Таңдайымызға таза су тиетін күн бола ма?!.

Сулы-нулы, омырауына таққан күміс алқа тәрізді айдын шалқарлары бар өңірде 180-ге жуық елді мекен таза ауыз суға зәру болып отыр. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, игілікті істі ұйымдастыруда кемшілік басым.

Үстіміздегі жылы ауыл тұрғындарын таза сумен қамту үшін республикалық бюджеттен 12, облыстық бюджеттен 3 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Жалғыз биыл ғана емес, соңғы жылдары осы бағытта қаншама қаржы жұмсалуда. Өкінішке орай, бар қаржыны дұрыс жұмсап, іске жарата алмай отырмыз. Пікірімізді нақты мысалмен шегелей кетелік. Зеренді ауданының Алексеевка ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы басталғалы үшінші жыл.

Жаңа құбыр салынады деген жақсылық хабар құлақтарына тигенде ұзақ жылдар бойы ауыз судың азабын тартып келген, етек-жеңі кең пішілген ауыл тұрғындары таңдайымызға таза су тиетін болды деп бөріктерін аспанға атқан. Шынында да, ауыз суды тасып ішкен, тақсыретін әбден тартқан тұрғындар үшін ақ түйенің қарны жарылғандай қуаныш емес пе?! Су құбырларын тарту жұмыстары 2020 жылы басталып кетті. Бірақ, үміт ақталмады, құбыр тарту мерзімі белгісіз себептермен шегеріле берді. Бұрынғы желілердің әбден тозығы жетуіне байланысты үлкенді-кішілі апаттар жиі орын алатын болды.

Ал, жаңа құбыр бітетін емес. Бұл жұмысқа республикалық бюджеттен  360 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Бар шаруа ұтымды жүргізілмегендіктен, жаңартылған желілерді іске қосу мерзімі 2022 жыл деп белгіленді. Әйтсе де, мердігерлер өздері айтқан уақытта да жұмыстарын аяқтай алмады. Ауыл тұрғындарының өкпе-назы өрши түсті. Талай биік табалдырықтарды тоздырып, мінбелерден мұң-зарын айтып жүрді. Жаңа жылға дейін небары жиырмаға жуық үй ғана әупірімдеп жаңа су желісіне қосылды.

–Су бірде бар, бірде жоқ. Біздіңше, қысымы жетпей тұр, – дейді ауыл тұрғыны Владимир Евсеенко, – тамшылап қана ағады. Құтты ауылдастарымның үзіліп бара  жатқан үміті сияқты. Кейде таңертең, кейде кешке бар болғаны екі сағат қана береді.

Қыруар қаржыны уақытында игергенде ауыл тұрғындары дәл осындай сергелдеңге салынбас еді. Қазір көпшіліктің көп күні су беретін уақытты сарғайып тосумен өтіп жүр. Уақытында су ала алмағандар қолдарына шелегін ұстап көрші-қолаңның есігін қағады.

–Су құбырын үш жыл бойы бітіре алмай келе жатыр. Соншалықты шырғалаңға түсетін қандай қиындық бар екенін түсіне алмаймыз, – дейді ауыл  тұрғыны Азамат Сатыбалдинов, – биылғы 10 қаңтарға дейін мердігерлер кейбір қажетті жабдықтарды, генераторды, су есептегіштерді әкеліп береміз деп уәде берген. Тұрғындар су жүйесіне қосылғаннан кейін есептегіштер қойылуы керек қой. Басқасын айтпағанда, осындай қарапайым керек-жарақты да жеткізе алмай отыр. Әйтеуір ел үшін атқарылып жатқан шаруа болғаннан кейін кейбір керек бөлшектерді өзіміз әкеліп қойып жатырмыз.

Бар іс мердігердің іскерлігіне байланысты. Өзге себеп жоқ. Алексеевка ауылындағы су желісін салу жобасын ұтқан «Монолит» серіктестігі Бұланды ауданының Никольское, Аршалы ауданының Жібек жолы, Жарқайың ауданының Шойындыкөл, Есіл ауданының Заречное ауылдарында осындай желілерді жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Бір қадап айта кетерлігі, жоғарыда аталған елді мекендердегі су желісін тарту жұмыстары арада қаншама уақыт өтсе де әлі аяқталмаған. Кешігудің салдары белгілі. Жобаның қымбаттауына, бюджет қаржысының ысырап болуына әкеліп соғады. Уақыт ұзаған сайын елдің де өкпесі қара қазандай болатындығын ескеріп жатқан ешкім жоқ.

