Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жан тебірентер «Жабайы алма» - АРҚА АЖАРЫ

Жан тебірентер «Жабайы алма»

Құдайға шүкір, қазақта тілі шұрайлы, ойы көркем, керемет суреткер жазушылар баршылық қой. Солардың бірі Сайын Мұратбеков. Оның қай шығармасы болмасын адам жанының нәзік иірімдерін қозғайтыны шындық. Тіпті, оның шығармасы жаққан жылы бір шырақтың кеуде түкпірінде қанша жыл өтсе де өшпей, сағындырып тұрары да өтірік емес.

Міне, сол сағыныш, сол қарапайымдылыққа, адалдыққа, сыйластық пен құрметке деген сағыныш қолға сонау бір жылдары оқып тастаған «Жабайы алма» повесін қайта алдырған. Талғамы бөлек, бүгінде аты әлемге әйгілі  драматург-жазушы Дулат Исабековтің бір сұхбатында: «Танымал шығармаларды араға он жыл салып қайыра оқып тұрамын. Әр оқыған сайын жаңа бір ұғымдарға кез боламын» деген тұрғыдағы пікірі бар еді. Дұрыс айтылған сөз. «Жабайы алма» да бізге бар сырын бүкпесіз ашып, жаңа қырынан жайыла берді…

«Басқа түссе, баспақшыл» демекші, құйттай балалардың біреуді сыртынан қаралауға, үстінен арыз жазуға қамшымен осқылап жатса да баспауы, «әжем уайымдап, қиналады-ау» деп ит қапқан жарасын жасыруы, намысқа тырысып, қарны шұрқырап тұрса да қалтасындағы бауырсақты сыныптастарына таратып беруі сияқты көріністер оқырман есінен әсте кетпес.

Қыстың күні тері шалбарлары қаудырлап, шәркейлерінен өкшелері жылтылдап көрініп жүріп, отындарын өздері шауып, тасып әкеліп мектептерін жылытып, сабақ оқитын балалар туралы бүгінгі шәкірттер оқып-білсе дейсің. «Соғыс» дегеннің әкелер сұмдық қасіретін, бейбіт күннің берекесі мен мерекесін қадірлесе дейсің. Тәуелсіз елдің жарқын болашағы үшін, қарыштап дамуы үшін адалдық пен ауызбірлік, ерен еңбек үлгісін көрсету қажеттігін терең ұғынса, дейсің!

Бейбіт заманда әркім бауыр еті баласын өбектеуге көшкен. Сәл қиналып, қабақ шытса, ата-ана шыр-пыр болады. Еңбектің бала тәрбиесіндегі орны кейіндеп бара жатқандай көрінеді. Әрине, бетін аулақ қылсын, соғыс уақытындағыдай әлі бұғанасы қатып, омыртқасы бекімеген жастай емес, әлі келетін шаруаны мұқияттап атқарса, талай тәлім алар еді-ау!

«Неше айналым бау бастырғаным есімде жоқ. Кешкісін торы аттан тәлтіректеп түскен кезімде бойым бір-ақ тұтам боп қысқарып қалған сияқты көрінді. Тақымым, үзеңгі бау қажаған сирағым ду-ду ашиды. Басым шыр көбелек айналып тұр. Көзімді жұмып жата кеткім келеді, бірақ өйтуге болмайды, онда Байдалы шал мен басқа жұрттың алдында масқара боламын ғой. Бар күшімді жиып, аяғымды барымша нықтап, түзу басып, ауылға қарай бет алдым» дейді (142 бет) бас кейіпкер бала Қанат.

«Үйге келісімен тамақ ішуге мұршам келмей, мұрттай ұштым. Көз алдымның, төңірегімнің бәрі айналды да тұрды. Өзім де айналып жатқан сияқтымын, айналу… айналу… айналу…» Бұл ауыр жұмыстан алғашқы келген күнгі жағдайы баланың. Дегенмен, қырман басындағы әйелдер тағып жіберген тананы көріп қуанған анасы мен әжесінің көңіл-күйі мұны да қайрағандай. «Мен ұйықтаған боп, өтірік пысылдай түсем. Әжем мен апамды қуантқаныма көңілім өсіп, көкірегім жарылардай боп масайрап жатырмын. Шаршағанымды мүлдем ұмыттым» (148 бет). Әкесі соғыста өлген, ашқұрсақ, киімі жамау-жасқау жас баланың еткен еңбегіне мақтанышы. «Есейдім, еңбек етуге жарадым, үлкендерге көмегім тиді» деп қуанған бала тебіренісі! Ауыл баласының, мүмкін, бала біткеннің басында болатын елеулі бір оқиға! Шаршайсың, шалдығасың, бірақ, қолыңнан бірдеңе келетінін дәлелдедің! Азамат болды деген, осы! Осыдан кейін саған сенім артып, үйдің жауапты жұмыстарына жұмсай бастайды! Одан артық не керек?!. Осы арада тағы бір күмәнді ой көлеңке түсіреді. «Бүгінгінің балалары осындай сынақтан өтіп, осындай әсерге бөлене ме? Баламызды, немеремізді қайда жұмсап жүрміз?»

Адам баласының еңбек етіп, тер төгіп, жақсы тұрмысқа ұмтылуы заңдылық. «Еңбек етсең – емерсің». Айтпақшы, жақында әлеуметтік желіде бір миллиардердің жауабы жүрді. Одан: «Сіздің ұрпағыңыз қандай болады?» деп сұрайды. Сонда әлгі: «Менің балам менен төмен, бірақ тәп-тәуір өмір сүреді. Оның баласы одан төмен өмір сүреді. Ал одан арғысы қайыршы болады» дейді. Енді, әңгіменің мәнісіне үңіліңіз. Әрине, миллиардердің баласы аш-жалаңаш қалмайды. Барға ғана үйренген одан кейінгілері еш табыс таппай, қордалы қорды шашумен ғана айналысады. Өздері тырысып, еңбек етпеген соң, дүние жиналмайды. Олар қадірін де білмейді. Миллиардер мырза өз ұрпағының өзі сияқты барлық қиындықтарға төтеп беріп, жол тауып, бизнесін дәуірлетпеуі, бойкүйездігін айтса керек. Байқасаңыз, сөзінде шындық бар. Былқып-шылқыған байлыққа бөгіп өскен оның ұрпағы неге жанын қинап, жанталассын? Барлыққа да адамның бойы үйренеді. Өзі таппаған дүниені кім қадірлеуші еді. Ұрпағы қайыршы болып кетпес те, бірақ ол осыны меңзеп отыр.

Соғыс кезіндегі ауылдың күні қара жұмыспен басталып, қараңғыда аяқталары белгілі. Бел жазар уақыт жоқ. Көргендері тек қиындық, қиналыс. Сөйтіп жүргенде төбеден ұрғандай етіп, майданнан «қара қағаз» жетеді әркімге. Жұрт кімге арызданып, кімге шағынсын. «Еркектерді қойып, әйелдерге дейін түтіні қолқаны қапқан ащы темекіні құшырлана сорған кезде, көңілдері сейіліп, бір сәтке болса да ауыртпалықтың бәрін ұмытқандай болушы еді. Үлкендердің темекі десе ішкен астарын жерге қоятын осынша құштарлығын өнер санайтынбыз. Қолымыздан келсе, бұрқылдатып отырып шылым тартқанға не жетсін деп армандайтынбыз». «Қардың басын қар алар» дегендей, үлкендер ауыр азаптан сол темекінің уымен құтылып, өздерін алдандырады-дағы. Оны көрген балалардың арманын көрмейсіз бе…

Әумесерлердің оспадарлығын, әлімжеттікті қайран балалар көрудей-ақ, көреді-ау!

Жазушы баланың кіршіксіз ой-қиялдарын өте нәзік қалпында жеткізеді. «Осындай күндері ішқұсаланып, не істерімді білмей жабығып, боранға қосыла ұлып, жылағым келеді. Көкемді есіме алам, әскерге кетерінде оны шығарып салып тұрып әжем де, апам да, Нәзира әпкем де жылап еді, тек мен ғана жыламап едім. Сөйтсем, жылаудың не екенін білмеген екем ғой. Оның соғыстан қайтпайтынын түсінбеппін. Енді, міне, сонда жыламағаныма өкінем. Бәлкім, мен де жылағанымда, көз жасымды көріп оққа ұшпас па еді…». Баланың алғаусыз көңіл-пейілі. «Бәлкім, мен жылағанымда, көз жасымды көріп оққа ұшпас па еді…» дейді-ау?! «Суға кеткен тал қармайды». Енді қайтып әкесін көрмейтін, жастай белі қайысып ауыр жұмысқа жегілген жетім бала осылай ойлайды.

«Жабайы алмада» осындай терең ойға жетелер, жүрекке жылы тиер, жан тебірентер сәттер көп кездеседі. Жоқ, олай да емес, кітаптың бүтін  болмысы солай, деген дұрыс. Соғыс қайғы-қасіретін тарта жүріп ар-намысын аяққа бастырмаған кішкене ғана балалар ақыл-ойы мен іс-әрекеті сүйсіндірмей қоймайды.

Бүгінгі бала бұдан елу-алпыс жылдар бұрын жазылған шығармаларды, ондағы оқиғаларды, бірқатар сөздерді түсінбейтіні белгілі. Бұл жерде мұндай кітаптарды оқып, түйсінуге үлкендердің көмегі керек. Кітапта баяндалған уақыт, ол кезгі тұрмыс, дүние-мүлік атаулары, әлеуметтік жағдай туралы әңгімелеп алған жөн. Сөйтіп, баланың қызығушылығын тудырып, оқуына ықпал ету дұрыс. Тіпті ол оқи бастағанда оның бірқатар сұрақтарына жауап беруден жалықпағанымыз абзал. Ақыр аяғында балаңыз осы туындыны оқып шықса, оның көзқарасының, ақыл-ойының едеуір өзгеріп, барды қадірлеуіне оң ықпал етері даусыз.

Атақты жазушы, журналист ағамыз Шерхан Мұртаза автор туралы былай депті: «Зергер сөздің шебері, жазушы Сайын Мұратбеков өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін, таңғы шықтай мөлдір шығармалары арқылы оқырмандардың жан жүрегін баурап, ықылас-құрметіне бөленген сирек дарын иесі». Шерағаңның осы бір ауыз пікірі көп нәрсені аңғартып-ақ тұр.

Қазақ әдебиетінің басқа да керемет туындыларына қоса, берері көп, айтары мол, жаныңды тербетер осы бір үздік шығарманы да балаларымыз шет қалдырмаса екен, демекпіз.

                                             Серік Жетпісқалиев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар