Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жол тіршілік көзі десек те... - АРҚА АЖАРЫ

Жол тіршілік көзі десек те…

Автокөліктердіңкүн санап көбеюіне байланысты жол қозғалысына талаптар да қатайып, тиісті заңдар жиі өзгерістерге ұшырауда. Кеңес Одағы кезінде көбіміздің автокөлік алу мүмкіндігіміз бола тұрса да ұзақ жылдар кезек күтуші едік. Тіпті, түрлі-түсті теледидар, кілем алуда да осы тәртіп жиі орын алатын.

Қазіргі жағдай мүлде басқаша. Тауарлар мені алшы деп тұратын жағдайға жеттік.

Облысымыздың орталығы Көкшетау қаласының көше жолдары бүгінде кеңейтіліп, мүмкіндігінше жөнделіп, көлік қозғалыстары бір жүйеге түсіріліп, талапқа сай ұсталуда. Тазалық жағы да көңілімізден шығуда. Дегенмен, атқарылар істер әлі де жетерлік, өйткені, жөндеуді,асфальт төсеуді қажет ететін біршама көше жолдары әлі де кездесуде.

Заманауи деңгейдегі Көкшетау-Астана бағытындағы жол көбімізге жақсы таныс. Оны соңғы үлгідегі инфрақұрылым деуге болады. Алайда, соңғы кездері оның бойына қараусыз жүрген жылқылардың шығып, автокөлік қозғалысына кедергі жасады, апаттар орын алды деген сөздерді жиі естудеміз. Осындай жағдайлар Көкшетау-Омбы, Көкшетау-Петропавловск автокөлік жолдарында да кездесуде.

Әрине, жол бойындағы оқыс жағдайларды айтқанда, мына мәселе де өз басымды ерекше толғандырады. Астана-Бурабай аралығындағы автобанның бірер тұсында қыс айларында кейде көзге түрткісіз боран соғып, автокөліктердің ондап бір-бірімен соғылуы орын алуда. Осының салдарынан осы жылдары қаза тапқан жүргізушілер мен жолаушылар да баршылық. Жылда қайталанатын бұл жағдайды сонда алдын алу жолдары жоқ па?! Мәселен, сол бір аралыққа қыста ішіне электр жарығын тартып, жабық жабынды жасаса, әлгіндей апаттар болмас еді-ау.

Енді Көкшетау-Атбасар жолына тоқтағым келеді. Жоғарыда аталған жылқыға байланысты жағдайлар мұнда да орын алуда. Қазіргі таңда осы екі жолақты жол арқылы көптеген автокөліктер қатынауда. Алдағы кезеңде оның аумағы кеңейтіліп, екі қатарлы болса, жол қозғалысы біршама реттеліп, қыста да, жазда да болып тұратын апаттар мен басқа келеңсіз оқиғалардың саны біршама азаяр еді. Республикалық маңызы бар осы нысанда автокөлік жүргізушілері тарапынан жол қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы да жиі орын алуда. Оған өзіміз де куәміз. Сондықтан, олардың бірқатарын оқырмандардың, әсіресе, автокөлік иелерінің естеріне салудың артықшылығы болмас деп есептеймін.

Басып озу кезінде қарсы бағыттан келе жатқан көліктің жоқтығына, болса қауіпсіз қашықтығына, жылдамдығына толық көз жеткізу апатты жағдайлардың алдын алудың ең басты бір шарты. Аса қажеттілік болмаса осы әрекетке барудың да еш қажеттігі жоқ, себебі, қарсы келе жатқан автокөлік жылдамдығын ұлғайтса, сіздің өз қатарыңызға орналасуыңызға қиындық туындайды, қырсық шалса көлігіңіздің моторы өшіп қалуы да ғажап емес.

Бұрылатыныңыз туралы сол жақтағы шағын шамды жағып, қарсы бағытқа шығарда, айнадан артыңызда сіздің алдыңызға түскелі келе жатқан көліктің жоқтығына толықтай көз жеткізіңіз. Бұл жолдың тағы бір «ерекшелігі» көптеген автокөлік жүргізушілері үнемі асығыстықтарынан жылдамдықты шектеу талаптарын орындай бермейді. Араларында көліктеріне ие бола алмай, жолдан шығып кететіндері жетерлік. Жол апаттарының негізгі себепкерлері де дәл осы жандар. Олар қырға басып озудың, түнде қатты жүрудің, жылқы малының жолға шығуы жиі кездесетін жерлердің, әсіресе, бұрылыстардың аса қауіптілігін де назарларына ала бермейді. Осының салдарынан малдармен соқтығысу жағдайлары әлі де көптеп кездесуде.

Жаңбыр, жұқа қар, мұз қатып, көктайғақ орын алғанда, рульге отыратын ер адам аталған табиғат өзгерістері кезінде көлік дөңгелектерінің жолмен жанасу деңгейі, әсіресе, бұрылыстарда төмендейтінін, оның соңы тоқтау мүмкіндігін тежеп, бақылаусыз жылжуына (ала қашуына) тікелей әсер ететінін білуі керек. Осы негізде көлікке отырар кезде өзіңіздің және басқа жандардың өмірлеріне тікелей жауапты екеніңізді жете сезінуіңіз қажет. Жылдамдықты жоғарылатқанда, оны басқарудың қиындай түсетінін де әрдайым жадыңызда ұстағаныңыз, ал, кедергілердің күтпеген жерлерден кездесетінін есіңізден шығармағаныңыз абзал.Менің көлігім жүз пайыз жарамды және сенімді деуге болмайтыны өмір ағымымен дәлелденген шындық. Әсіресе, бетін аулақ қылсын, тежегіштің істен шығуы әр сәтте орын алуы мүмкін.

Соңғы жылдары ер азаматтардан қалыспай нәзікжандылардың да автокөлік тізгінін ұстауларының куәсі болып жүрміз. Бастапқыда әйелдердің жол ережелерін сақтаудағы ұқыптылықтары ерлерге қарағанда біршама жоғары деп теледидардан жарнамаланып та келді. Дегенмен, көп уақыт өтпей-ақ олардың арасынан да ішімдік ішіп, көлікке отыру, жылдамдық талаптарын сақтамау, апатты жағдайларға себепкер болу, белгілі бір жағдайларда не істерлерін білмей, сасқалақтап қалу деректері жиі айтыла бастады. Осы негізде ереже бұзудың жыныстыққа еш қатысы жоқ деуге болады.

Қазақстан Республикасының «Жол ережесі туралы» заңында ең қауіпсіз жылдамдық сағатына 60 шақырым екенін екінің бірі біле бермесі анық. Алғашқы қар түскен сәттен бастап, қараша мен қыс айларының әр күнінде жолдан шығып кету, көліктер қақтығыстары жиі болмаса да, орын алып отыратыны жасырын емес. Олардың негізгі себептері жүргізушілердің шыдамсыздық танытуларымен қатар, түнгі уақытта жақын жерге және қашыққа жарық беру көздерінің ережеге сай жағылып, қосылмауында. Жоғары жылдамдықты ұнататындар да қауіп туындатушылар екендіктерін жете біле бермейді. Жарықты күндіз міндетті түрде қосып жүру ережесі тиісті нәтиже берді ме? Әрине, жоқ деуге болады. Сондықтан, оны қосу, қоспауды жүргізушілердің еркіне берген дұрыс болатын сияқты.

Сосынғы бір мәселе, біздің жүргізушілер шыдамсыз. Қит етсе, сигнал беріп, алып-ұшады да тұрады. Сол бетпен әсіресе, жаяу жүргіншілер жолағында қызылға өтіп кететіндер де бар. Бұл – көрінер-көзге әлгі жолақпен өтем деген, не өтіп келе жатқан жаяу жүргіншінің өміріне қауіп тудыру ғой. Сосын байқаймыз, екінің бірі рульде отырып бей-берекет телефонмен сөйлесуге әуес. Міне, осыған да заң қатайтылса. Өйткені, бұл да жол-көлік оқиғасына ұрындыратын жағдайлар.

Әрі қарай жол мәселесіне қайта оралсам. Осы саланың мамандары, ғалымдар ғасырлар бойы еңбектеніп, жергілікті табиғаттың ерекшеліктері ескерілген, тиісті органдар тарапынан қолдау тауып, қолдануға бекітілген технологиялар жұмыс істеуде. Дегенмен, кең байтақ еліміздің әр өңірлерінде әртүрлі себеп-салдар сылтауға алынып, жол салу ережелері өрескел бұзылуда. Жақында көрсетілген жаңалықтардың бірінде қардың үстіне асфальт салып жатқандарды көрсетті. Бұл масқара ғой, ел-жұрт естімеген «жаңашылдық»…

Автокөлік иелері салықтарын уақытында төлейтіндеріне қарамастан, өңіріміздің бірқатар аумақтарында жолдардың сапасыз жөнделулері орын алуда. Шұңқырлары, дұрыс тегістелмеген қиыршық тастар дөңгелекке ілініп, терезелерінің сынуына, көліктердің басқа бөліктерінің істен шығуларына әсер етуде. Жарылған алдыңғы терезе МАИ қызметкерлерінің көзіне бірден түседі және ол үшін көлемді айыппұл қарастырылған. Кей жағдайларда тастардың ұшқан бөліктері басқа көліктерге тиіп, жүргізушілер арасында кімнің кінәлі екені белгісіз, соңы төбелеске ұласатын дау-жанжалдар туындап жатады. Сондықтан да жолдың негізгі бөлігімен қатар шеттеріне де аса назар аударған дұрыс болар еді.

Аталған мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, жүргізуші автокөлігінің көбінесе алдыңғы терезесін ұшқан қиыршық тастан сындырады, оны көрген МАИ қызметкері айыппұл салады. Ал, негізгі кінәлі жол саласы мамандары тыс қалады. Менің ойымша оларға қатысты жауапкершілік мәселесі де ескерілуі, басқаша айтар болсақ, сапасыз жолда орын алған оқиғадағы шығынның бір бөлігін жол мекемесі өтеуге тиіс.

Көлікпен жол жүрудің өзі ерекшеліктерге толы, аса жауапты іс екеніне көпшілігіміз аса мән бермейтініміз өте өкінішті. Қазір технологиялардың қарыштап дамыған заманы. Бәрімізде ұялы телефон бар. Оған келетін хабарламалардың арасында ауа райына қатысты ескертулер де көптеп түседі. Оларда қолайсыз ауа райы орын алады деген мәліметтерге қарамастан, жерлестеріміз жолға шығуларын қоймауда. Өкінішке орай көлік жүргізіп келе жатып ұйықтап кететін жағдайлар да кездесуде тағы қайталап айтпаса болмас.

Жоғарыда атап өткенімдей, жол үстінде, елді мекен ішінде келе жатып ұялы телефонмен сөйлесу де көптеген жерлестеріміздің үйреншікті дағдыларына айналған. Оның да кері әсері талай айтылып та, жазылып та жүр. Тұрғындардың арасында автокөлікті сақтандыру, техникалық байқаудан өтудің қажеті жоқ деген сөздер жиі айтылуда. Дегенмен көлігіңіздің нақты жағдайын білу үшін байқаудан өтудің қажеттілігі сөзсіз. Ал, сақтандыруға келер болсақ, ол да керек, себебі, сіздің көлігіңіздің ертең қандай жағдайға тап болатынын болжай алмасыңыз айдан анық. Кей жағдайларда МАИ қызметкерлерінің автокөлікті еш негізсіз, заңсыз тоқтатып, тиісуге себеп іздеулері де жүргізушілердің жүйкелеріне тиетіні жасырын емес.

Жалпы, жолдар туралы әңгіме қозғағанда, олардың көпшілігі автокөліктер қозғалысын реттеу мүмкіндігінің жоқтығынан орын алады деген пікірлер жиі айтылады. Алайда, апаттық жағдайлар арнайы басқарылып, реттеліп, диспетчерлік қызметпен басқарылып отырылатын көлік түрлерінде де орын алады екен. Оларға мысал ретінде ұшақтарды, темір жол қозғалысын алуға болады. Сондықтан да, автокөлік қозғалысында ең бастысы, жүргізушінің ұқыптылығы, жауапкершілігі басты орында тұруы шарт.

Сөз соңында жолдың тіршілік көзі екенін мойындап, сапарға шыққанда аса сақ болайық дегім келеді!

Бақытқали БІЛӘЛҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар