– Amanat партиясы 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауына қатысты құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ОСК-ның құжаттарды қабылдау комиссиясының мүшелері Amanat партиясы өкілдері тапсырған әр құжатты жеке қарады. Ұсынылған құжаттар бойынша ескертулер болған жоқ.
«Біз бүгін Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың құжаттарын тапсырдық. Amanat партиясының кеше өткен съезіне 2 мыңнан астам адам қатысты. Съезд нәтижесінде мәслихаттар депутаттығына 3821, ал Мәжіліске 119 үміткер ұсынылды. Сондай-ақ, съезд барысында Amanat партиясының алдағы мақсаттары мен қолға алынатын істер туралы нақтыланды», — деді Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетсек, күні кеше Amanat партиясының кезектен тыс съезі өтті.
Аталған партия атынан Мәжіліс сайлауына 119 кандидат, мәслихаттар сайлауына 3821 кандидат қатысатын болды.
Өз кезегінде партия төрағасы Ерлан Қошанов Amanat-тың партиялық тізімі 75 пайызға жаңарғанын айтты.
Бұған дейін Respublica партиясының ОСК-на құжаттар тапсырғаны туралы хабарлаған едік.