жергілікті ұлт тілін жап-жақсы меңгеріп алдым, – дейді Зульфия Кулиева, – ешбір қиындығы жоқ, қайта өзге тілге қарағанда қазақ тілі сөйлеуге икемді, оралымды, айшықты тіл. Қанша жыл осы тарапта үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенімен, тіл үйрену көңіл көншітерлік емес. Меніңше, тілге деген тұрмыстық қажеттілік болуы керек. Сонда өздерінен өздері үйреніп алады. Замандастарым менің бұл пікірімді сәл қаттылау деп бағалайтыны бар. Басқа амалың болмаса не істерсің?! Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, кешегі кеңес заманында орыс тілі жергілікті жұрттың сүйегіне осылай сіңіпті ғой.
Көкшетау қаласындағы колледжді бітіргеннен кейін бастауыш сыныптарда сабақ бере бастаған. Балалардың жан дүниесін баурап, сапалы білім, саналы тәрбие беруде тіл білгеннің үлкен артықшылығы бар деп санайды.
– Кейбір әріптестеріме бала жүрегін баурайтын қандай сөздерді қолдану керек екендігі туралы өз ойымды айтып жүремін, – дейді кейіпкеріміз, – мәселен, қазақтың «қарағым», «шырағымнан» бастап, «айналайын» деген сөзінен жүрек жылуы төгіліп тұр емес пе, осы «айналайын» деген мейірмен ықыласқа толы сөз өзге жұртта бар ма екен?
Ұстаздың айтуына қарағанда, екі тілді бірдей игергісі келетіндер қатары көбейген. Бұл да жақсылықтың нышаны. Ең бастысы, әлгі балалар алдымен жергілікті ұлт тілін жете меңгеріп тұр ғой. Өзі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қазақ тіліне қатысты байқауларға жиі қатысып, әрдайым жүлделі орындарға ие болыпты. Ынталы болғаны сондай, қатыспай қалған жері жоқ. Қазір өз шәкірттерін де тіл додасына қосып, жанкүйері болуды жаны сүйеді.
Жарының бойындағы тілге деген таңғы шықтай мөлдіреген таза сүйіспеншілігін жан жары Амид те қолдап отырады. Қос көңілдің жарасуына екеуінің де жергілікті ұлт тілін жақсы меңгерулері дәнекер болып отыр. Бір-біріне деген алқаусыз ақ көңілін осы тілде еркін жеткізгендерін жандары сүйеді. Амид те Атбасар қаласындағы қазақ мектебін бітірген. Алты жасар қыздары білім ошағында ата-аналары тәрізді қазақ тілінің мәйегімен сусындап жүр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы да!
Б.ҚАЙЫРЛИН.
Атбасар қаласы