Наурыз айының 1-інен бастап су бағасы қымбаттайды. Ағымдағы жылы тариф 7,5 пайызға көбейсе, келесі жылы 4 пайызға өспек.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатына көшу мақсатында өңірде тариф бағасын әлсін-әлсін көтеру межеленуде. Ондағы мақсат, су құбыры желілерінің, жылу коммуникациясының тозу деңгейін азайтуға қол жеткізу. Осыған орай, өткен жылдың желтоқсан айында жаңа заңға қол қойылды. Сараптап қарасаңыз, су бағасының өсуінің бірнеше себебі бар тәрізді.
–Департамент тиісті талдау жұмыстарын жүргізіп, субъектілердің есебін қарап, 2021 жылы 1 миллиард 106 миллион теңгеге жуық өтемдік уақытша тариф енгізген болатын. Оның ішінде «Көкшетау су арнасы» кәсіпорны бойынша көрсетілетін қызметке 228 миллион теңгеден астам уақытша өтемдік тариф бекітілген болатын, – дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Думан Қалибеков, – алайда, электр қуатының бағасы өзгеруіне байланысты және сатып алынатын судың қымбаттауы себепті наурыз айынан бастап су бағасы 10 теңгеге көтерілуі мүмкін.
Жеке тұлғалар үшін әр текше метрдің құны 10 теңгеге жуық қымбаттаса, заңды тұлғалар үшін 14 пайызға көтеріледі. Ілкі заманнан бері келе жатқан «судың да сұрауы бар» деген тәмсіл шындыққа айналған сыңайлы.
Б.ҚАЙЫРЛИН.