–Тапсырыс беруші Зеренді ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі. Бөлім жобаның уақытылы жүзеге асырылуын қадағалауға тиісті емес пе? – дейді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Алмат Есмағұлов, – дәл осындай қарқынмен мәселе бүгін-ертең шешіледі деп айтудың өзі қиын.

Аудандық әкімдік жобаның жүзеге асырылуының мүмкін болмай тұрғаны мердігер ұйымға байланысты деп түсіндіреді.

–Су соратын станция құрылғыларын жеткізу уақыты 18 аптадан 20 аптаға дейін ұзартылған. Мердігер келісім-шартты 2023 жылға ұзартуды сұрады, – дейді Зеренді ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Рүстем Жұмабеков, – қазір біз мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арыз бердік. Жұмысты аяқтауға және өсімпұл төлеуге міндеттеу туралы талап қойылуда.

Бүгінгі таңда аудан әкімдігі мен мердігер ұйым арасындағы келіспеушілік сотта қаралмақ. Жергілікті билік ауылдағы су құбырының бар жұмысын 1 маусымға дейін толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Әйтсе де аузы күйген ауыл тұрғындары күмәнді. Ең бастысы, тендерді ұтқанымен, жұмысын жеріне жеткізе аяқтай алмайтын мердігер облыстағы бірнеше нысанды қалай алды екен. Осы жері көңілге күмән тудырады.

Жоғарыда өңірдегі бірнеше елді мекендегі ауыз су мәселесін шешу үшін 15 миллиардқа жуық қаражат бөлініп отырғандығын айтқан болатынбыз. Алексеевка ауылындағы жағдай сабақ болуға тиісті. Алдағы үш жылда алпыстан астам ауылда орталықтандырылған су құбыры салынбақшы. Міне, сол кезде жоғарыда айтылғандай, қателіктерге жол берілмеуі керек. Қазір 34 жобаның құжаттары толығымен дайын, 31 ауылда жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған қоса, 2025 жылға дейін 105 елді мекенде су тазарту кешенді блок модульдерінің құрылысы аяқталмақ.

– Өткен жылы 7 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Игорь Макаров, – төрт ауылда орталықтандырылған су құбыры салынды. Бұл іс биыл да жалғасын таппақ. Үстіміздегі жылы дәл осындай 27 жоба қолға алынбақшы. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 12,3 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр.

Ауыл үшін ең өзекті мәселенің бірі ауыз су екендігі белгілі. Адамдар ғана емес, төрт түлік малды, үй жанындағы бақшаны суарудың өзі бір мұң. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде адамы да, бағымдағы малы да су іздеп, сенделіп жүргені. Айталық, Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе ауылында да су тапшы. Елді мекеннің асты тегіс шахта болғандықтан, ұңғыма қазғанымен, су шықпайды. Су болмағандықтан, ауыл тұрғындары мал да баға алмайды, бақша да еге алмайды. Осы төңіректегі бірнеше ауылдар ауыз судың азабын әбден тартып отыр. Зерлі Зеренді өңірінде де жаз бойы адамды қойып, мал суаратын суат таба алмай отырған ауылдар аз емес. Міне, осы мәселелерді біртіндеп шешуге «Ауыл – ел бесігі» жобасы көп септігін тигізуде. Жалпақ жұртқа жанашыр бағдарламаның аясында әсіресе, шалғайдағы шағын елді мекендердің инфрақұрылымы көп-көрім жақсара  түсуде.

–Бағдарлама аясында 5 жоба қолға алынбақ, – дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев, – Бұланды, Есіл аудандарына қарасты үш  елді мекенде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұланды ауданына қарасты Қараөзек, Бурабай ауданындағы Наурызбай батыр ауылдарында да бағдарлама аясындағы сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілетін болады.

Алаштың ақ бесігі – ауылдың ажарын кіргізу үшін қыруар шаруа қолға алынуда. Ең бастысы, жеткілікті қаражат бөлініп отыр. Сол қыруар қаражатты күні бұрын жоспарланғанындай тап-тұйнақтай игеріп, көзделген мақсатқа жұмсасақ, айымыз оңынан қашан туар екен деп елегізіген елдің игілігі молая  түсер еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар