Есімің Оқжетпестей биік тұрар!

Көрнекті қазақ жазушысы Сәкен сері  Нұрмақұлы Жүнісов 1934 жылы 11 ақпанда Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келген.

Жерлес жазушының өмірі мен шығармашылық жолын тарқатыңқырап айтар болсақ, ол 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және аспирантурасын тәмамдағаннан кейін, еңбек жолын «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналында әдеби қызметкер болып бастаған. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарған.1960-1964 жылдары Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1964-1968 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері, кейіннен КСРО әдебиет қорының Қазақ бөлімінің директоры болып та еңбек еткен. 1988-1992 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы болды, ал, 1992 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналыса бастады.

Сәкен Жүнісовтің алғашқы кітабы балаларға арналған. Ол кішкентай оқырмандарға арнап «Сонарда», «Әжем мен емші және дәрігер», «Kімнің мекені жақсы?» және тағы да басқа көптеген әңгімелер жазған. Жарты ғасырлық шығармашылық қызметінде қазақ әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлкен үлес қосқан оның 1968 жылы «Жазушы» баспасында орыс тілінде жарық көрген тың жерлерді игеру тақырыбына жазылған «Жапандағы жалғыз үй» романы елеулі құбылысқа айналды. Себебі, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы тың игеру қазақ даласына әлеуметтік қайшылықтар алып келген еді.

Жазушы «Жапандағы жалғыз үй» романында осы жағдайды баяндайды. Осылайша қаламгер қазақ даласындағы әлеуметтік қайшылықтарды алғаш рет көркем шығарма арқылы көтере білген. Сол үшін кеңестік биліктен де біраз уақыт қағажу көреді. Бірақ, рухы жасымаған қаламгер кейіннен әдебиетке әйгілі «Ақан сері» туындысын әкеледі. Ол «Ақан сері»  арқылы Ілияс Жансүгіровтың жолын жалғайды. Және бұл диалогия ел арасында жоғары бағаланып, жазушының өзі «Сәкен сері» деп аталып кетті.

Сәкен Жүнісов сұхбаттардың бірінде«Мен осы «Ақан сері» тақырыбына барған уақытта әрине, өзімнің күшімді сынағым келді. Онымен бірге, өткен ғасырдағы адамдарды бүгінгі жастарға таныстыруда қазақша шығармалардың әлі де аз екенін ескеріп, осы бір үлкен адамның өмірін мен де бір дүниеге келтірсем деген секілді ой болды», – депті. Жазушы кейіннен оқырмандарға «Заманай мен Аманай» секілді тағы бір қайталанбас шығармасын ұсынды. Көптеген театрлардың репертуарынан орын алған «Ажар мен ажал», «Жаралы гүлдер», «Қызым саған айтам» және тағы да басқа ондаған пьесаларды да жазған.

Сәкен Жүнісов жерін, елін, ұлтын, оның рухын қорғау жолында үлкен-үлкен ойларын айта білген қаламгер. Оның үлкен бақыты да сонда.

Ғабит Мүсірепов «Сәкен сері» деп атаған қаламгердің туғанына биыл 89 жыл толып отыр. Келесі жылы 90  жылдық мерейтойы! Тұңғыш әңгімелері студент кезінен-ақ басылым беттерінде жарық көрген Сәкен Нұрмақұлының шығармалары алғашқыда қатты сынға ұшыраған. Сонда анасы Мағрипа «ұлымның тауы шағылып, енді жазбай қоятын болар» деп уайымдаған деседі. Алайда, жігерін жанып, намысын қайраған олжоғарыда айтқанымыздай, әдебиетте «Жапандағы жалғыз үй» романымен ерекше құбылыс ретінде танылған. Сөз зергерінің кейіпкерлерін келістіре суреттеуі, оқиғалардың шынайылығы кез-келген оқырманды баурап алып, жүрегінен орын табады.

Сәкен Жүнісов шоқтығы биік шығармаларымен әдебиетке елеулі үлес қосқан жазушы. Оның «Аманай мен Заманай» романы ХХ ғасырда ел басына орнаған дүрбелеңді сипаттайды. Шығармада бас сауғалап, шетел асқан қазақтардың жай-күйі, Отанға деген сағынышы шебер суреттеледі. Ал, кейіннен бұл шығарма «Заманай» фильмінің түсірілуіне арқау болады. Сәкен сері текқаламгер ғана емес, карикатура салып, домбыра, пианино аспаптарында ойнап, қазақша күрес сайыстарына қатысқан ерекше талантты жан болған. Қазақ телевизиясынан көрерменге жол тартқан бағдарламаны да жүргізген. Әнді де тамылжыта айтатын қасиеті де өз алдына бір төбе.

Шығармашылығын өлең жазудан бастап, прозамен жалғастырған Сәкен сері 17 пьесаның авторы. «Өліара» пьесасы үшін 1986 жылы жазушыға Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілсе, 1996 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атанды. Өмірінің соңына дейін әдебиеттен қол үзбей кино, драмматургия  жанрларында қалам тербеген. Оның көркем сөзбен өрнектелген туындылары қазақ  руханиятының алтын қазынасы.

Бірақ, өкінішке орай, кезінде жергілікті билікСәкен Жүнісовке арнап салған Бурабайдағы үйібүгінде уақыт табы тоздырған иесіз күйде тұр.  Дегенмен, курортты аймақтың төрінде бой көтерген бұл құрылыс күндердің күнінде толығымен аяқталып, Сәкен сері армандаған мұражайы ашылады деп үміттенетіндер де жоқ емес.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар