– Алдағы сайлау Қазақстанның саяси жүйесін біртіндеп қайта форматтауға ықпал етеді. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Татьяна Липина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сарапшы сайлау жүйесі өзгергенін, пропорционалды-мажоритарлық форматта өтетінін еске салды. Енді Мәжіліс депутаттарының үштен бірін қазақстандықтар тікелей сайлай алады.
«Мажоритарлық жүйе сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл мәслихаттарға да қатысты. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада депутаттардың жартысы округтер бойынша, жартысы – партиялық тізіммен сайланады. Басқа елді мекендерде мәслихаттар құрамы толығымен округ бойынша сайланады. Яғни, жергілікті халық партияны емес, нақты адамдарды таңдайды», – деп жауап берді Татьяна Липина агенттік тілшісінің сауалына.
Оның пікірінше, жаңа шақырылған Мәжіліске сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру міндеті қойылуы керек. Мысалы, сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету шараларын кеңейту қажет.
Сонымен бірге, спикер партиялардың сайлауалды платформалары мен кандидаттары бекітілетін съездер кезеңі басталатынын атап өтті.
«Партиялардың алдағы 6 жылға ұсынған бағдарламаларына қарап, қай партияның бұл мәселеге жүйелі түрде келгенін көруге болады. Көп нәрсе олардың сайлауалды стратегиясы мен саяси технологияларына байланысты. Бұл сайлаушылардың саяси жетілуін анықтайтын сынақ болмақ. Сондай-ақ, партия ұсынған кандидаттардың о баста қалыптастырған жеке бренді партияның күн тәртібін танымал етуге ықпал етуі мүмкін. Қалай болғанда да, бүгінгі таңда сайлауға қатысуға тіркелген 7 партия белсенді жарысқа кепілдік береді», – дейді Татьяна Липина.
Сондай-ақ, ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері депутаттыққа ұсынылғысы келетіндердің өте белсенді екенін айтты. Оның айтуынша, бәрі бірдей талапқа сай келе бермейді, бірақ сайлауға түсуге ниет білдіру саяси мәдениетті қалыптастыру мен азаматтық белсенділікті ынталандыру тұрғысынан маңызды.
«Сайлау науқанынан өткендер сайлау нәтижесіне қарамастан, саяси белсенділіктің жаңа алаңын құрады. Олар басқа да сайлау қарсаңында саяси қызметін жалғастыра берсе, депутаттық мандаттар босаса, маңызды нәтиже болады», – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, биыл 19 наурызда елімізде Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді және осы күні мәслихат депутаттарын да сайлау жоспарланған.
Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысуға 7 партияға рұқсат берілді.