«Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» дегендей, тіл ұлттың жаны, ең асыл құндылығы. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Тіл қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялайды, шаңырақта шыңдалады, мектепте дамиды.
Бірлік қалалық үлгілі кітапханасының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен осы шағын ауданның №22 жалпы орта білім беретін мектебінің шағын орталығында ересектер және мектепке даярлық тобының тәрбиеленушілерінің қатысуымен кішкентай бүлдіршіндердің ой-өрісін кеңейтіп, баланың сөйлеу тілін, ана тіліне деген сүйіспеншілігін дамыту мақсатында «Ана тілім – ғажап тіл» атты танымдық сағат өтті.
Іс-шараны өткізу барысында «Кітап – рухани қазына» атты кітап көрмесіне қызықты шолу жасалды. Тәрбиеленушілер жаңадан келіп түскен ертегілермен, қазақ балалар жазушыларының түрлі-түсті кітаптарымен танысып, әріптер арқылы сөз құрастырып, ана тіліне арналған өлең, тақпақ, мақал-мәтелдер айтып, өз білімдерін көрсетті.
Күнсұлу ИСИНА,
Бірлік қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.