Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік тіл – жергілікті ұлттың дамуының басты бір кепілі - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік тіл – жергілікті ұлттың дамуының басты бір кепілі

Достық  үйінде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақмола облысы бойынша филиалының төрағасы Ермек Нұғымановтың төрағалығымен мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне арналған конференция болып өтті. Жиынға қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, әдебиетшіғалымдар,«Қазақ  тілі» қоғамының аумақтық филиалдарының  төрағалары және мүшелері  қатысты.  

Іс-шара барысында  мемлекеттік тілді одан әрі дамыту, сонымен қатар, 2022 жылы осы бағытта атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жөнінде сөз қозғалды.

− Былтырғы жұмысқа тоқталатын болсақ, жыл ішінде төрт рет жиналған едік. Оның алдында «Zoom» арқылы екі конференция өткіздік. Республикадан әріптестеріміз келіп, осы жерде кездесу өткізіп, мәселелерді ортаға салып, алдағы жұмыстар жөнінде айтқан болатынбыз. Тағы да айта кететін болсақ, негізінде, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалын құру жөнінде  ұйымдастырушылық жұмыстар  толығымен аяқталды деуге болады. Бүгінгі күні Ақмола облысында 3 қалада, 17 ауданда  филиалдар мен  100-ден артық  бастауыш ұйымдар құрылды. Жұмысты оңтайландыру және жеделдету мақсатында «Whatsapp» желісінде қоғамның өз тобы тіркеліп, жұмыс істеп жатыр.

Ғылыми негіз жасау барысында Ш.Уәлиханов университетінің ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаевтың қолдауымен жобалық  топ  құрдық. Енді, ағымдағы жылдың мақсаттарына тоқталатын болсақ, біз балабақшаларда, мектептерде,колледждерде, ЖОО мен лицейлерде мемлекеттік тілді оқытудың сапасын, нәтижелілігін қадағалап, олқылықтарды қоғам талқысына салу, екіншіден, халыққа қызмет көрсететін түрлі органдар мен мекемелердің сауда, кәсіпкерлік салаларын қазақ тілінде іс жүргізу  және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз, –деді   Ермек Нұғыманов.–Бүгінгі таңда Көкшетау қаласында тілдерді оқыту орталығы бар және  «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен қазақ тілін оқыту курстары  ашылды.

Алдағы уақытта өзге этнос өкілдеріне арналған қазақ тілін оқыту курстары да  жұмыс істейді деп жоспарлануда. «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Мәміле» атты қазақ тілінде сөйлеуді үйрету клубының жетекшісі, Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледждің түлегі және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің  3 курс студенті Милана Тарасованың қол  астында 60 адам мемлекеттік тілді үйреніп жатыр. Мұның бәрі басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне негіз болып табылады. Жиында қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөнінде Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Ғосман Төлеғұл да өз ойымен бөлісті. Ол мемлекеттік тілді дамытуда Малайзияның тәжірибесінен мысал келтірді.

−Неге осыншама жыл қазақ тілі, қазақ тілі деп шырылдап келеміз? Өйткені, қазақ тілі шынайы мемлекеттік тіл болуы керек, мемлекет өзінің тілі арқылы әлемге танылуы керек. Мемлекеттік тіл дегеніміз – мәртебесі Конституцияда бекітілген, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын осы тілде жүргізетін тіл. Бұл жөнінде АҚШ, Еуропа елдері, Қытай, Жапония секілді басқа да озық өркениетті елдердегі тіл ахуалына бармай-ақ қояйық. Оларда мемлекеттік тілге қатысты еш мәселе жоқ. Бәрі баяғыда-ақ қалыптасқан.Өйткені, әдетте қай елде болсын, мемлекет негізін құраушы ұлттың тілі мемлекеттік тіл болып бекітіледі. Бірақ,  ұзақ уақыт отар болып,  өз тілін ұмыта бастаған елдерде, отарлаушы елдің тілі мемлекеттік тіл болып бекітілген.

Мысалы, Үндістанда мемлекеттік тіл ағылшын тілі болса, хинди тілі тек тұрмыстық тіл деңгейінің қалпында қалып қойған. Ал енді, малай тілін алайық. Бұл ел бес ғасырдай Англияның, Францияның отары болған, соған қарамастан, малай тілін мемлекеттік тілге айналдыруда табанды жұмыстар жүргізіліп келеді. Іс жүргізу негізінен, малай тілінде, ел парламентінің жұмыс тілі малай. Бір жолы Мұхтар Шаханов Малайзияға барып, сол елдің королімен тіл институтының директорымен кездескендегі  әсерін айтып,  мемлекеттік малай тілінің қандай деңгейде өркендеп келе жатқанын әңгімелеп өтті. Ол кісінің айтуынша, малай тілінің мәселесін зерттеумен 31 қабат зәулім ғимаратта отырған арнайы институт айналысады екен, – деді ол.

−Тіл туралы сөз қашан қозғалған еді? Ең  бірінші, бұл туралы 1905 жылы Қарқаралы петициясында Алаштың кемеңгерлері ұрпағымыздың осындай жағдайға қусырылып келе жатқанын айтты. Революция орнағаннан кейін Сәкен Сейфуллин де қазақ тіліне көшпейінше іс оңбайды деген. 1991 жылы өз егемендігімізді алғанда не үшін қуанып едік, өзіміздің жерімізде, өз тілімізде сөйлейміз, қазақ боламыз, ұрпағымыз қазақ болады деп қуандық. Өз балаларымды қазақша сөйлеттім, енді немерелерімді сөйлете алмай отырмын, шамам келмейді. Көшеге шығып сөйлегенде, балабақшаға барса, барлық қазақтың балалары орысша сөйлеп кетеді. Міне, осылай отырмыз. Ендеше,  ең алдымен, ұлттық ұстанымымызды түзеуіміз керек. Шындыққа тура қарағанымыз жөн. Жалпы, тіліміз дұрыс болуы үшін биліктің намысы биік болуы қажет, – деп қоғам қайраткері, ақын Құдайберді Мырзабек те қазақ тілінің қазіргі  мәселесін қозғады.

−Тілдік орта қазіргі қоғамның басты проблемаларының бірі. Қазақша тілдікорта болмағаннан кейін қазақта рух та болмайды. Қазіргі тілдің мәселесі өзге тілдегілердің емес, өз ұлтымыздың мәселесі, – деп әдебиетші ғалым Нұртас Ахат та баса айтты. Оның айтуынша, ассимиляцияланған сана өзгермей, ештеңе өзгермейді. Адамның рухын айқындайтын – орта. Орта болса, барлығы өз жолымен жүреді.

Конференция соңында «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің басшысы Марат Молдашұлы өзінің  бастамасы бойынша жиынға қатысушылардан  Көкшетау қаласының балабақшаларын  толығымен мемлекеттік тілде  оқыту және көшіру бойынша резолюцияны қолдауды сұрады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар