Есепке жүйрік өрендер сайысы өтті

Көкшетау қаласының техникалық лицейінде  7 сынып оқушылары арасында «Математикалық регата» қалалық турнирі болып өтті. Турнирге  қала мектеп-лицейінің оқушыларынан құралған 5 команда қатысты.  Атап айтар болсақ, Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейі, №6 мектеп-лицейі, №21 мектеп-лицейі, С.Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейі және ІТ-лицейінің оқушылары өзара бақ сынасты. Әр мектептен 3 оқушы қатысып, білімдерін сарапқа салды.            

Математикалық турнирдің басты мақсаты, мектеп мұғалімдерінің кәсіби байланыстарын нығайту, лицей сыныптары бар мектептермен ынтымақтастықты дамыту, есепке жүйрік өрендердің оқуға деген қызығушылығын арттырып, оларды қолдау арқылы математиканы насихаттауға бағытталған жұмыстың жаңа түрлерін жандандыру болып табылады.
Қазылар алқасының құрамында аталмыш турнирді ұйымдастырушы,  педагог-шебер, республикалық математика  мұғалімдері Қоғамдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, техникалық лицейдің математика пәнінің мұғалімі
Ботагөз Сейдахметқызы,  директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары, турнир модераторы Марал Тыныштыққызы,
математика пәнінің мұғалімі, турнир үйлестірушісі, жаратылыстану-математика әдістеме бірлестігінің жетекшісі Алма Ибраимқызы,
оқу орнының математика пәнінің мұғалімдері Юрко Елена Андреевна,  Баян Аманжолқызы, Әлия Мұхажанқызы болып, білім сайысына төрелік етті. Қазылар алқасына төрелік еткен Ботагөз Сейдахметқызы өңіріміздегі  ең мықты, біліктілік деңгейі жоғары математика мұғалімдерінің бірегейі десек артық айтқандық емес.

Турнирдің ашылу салтанатына қалалық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Шоқанұлы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, лицей директоры Анар Жаңабергенқызы сөз сөйлеп, ақжарма тілегін арнады. Танымы мол іс-шараны лицейдің математика пәнінің мұғалімі, жас маман Айғаным Алтайқызы мен 11 сынып оқушысы Абдолла Муфтахутдинов жүргізді. Турнирдің тайм-менеджері болып информатика пәнінің мұғалімі Бахытжан Хайруллақызы тағайындалды.

Турнир 3 кезеңнен тұрды. Әр кезеңнен кейін техникалық лицейдің  10-11 сынып оқушылары Роман Ревера,   Раяна Базарбай, Сабина Сайлауова, Дильназ Дильдебаева, Алина Алмаева, Ульяна Корниенко, Ангелина Ибрагимова турнирге қатысқан оқушылармен әр кезеңнің тапсырмаларын  талдап, шешу жолдарын көрсетті, «математикалық фокустар» жаттығуларын ұйымдастырды. Техникалық лицейдің жоғары сынып оқушылары мен турнирге қатысушылар арасында жақсы қарым- қатынас орнады. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, қай жерден қателік жібергендерін көріп, түсініп отырды.  Осылайша турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Кез-келген байқауда алуан жүйрік топтасатыны белгілі. Бұл білім бәйгесінде де ақ боз атының маңдайы жарқырап келген оқушылар топты жарды. Турнир қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынмен Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің оқушылары марапатталса, жүлделі екінші орынға С.Жүнісов атындағы №18 орта мектебінің оқушылары ие болды.

Ал, жүлделі үшінші орыннан №21 мектеп-лицейінің оқушылары көрінді. Іс-шара барысында лицейдің Дәрия Жұмағұл, Дәрия Саттарова, Аружан Мұрат есімді оқушылары әннен шашу шашып, іс-шараның  ажарын аша түсті.

Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар