— AMANAT партиясының Алматы филиалы партиялық тізім мен бір мандатты сайлау округтері бойынша мәслихатқа кандидаттарды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі 63 адамнан, ал мәслихатқа бір мандатты округтар бойынша 21 адамнан тұрады.
Оның құрамына әлеуметтік және кәсіби салалардың барлық өкілдері енді.
Сонымен қатар, партиялық тізімде қаланың дамуына ғана емес, сондай-ақ ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген мегаполистің танымал тұлғалары да бар.
Атап айтар болсақ, 23 жастағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері — тізімдегі ең жас үміткер ретінде Элизабет Тұрсынбаева, Қазақстандағы әйелдер арасындағы бірінші әлем чемпионы, әйелдер халықаралық гроссмейстері және ерлер халықаралық шебері Жансая Әбдімәлік бар.
Үміткерлердің қатарына кәсіпкерлер, қаланы дамытуға бағытталған түрлі жобалардың қатысушылары Бекнұр Несіпбаев, Досбол Жылқыбаев, актриса Ольга Спирина, блогер, көркем фильмдер мен бағдарламалар продюсері Алмас Сағынұлы, журналист Махаббат Исенова мен мүгедектер құқығын қорғаушылар Ұлан Іңкәрбеков, Богдан Джепка енді.
«Жалпы партиялық тізімді қалыптастыру кезінде гендерлік сәйкестілік пен жас шегі ескерілді. Бұл ретте әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастар үшін квота сақталды. Мәселен, әйелдердің үлесі 42,9% болса, 35 жасқа дейінгі жастар 36,5%-ды құрайды. Үміткерлердің орташа жасы — 41 жас. Бұдан өзге шағын және орта бизнес субъектілері өкілдерінің саны бойынша көшбасшы саналатын Алматы тізіміндегі кандидаттардың 35% жуығы — бизнес-құрылым өкілдері»,- деп хабарлады партияның баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, конференцияда барлық ұсыныстар мен талап-тілектер ескеріліп, алдағы 5 жылға арналған 5 мақсаттан тұратын Алматы қаласы бойынша «AMANAT» сайлауалды бағдарламасының жобасы бекітілді.
Сондай-ақ кезектен тыс конференцияда «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV съезіне қатысу үшін Алматыдан делегаттардың тізімі анықталды.