Антына адал болған шекарашыларды еске алды

Көкшетауда тәжік-ауған шекарасында ТМД шекарасын қорғаған қазақстандық жеке құрама атқыштар батальонының Тәжікстаннан шығарылғанына 22 жыл толуы аталып өтті.

1989 жылы Кеңес Одағы Ауғанстаннан әскерлерін шығарды, одақтық республикалардың шекаралары ашылды. 1992 жылы желтоқсанда Тәжікстан Жоғарғы Кеңесі Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға және Ресейге тәжік-ауған шекарасының учаскесін қорғауды күшейту үшін өз әскерлерін жіберу туралы үндеу жолдады.

Қазақстандықтар Таулы Бадахшан облысындағы шекараның ең қиын учаскелерінің бірін күзетті. 2001 жылы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне және халықаралық шарттарға сәйкес соңғы взвод Тәжікстан Республикасынан шықты.

– Қазақстан Республикасының жеке біріктірілген атқыштар батальоны (ҚР ОБСБ) Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті (сол кездегі Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы) Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанды қорғау жөніндегі бірінші жауынгерлік тапсырмасын орындады. Отанымыз ТМД-ның оңтүстік шекарасында 1992 жылдан 2001 жылға дейін тұрды, – деп атап өтті «Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдары мен әскери қақтығыстарға қатысушы-ардагерлер одағы» РҚБ АОФ төрағасы Қайдар Бәкіров. – Осыдан тура 22 жыл бұрын достастық елінен қазақ батальоны шығарылды. Жауынгерлеріміз өздерінің әскери борышын абыроймен атқарып, сол арқылы қарулы қақтығыстың өршуіне және соғыс қимылдарының Орталық Азияға өтуіне жол бермеді.Сол оқиғалар кезінде қаза тапқандар қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

– Тәжікстан Президенті батырларды «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады, – деді Қайдар Серікұлы. – 2007 жылы желтоқсанда Душанбе қаласының саябағында бейбітшілік үшін күрескен қазақ жауынгерлеріне арналған мемориалдық ескерткіш орнатылды. Бауырлас халықтың мемлекеттік шекарасын қорғау жолында жанын қиған қазақ жауынгерлерін тәжік халқы ешқашан ұмытпайды.

Гүл қою акциясында ОССБ ардагерлері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де сөз сөйледі.

– Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер – бүгінгі жас ұрпақ үшін ерлік пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі. Бүгінгі күнге дейін жастарға әскери-патриоттықтәрбие беру ісіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер, – деп ризашылықпен атап өтті Көкшетау қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, штаб бастығы, подполковник Мұрат Исенбаев. – Болашақта мұндай қақтығыстар болмай, әрқашан бейбіт ашық аспан астында бейбіт өмір сүрейік.

«Таулы Қарабақтағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері одағы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Акбаров та бұл оқиғалардың мемлекетіміздің тарихындағы маңыздылығын атап өтіп, жиналғандарды ҚР ОБСБ-ның Тәжікстаннан шығарылған күнімен құттықтады:

– 2020 жылдан бастап «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен тәжік-ауған шекарасы аумағында бітімгершілік миссиясын орындағандардың барлығына заңды түрде «жауынгер ардагерлер» мәртебесі берілгені қуанарлық жайт. Мемлекетіміздің тарихы осылай жазылады. Қазақстандықтар сол кездегі шекараны қорғаған батырларымыздың ерліктері туралы әлі де аз білгенімен, олар болашақ патриоттарды тәрбиелеудің негізі болып табылады. Біздің бәріміз осы күні отбасыларымыздың тыныштықта, береке-бірлікте өмір сүргенін қалаймыз, – деп түйіндеді сөзін Асқар Әлмұратұлы.

Іс-шараға қатысушылар тәжік-ауған шекарасында қаза тапқандарды еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар