Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ халқының мәңгілік мақтанышы - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ халқының мәңгілік мақтанышы

Даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің Кеңес Одағының Батыры атағын алғанына – 80 жыл

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылы 30 қаңтар күні Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді. Қазақ елінің мерейі үстем болып, ақ түйенің қарны жарылды. Қазақ даласында қуаныш лебі есті. Қобыланды мен Едігені, Исатай мен Махамбеттің, Амангелдінің жадымызда жатталған ұлы бейнелері, асыл рухы тірілді.

 Қазақ халқының әдеби-рухани, ерлік әлемінде өзіндік өшпестей із қалдырған тұлғалардың бірі – Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллин.

Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығын қалың көпшілікке, студент жастарға, мектеп оқушыларына отаншылдықтың, ерліктің, зиялылықтың үлгісі ретінде үнемі насихаттап таныстырып отыру – өмірлік мақсат ретінде өз ұлтының ертеңіне үлес қосамын дейтін әрбір ойлы азаматтың парызы деп білеміз.

Себебі, жастайынан білім-ғылымға ұмтылып, ел ағаларының соңына ерген, ел басына күн туғанда отан үшін от кешіп, майдан даласының даңқты қаһарманы Бауыржан Момышұлымен үзеңгілесе жүріп, қиын кезеңнің қысталаң сәтінен уақыт тауып, ұлт руханиятын бір сәтке де есінен шығармаған Мәліктей ерен тұлғалар расында аз еді. Қолы қалтеткенде қолына қалам алып, майдан жазбаларын қағазға түртіп, ұлттық фольклорлық мұраларды ой сүзгісінен өткізіп, соның інжу маржандарын майдандас достарына теріп айтып, рухтандырып, тылдағы қаламгер аға-достарына үзбей хат-хабар жазып тұрған да осы Мәлік Ғабдуллин болды. Мәлік Ғабдоллаұлының соңында қалған рухани бай мұрасын осы хаттар құрайды. Онда майданның жай-күйі ғана емес, елдіктің, ерліктің, ұлттық болмыстың  өткені мен бүгіні сөзболған. Қан майданнан аман оралған соң ғылым мен білім ісінде өндіре еңбек атқарып, филология, педагогика ғылымдары саласында өшпестей із қалдырған Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, жазушы, әскери мемуарист фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, асыл жар, абзал әке, айнымас дос болған Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы – кім-кімге болмасын, үлгі-өнеге.

Мәлік Ғабдуллиннің ата-бабасы қоныс қылған мекені, кіндік қаны тамған жері – Көкшетау биігінің батысынан Зерендіге қарай созылып жатқан, сулы-нулы дөңес қыратты өлке. Осынау шұрайлы аймақты ежелден-ақ Абылайды хан көтерген Қанай ұрпақтары мекендеген.

Мәлік Ғабдуллин – Бурабай мен Зеренді көлдерінің ортасындағы Желтау баурындағы Қойсалған ауылында Ғабдолла Елемесұлы мен Әлия Оспанқызының шаңырағында 1915 жылы 15 қарашада өмірге келеді.

Туған ауылы Қойсалғанда мектеп болмағандықтан 3-4 шақырым жердегі Құлет ауылындағы бастауыш мектепке барады. Осында 4-ші класқа дейін мектептің оқу үздігі, балалардың алды болды. Сол үшін де сабақ беріп, тәлім тәрбиеге баулыған мұғалімі Рамазан Нұғыманов келбеті келіскен, сүп-сүйкімді, қос жанарынан от ұшқындаған  бала Мәлікке мейірі түсіп, жанындай жақсы көрді.

11 жасында Мәлік Ғабдоллаұлы ауылдық кеңесте ұсынылған жұмысқа қарамастан, Көкшетау қаласындағы 7 жылдық коммуна мектебіне келіп түседі. Мектепте Көкшетау ауданының сол кездегі «Сталин» колхозынан шыққан мұғалім Нұрмұхамбет Көшімов сабақ береді. Елгезек, алғыр, айтқанды екі еткізбейтін жақсы мінезімен  ерекшеленген жас Мәлік ұстазы Нұрмұхамбетке де жақсы әсер қалдырады. Мектептегі «Жас ұлан» және  пионер ұйымдарының белсенді мүшесі болып, бар ынта-жігерімен оқып, басқаларға үлгі көрсетеді. Екі жылдық оқуда Мәлік өз қатарына анағұрлым үздік кетіп, өз бетімен көп даярланады.

Мәлік Ғабдуллиннің алғашқы ұстазының бірі, әрі коммуна мектебіне келгенде жол сілтеген қамқоршысыН.Көшімов туралы қазақ журналистикасының ардагері Сарбас Ақтаев:

«Нұрмұхамбет Көшімов Көкшетауда Ыдырыс Уәлиханов, Бекмұхамед Серкебаевпен бірге тұңғыш қазақ орта мектебін ашып, оның алғашқы шәкірттері, кейін қазақ ғылымы мен әдебиетінің жарық жұлдыздары болған Мәлік Ғабдуллин, Есмағанбет Ысмайылов, Жұмағали Саин, Мыңбай Ысқақовқа дәріс оқып, тәлім берген кісі. Кейін ата қонысы – Әлжан ауылында да орта мектеп ашып, қашан құрметті демалысқа шыққанша соның директоры болды. Ұзақ жылғы ұстаздық жемісті еңбегі жоғары бағаланып, 40-шы жылдардың аяғында ол республика ағарту қызметкерлерінің арасында алғашқылардың бірі болып Ленин орденін омырауына таққан тұлға», – деп жазады.

Кезінде Мәлік оқыған қазақ орта мектебі Урицкий көшесіндегі орыс байының екі қабат үйінде орналасқан болатын. 1935 жылдан бастап жалпы орта білім беретін мектеп болып қалыптасады. 1973 жылы мектепке Мәлік Ғабдуллин есімі беріледі. 1975 жылы соғыстың аяқталғанына 30 жыл толу құрметіне мектепте Мәлік Ғабдуллинге арналған музей ашылады.Қазір Мәлік Ғабдуллин атындағы бұл №3орта мектепкөптілде оқытатын мамандандырылған гимназиясы.

Бір ғасырлық тарихы бар білім ұясы талай шәкіртті түлетті. Осы білімнің киелі қара шаңырағынан түлеп ұшқан жандардың қатарында Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, ақын Жұмағали Саин, қоғам қайраткері Зарап Темірбеков, драматург-жазушылар Шахмет Құсайынов, Төлеген Қажыбай, сонымен қатар, ғылым докторлары мен кандидаттар, жоғары биліктегі лауазымды тұлғалар мен өнер жұлдыздары бар.

Мәлік ағамыздың зайыбы Нәзия Ғабдуллина 1976 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан шыққан «Ардағым едің» атты кітабының 25-бетінде былай деп жазады:

«1931 жылы ауыл шаруашылығы институтының оқытушысы Павел Иванович Агеев осы институттың дайындық курсына оқушы жинап, Көкшетауға келіпті. 7-кластың оқушысы сен, үш жолдасың: Дүкенбай Рахымов, Нүркен Рахымжанов, Тайшеке Дәулетовтермен бірге Алматыға, ауыл шаруашылығы институтына түсуге аттаныпсыңдар. Жолға қаражаттарыңның жоқтығынан бес тәулік бойы вагонның үстінде келіпсіңдер. Өзіңнің ауыл шаруашылығы маманы шықпайтынын түсінген сен, сол жылдың тамыз айында Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына барған көрінесің. Сол институт сенің өміріңнің ақырғы күніне дейін екінші үйің болып кетті. Ол кезде институттарға 7-8 класс білімі барларды ала беретін».

«Ақыры, бұған Сәбит көмектесті. Ол мені Ораз Жандосовқа жетектеп апарып, ауыл шаруашылығы институтынан босаттырып, документімді қолыма әперді. 1931 жылдың 1 сентябрінде мен ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінің студенті боп қабылдандым» деп жазады бұл жөнінде Мәлік ағамыздың өзі.

Зор талап, өткір қайрат, жалынды жігер иесі жас студент Мәлік Ғабдуллин осылайша институт өміріне белсене қатысып, бірнеше қоғамдық жұмыстар атқарады. Институт қамқорлыққа алған қалалық мектептердегі жас ұландар отрядын басқарып, тәрбие жұмысын жүргізеді. Институтта комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланады. Оның үстіне институттағы қабырға газетіне атсалысып, әр санына үзбей жазып тұрады.

Мәлік Ғабдуллин оқыған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ халқының тарихындағы алатын орны ерекше. Университет алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, қоғам өмірінің барлық салалары үшін білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді.

1941-1945 жылдары екінші дүние жүзілік соғыста көрсеткен ерен ерліктері үшін осы ҚазПИ-дің белгілі оқытушылары мен студенттері Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов майдандағы жанқиярлық ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Қазақ педагогикалық институтына оқуға түскен Мәлік Ғабдуллин үлкен ғалымдар мен жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбановтардың алдын көріп, дәрістерін тыңдайды. Ұстазы Құдайберген Жұбанов: «Он үш жас күш» деген мақаласында өзінің алдынан тәлім алған бір топ айрықша талантты жастардың ішінде Мәлік  Ғабдуллинге ерекше тоқталып: «біздің мәдени жұртшылығымыз біліп те қалған» деп атап көрсетеді. Өзінің алғырлығымен, білімге құштарлығымен дараланған Мәлік Ғабдуллин 1935 жылы педагогикалық институтты бітіріп шығады.

Сөйтіп, 1938 жыл ҚазПИ аспирантурасына түсіп, қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты болады. Кіші ғылыми қызметкер бола жүріп, Мұхтар Әуезовтің ықпалымен фольклорды зерттей бастады.«Қобыланды батыр», «Халық фольклоры жайында» деген зерттеулерін жазады. Бірақ,өкінішке орай,«Қобыланды батыр» жыры жайлы кандидаттық диссертациясын тәмамдап қалған кезеңдесоғыс басталып, генерал Иван Васильевич Панфилов бастаған 8-інші гвардиялық дивизиясы құрамында соғысқа аттанады. Ал, дайын болып қалған диссертациясын сақтап қою үшін өзі ағасындай көрген көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың қолына тапсырып кетеді.

Соғысқа барысымен екінші атқыштар батальонының комиссары, полк үгітшісі М.Ғабдуллин Мәскеу іргесіндегі шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетті. Рухы биік ұйымдастырушы, саяси жетекші ол соғыс өнерінің қыр-сырын толық меңгергендігімен ерекшеленеді. 1942 жылдың ақпан айының 8-і күні стратегиялық мәні айрықша Бородино селосы үшін болған ұрыста жеті сағат бойы өз шептеріне жауды жақындатпаған Мәлік Ғабдуллиннің автоматшылар ротасы неміс фашист басқыншыларының төрт бірдей шабуылын тойтарып, сәтсіздікке ұшыратты. Рота жауынгерлері алапат айқаста тастай түйіліп, 200 фашисті жер жастандырады. Мәліктің өзі екі танкіні жойып жібереді. Саяси жетекшінің әр қимылы, іс-әрекеті, әдіс-айласы,  тағылым-тәрбиесі, тапқыр сөздері өршеленген жауын үнін өшіруге, құмартқанша қаптаған қанқұйлы жендеттерге шатырлаған жайдай, көлденең қазылған ордай болады. Ширяева, Рыбушка, Ново-Свинухова, Старая Русса жерінде болған кескілескен қиян-кескі шайқастарда да рота автоматшылары ірі жеңістерге қол жеткізді. Жанқиярлықпен соғысқан Мәлік Ғабдуллин өз сарбаздарымен бірге 12 фашисті тұтқындады, оның біреуі офицер болып шықты.

Бұл тұста орыс жазушысы Борис Полевойдың «Правда» газетіне шыққан «Елдің ері» атты очеркінде жас арыстан Мәліктің батырлық өнегесі, азаматтық келбеті әсерлі баяндалады. Жазушы өз шығармасында Мәлік батырдың от кешуде небір өткелдерден сүрінбей өткендігін, ересен батырлық-ерлік қимылдарын, шапшаңдық пен айлакерлік әдістерін шынайылылықпен әңгімелейді. Осылайша, Мәлік Ғабдуллин жаңа эпостың кейіпкеріне айналады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылы 30 қаңтар күні Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді. Қазақ елінің мерейі үстем болып, ақ түйенің қарны жарылды. Қазақ даласында қуаныш лебі есті. Қобыланды мен Едігені, Исатай мен Махамбеттің, Амангелдінің жадымызда жатталған ұлы бейнелері, асыл рухы тірілді.

Батырға және қазақ үкіметі мен халқына ел мен ер мерейін тасытқан осы қуанышқа орай, жан-жақтан құттықтаулар ағылып келіп жатты. Даңқты жерлесіміз Ұлы Отан соғысынан кейін де туған елі, оның ғылымы мен әдебиеті, білім саласы мен ұрпақ болашағы үшін жан аянбай еңбек етті. Бұған Мәлік ағамыздың КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының ректоры, бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғандығы, қазақ әдебиетін  зерттеуде, жас әдебиетшілер мен ұстаздарды тәрбиелеуде артында орасан зор із қалдырғандығы айқын дәлел.

Сондықтан да, кенеттен о дүниелік болғанынан бері де елу жыл өткенімен, ақыл-ой  толы мейірімді жүзі, жібектей жан сұлулығы, қасиетті рухы мен асқақ бекзат бейнесі ешқашан өшпейді. Туған халқының мәңгілік мақтанышы болып қала береді.

Жанат ҚАЖЫБАЙ,
  Мәлік Ғабдуллин музейінің  ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар