Отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу үшін Отан тарихын сапалы, әрі тиімді оқыту қажет. «Өзгені тану үшін, алдымен өзіңді тани біл!» деген жалпыадамзаттық қағиданы басшылыққа ала отырып, өз өлкеміздегі ұлы тұлғалар мен атақты адамдар жайлы білу міндетіміз болуы керек.
Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі «Көкшенің асыл перзенттері»жобасы аясында «Достар» мәдениет сарайында Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауаридің өмірі мен шығармашылығын таныстыру, насихаттау мақсатында «Ұстаз тағылымы» атты танымдық кеш өткізді. Іс-шараға өлкетанушы, қоғам қайраткері Ыдырыс Мұратқажы, этнограф Мұсатай Ғалымұлы, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов, әл-Жауаридің еңбектерін жинақтап, құрастырып шығарушы марқұм, профессор Тұрсынбек Мәліковтің жұбайы Балкен Мәлікова, «Арна» Көкшетау жоғары колледжі тарих пәнінің мұғалімі Роза Мащанова, Әміре қажының шөбересі Клара Асқарова, «Арна» Көкшетау жоғары колледжі студенттері, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің кітапханашылары қатысты.
Ұлт жанашыры, оқытушы ұстаз, Абай өлеңдерін алғаш бастырып, насихаттаушы Зейнелғабиден Әміреұлының еңбектері қойылған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кешті ашқан ақын, журналист, Көкшетау қалалықақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев «Жадында елдің, ұлағат етер өр тұлғаң» деп аталатын әл-Жауари туралы деректі фильмге үлес қосқан Сәрсенбай Хасеновке сөз берді. Кеш қонағы Сәрсенбай әнші фильмнің шығу тарихымен таныстырып, Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін орындап берді.
Абай мұрасын ең алғашқылардың бірі болып баспа бетінде жариялап, оған «жаһұт қазақ әдебиеті» деп баға берген және күллі түркі әлеміне алғаш насихаттап таныстырушылардың бірі – Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи 1881 жылы ауқатты отбасында өмірге келген. Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған соң елге оралады. Ұстаздық қызметін бастап, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы жеріндегі Сиыршы атты ауылда өз қаражатына алғашқы мектепті ашады. Мектеп небәрі төрт жыл ғана жұмыс істегеніне қарамастан, осы өңірдегі халыққа білім беру ісінде айқын із қалдырады.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың 1916 жылы осы мектептің мұғалімі болуы да қызықты дерек. Зейнелғабиден әл-Жауаридің өмірі ағартушылық ісі нағыз самғау шағында кілт үзіліп, 1920 жылы 39 жасында өмірден өтті. Жалғыз баласы Әнуар Ұлы Отан соғысынан қайтпады. Негізгі еңбегі – «Насихат қазақия» кітабы. Бұл еңбегінде ол ұлттық тілге негізделген жазу мәселесін көтерген, ана тілін ардақтау, сөз өнерін дамыту, бала оқытатын ұстаздардың міндеттері туралы ойларын айтады, дінді таза ұстап, жүрек көзімен ұғынуға, болашаққа жоспармен қарауға үндейді.
Ұстаздың ұрпағы Роза Мащанова кейбір деректегі бұрмалаушылықты айтып, анасының айтып кеткен естеліктерімен бөлісті. Шара барысында сөз сөйлеген Әміре қажының шөбересі Клара Зияшқызы Асқарова әкесінің жазып кеткен жазбалары, тың деректері, өз жұрағатының шежіресі мен фотосуреттермен бөлісті.Бұл деректер «Атадан қалған асыл сөз. Рухани жаңғыру» атты кітабында толық көрініс тапқанын атап өтті. Кітапханаға Зейнелғабиден әл-Жауаридің «Насихат қазақия» кітабын сыйға тартты. Балкен Мәлікова жұбайы, математик-ғалым, жазушы Тұрсынбек Мәліковтің еңбектерімен таныстырып, «Зейнелғабиден әл-Жауһари және оның мектебі» атты кітабын кітапханаға сыйға тартты. Кеш қонақтары іс-шараны қорытындылай келе,Зейнелғабиден әл-Жауаридің еңбектері әлі де толық зерттелмегенін атап айтып, монография шығару, қаланың бір көшесінесол кісінің атын беру қажеттігін, ол туралы түсірілген деректі фильмді толықтырып, жаңарту мәселелерін қолға алу керектігі жөнінде шешім қабылдады.
Алтын ІЛИЯСОВА,
«Достар» мәдениет сарайыжанындағы
Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының қызметкері.