Қаңтар айының соңғы аптасында Целиноград ауданының орталығы Ақмолда жасөспірімдер арасында бокстан арнайы чемпионат өтті.
Оған 17 команда қатысып, жастарымыз өз шеберліктерін, дайындық деңгейлерін жұртшылық алдында көрсете алды.
Жарыс нәтижесін қорытындылаған ауданымыздың аға бапкері Мирас Масабаев бокс бойынша алғашқы рет өткізілген чемпионат жөнінде өз пікірін білдіріп өтті.
Ақмолдың жаңадан салынған спорт орталығында Жарқайың, Қорғалжын, Бұланды, Шортанды, Біржан сал, Көкшетау, Бурабай мен Степногорск спорт мектептерінің 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдері күш сынасты.
– Целиноград ауданында бокс бұрындары ауызға алынбайтын, – дедік біз Мирас Шоқанұлына.
– Шынымен де солай. Бұл саланы біз 2019 жылы дамыта бастадық. Қазіргі кезде 20 бала спорт шеберіне үміткер. Өткен 2022 жылы біздің шәкірттеріміз Степногорск қаласында өткен сайыста 1-ші орынды жеңіп алды, ал, күзде Щучинскідегі жарыста 2-ші орынды иеленді. Енді бір талантты оқушымыз Айдос Мақсұт республикалық чемпионатта 3-ші жүлделі орынға көтерілді.
– Бокс бойынша бізде бапкерлер бар ма?
– Әрине, ондай ынталы жандар қазіргі кезде өз өнерлерін жастарға жалықпай үйретіп жатыр. Мысалы, менің әріптестерім Мадияр Әлімхан, Мирас Жұмабеков пен Ерғанат Молдағалиев балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Осы жолғы өңірлік сайыста да үмітімізді ақтаған жастарымыз бар. Олардың ішінде Айбек Садық, Ілияс Керімбек чемпион атанса, Айбол Әсембек, Айдын Сейсенбай, Бекнұр Шовкиев, Ислам Пернеханов, Абдулқадір Мирзараимов 2-ші, ал, Азамат Бейбіт пен Медет Марат 3-ші жүлделі орындарға ие болды. Спорт шебері Мирас Масабаев осы жолы төрешілер шешімімен үздік бапкер атанды. 150-ге жуық спортшы қатысқан чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Оның біздің ауданымыздың жастарына берген әсері зор. Иә, айтса айтқандай, өңірімізде соңғы уақытта бокс жақсы дами бастады.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.