Қазақстаннан 41 құтқарушы Түркияға көмекке аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер Түркияға көмекке аттанды.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, бүгін таңертең Түркия Республикасының орталық бөлігінде бірқатар жер сілкінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қазір ТЖ министрлігінің құтқарушылары «Бүркіт» әуе компаниясының ұшағына мініп, Астанадан Алматыға барады. Алматыда министрліктің күш-құралы толығымен Түркияға аттанады», – деді Ибрагим Құлшымбаев «Жібек жолы» телеарнасының тікелей эфирінде.

Спикердің айтуынша, Түркияға республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары бара жатыр, олардың көпшілігінде халықаралық құтқарушы санаты бар. Сондай-ақ, «Апат медицинасы» орталығының медицина қызметкерлерін қосқанда, жалпы 41 адам Түркияға ұшады.

«Өзімізбен бірге апаттық-құтқару автокөліктерін, медициналық жабдықтарды, пневмо-модульдік шатырлар, гидравликалық құтқару құралдарын алдық. Оған қоса, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы кинологиялық тобы қызметтік иттерді алып барады. Түркияға жеткен соң тағы да байланысқа шығып, жағдайды баяндаймыз», – деді бірінші вице-министр.

Айта кетейік, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында зілзала құрбандарының саны мыңнан асты, кемінде 7 мың адам жарақат алды.

Соңғы деректер бойынша, Кахраманмараш, Килис, Диярбакыр, Адана, Османие, Газиантеп, Шанлыурфа, Адияман, Малатия және Хатай провинцияларында 2824 ғимарат қираған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, қайғыра көңіл айтты.

Президент Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар