Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қызығы мол қысқы туризм дамып келеді - АРҚА АЖАРЫ

Қызығы мол қысқы туризм дамып келеді

Жер жәннаты Көкшетау мен күміс көлді Қорғалжынның арасындағы ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын далада, ақша қарға оранған белес-белдері мен жолбарыс жонды жоталарда жіліктің майындай таза, саф ауаны жұтып, бой сергітіп, дем алуға мол мүмкіндік бар. 

Бар мүмкіндікті ойша сараптап бағамдасаңыз, табиғаты тамылжыған өлкеде жадыраған жаз айларында ғана емес, шыңылтыр, құрғақ аязды, аяқ басқан сайын кіршіксіз таза, ақ қары сықыр-сықыр етіп, қысқы даланың әдемі әнін салатын осы бір аймақтың өзгеше өңді кезінде алаңсыз демалсаңыз құр атқа мінгендей қунап сала берер едіңіз. Асылында, жаз бойы келімді-кетімді кісі дүмеп, Бурабайының баурайы буырқанып, Зерендінің зерлі омырауы жүз сан туристке толып кететін аймақ қыстың күні де қонақ күтуден кенде емес. Жалпы облыста 300-ден астам демалыс орны бар десек, сол нысандардың 60 пайызға жуығы қысқы туризм бағытында тиянақты жұмыс істейді. Демек, көрікті Көкшетау, құнарлы Қорғалжын өңірлері жыл бойы бір дамыл таппайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бір ғана дерек келтіре кетелік.

Егер талайды тамсандырған осы бір ажарлы аймаққа бір жылда миллионнан астам турист ат арытып жететін болса, сол адамдардың 30 пайыздан астамы  қыста келеді. Яғни, соңғы жылдары сала өзгеше серпін алып, бар ісін жаңа заманның талабына сай етіп, өркениетті елдердегідей тәжірибе жинақтай бастаған. Сөз арасында «Rixos Borovoe»,«Windham Garden», «Сұлтан Плаза», «Парк Хаус Көкшетау», «Террасса Парк» қонақ үйлері мен «Оқжетпес», «Алмаз», «Щучинск», «Зерен» санаторийлері, «Жұмбақтас» пансионаты және басқа да нысандар қысқы маусымда туристерді тарту үшін көрсетілетін қызметтердің санын көбейтіп, қызметін жақсартып келеді.

Бір айта кетерлігі, туристердің табиғатты тамашалап, сергуі ғана емес, сондай-ақ, аурудың алдын алу, денсаулығын нығайту бағытында да мінсіз қызмет көрсетіледі. Күні кеше жаман тұмаудың жалпақ әлемді бір қауыздың ішіне сыйғызғандығы жақсы мәлім. Дауасыз дерттің салқынын сылып тастау үшін көптеген шипажайлар тыныс алу және жүрек-қан тамырларын емдейді. Бұл орайда, су және балшық, инемен емдеу тәрізді емдік шаралар қолданылады. Коронавируспен ауырып тұрған адамдар арасында таза ауамен демалуға құштарлар көбейді.  Олардың бойындағы аталмыш дерттің зардаптарын жоюға біздің ем-домның әсері мол дейді шипажай дәрігерлері.

Қазіргі туристің талабы күшті. Сондықтан, бар қолайлы жағдайды туғызған абзал. Қысы-жазы ат басын тірейтін туристерге жайлы демалысты қамтамасыз ету үшін өңірдің шипажайларында айнадай жалтыраған мұз айдындары құйылды, шаңғы бағыттары салынды.  Шаңғы, коньки, сноуборд тәрізді жабдықтарды жалға беретін орындар ашылды. Бурабайдың баурайы көкірегіңді таза ауаға ғана толтырып қоймайды, сонымен бірге, ел тарихын екшеп жүрген адамдардың жадына да жақсы естелік сыйлайтыны бар.

Туған елдің аппақ пейіліндей ақшаңқан жамылғы жамылған, атшаптырым жерден мұнартып көрінетін тау сілемдерінің қойнауы тұнған тарих. Алаштың кешегі күнгі төл тарихы жақпар-жақпар тастардың бетінде таңбаланғандай, қойнауында кілкілдеп бұғып жатқандай. Көңілің ауса кел де көр, өткенді таны, өнегесін ұқ. Әне көз ұшыңда қылаңдаған бедері бөлек, бейнесі көркем Бөлектау, сәл әріректе алуан түрлі аңызбен әдіптелген Кенесары үңгірі. Қақаған қыстың өзінде үңгірдің аузынан жан дүниеңді шымырлататын жылы бір леп есіп тұрғандай.

Шымырлай қайнап, өрттей лапылдап қаныңа қуат береді. Үңгір түбінде тұнып қалған өз заманының асыл перзенттерінің асқақ арманының, мәнді мақсатының сырын ұғатын қуат бар. Қысқа қайырып айтқанда, Бурабайдың баурайында мүлгіген тыныштық, маужыраған табиғаттың аясында демалыс пен рухани қажеттілікті өтеу мүмкіндігін ұштастыруға әбден болады. Қонақ үйлердің аумағында ойын-сауық кешендері жұмыс істейді. Ал, экстремальді демалыс әуесқойлары үшін жыл бойы үзбей жұмыс істейтін вейк-парктің естен кетпес қызығын күнді-түнге, түнді күнге ұластырып жырлауға болар еді. Бұл еліміздегі жыл бойы үзбей ілкімді ісін сәтімен сабақтап отырған алғашқы парк.

Халықаралық деңгейдегі жарыстар да жиі өткізіледі. Щучинск қаласындағы шаңғы спортының республикалық базасының аумағында талайды тамсандырған додалардың дүрмегі шартарапқа жетіп жатыр. Кәсіби шаңғы әуесқойлары «Elikti Park» және «Нұр Тау» тау шаңғысы базаларының мүмкіндіктерін пайдаланады. Сондай-ақ, Зеренді демалыс аймағында әуесқой шаңғы споршылары одағы жұмыс істейді. Бұл жерде ит  тұмсығы өтпейтін қалың орманның қойнауында ұзындығы 500 метрді құрайтын тау шаңғысының жолы бар. Ту сонау тау етегінен атқан оқтай сырғанау естен кетпес ләззат сыйлайды. Шаңғы стадионы дәстүрлі халықаралық Зеренді шаңғы марафонын өткізуге мүмкіндік берумен қатар, спорттың осы түрінің дамуына тәп-тәуір септігін тигізіп отыр.

Енді бір сәт құйқалы, сулы-нулы Қорғалжын өңіріндегі мол мүмкіндікті аз сөзбен ажарын келтіріп айта кетелік. Бұл өңірде де қысқы туризмді жап-жақсы дамытуға мол мүмкіндік бар. Айталық, күміс көлдерде бауырын жарқыратып балық аулауға болады. Айтпақшы, мұндай демалыс Бурабай баурайындағы шалқарлар мен зерлі Зерендіде де бар. Жыл сайын мұз үстінде балық аулау фестивальдері ұйымдастырылуда. Қызыққа жиналған көдедей қалың көпшілік тамаша табиғаттың мол тартуын пайдаланумен қатар, оны көздің қарашығындай қорғап, келер ұрпақтың сыбағасы ретінде сақтау керектігін де көңілдеріне түйіп кетеді. Бұл бағытта туризм саласының қызметкерлері тынымсыз жұмыс істеуде. Алаған қолдың береген болғаны да жақсы ғой.

Өңірде қысқы туризмді дамыту үшін бірқатар оңтайлы шаралар қолға алынған. Туристік қызмет субъектілері арасында әртүрлі байқаулар өткізіледі. Жеңімпаздар жүлдесіз қалмайды. Ең басты жүлде, халықтың ықыласы, қысқы туризмнің қызығын көрген келушілердің алғысы.

–Туризм қауымдастығы осы кезеңде демалушылар арасында бар жұмысты екшеп, әлемдік тәжірибенің біздің жағдайға келетін озық үлгілерін жетілдіре жұмыс істеуде, – дейді облыстық демалыс және туризм индустриясы қауымдастығының президенті Шынарбек Батырханов, – бұқаралық спорттық іс-шараларды жиі әрі қызықты өткізу арқылы қысқы демалыс нысандарының жыл бойы жұмыс істеуіне жәрдемдесеміз.

Көрікті аймақта қысқы туризм уақыт өткен сайын дамуда. Алдағы уақытта атына ажары сай аймақтың бар мүмкіндігі осы бағытта өрістей бермек.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар