Профессор Рахман Алшановтың өрелі еңбегі

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қабырғасында   экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Тұран» университетінің ректоры, Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшановтың «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы:ізденістер мен ашылымдар» атты кітабының таныстырылымы мен ақпанның 1-і мен 10-ы аралығында аталған кітаптың мазмұны негізінде эссе байқауы өтті.

Салтанатты іс-шараға зиялы қауым, БАҚ өкілдері, сондай-ақ, университет студенттері мен 10-11 сынып оқушылары қатысты.  Рахман Алшанов жоғары білім саласында сіңірген талай жылғы еңбегінің арқасында тек  Қазақстанда емес, шетелде де кеңінен танымал, абыройлы, құрметке ие тұлға.

Ол Қазақстан Республикасының  Ұлттық инженерия, жаратылыстану, халықаралық «Евразия» экономикалық және инженерлік академияларының академигі.  С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, осы университеттің философо-экономикалық факультетінде аға оқытушы, доцент, аға ғылыми қызметкер, декан қызметтерін сәтті атқарған.  Қоғамдық жұмыстармен белсенді айланысатын қоғам қайраткері, сонымен қатар, ғылыми зерттеу бағытын да қатар ұстап келе жатқан ғалым. Оның «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» кітабы бірнеше саланы қамтитын ғылыми жұмыс. Астрономия, лингвистика, Қазақстанның аграрлық саласы, апатты жағдайлардың қалай орын алатыны туралы жазылған көлемді еңбек деуге болады. Қазақ тілінде жазылған туынды орыс және түрік тілдеріне аударылған. Түркияда 2 мың, Қазақстанда 1700 данамен басып шығарылды. Аталған кітапты өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында эссе байқауы Көкше өңірінен бұрын Қызылорда, Шымкент, Алматы, және Арқалық қалаларында өткен.

−Балалар кәдімгідей бәрін қарап шығып, жақсы пікір айта алатынына көзім жетті. Негізі кім үшін, осы балалар үшін жазып жатырмыз ғой. Сондықтан, осы жұмысты дамытсын, қарасын деген ой бар.  Бұл кітап өзіме жақсы, мықты деген сөздер емес, негізгі ойым балалар осымен айналыссын, керек екенін білсін деген мақсатта жазылды.  Кәдімгідей көздері жанып тұр. Мені сол қуантады,− деді Рахман Алшанов.

Эссе байқауында қаланың 18 мектебінен оқушылар, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 46 студенті бақ сынасты. Әрбір қатысушыдан тек бір эссе ғана қабылданды. Шығарма 1-10 балдық шкаламен бағаланды және комиссия мүшелері байқау тақырыбының ашылуы, автордың нақты және негізделген ұстанымы, жасалған қорытындыларының бірегейлігі, баяндалуының тұтастығы мен қисындылығына аса мән берді. Жеңімпаздарға автор өз қолынан мақтау қағаздары мен сый-сыяпат табыс етті.

Сондай-ақ, ғалым қазақ халқының генетикасын зерттеп, тағы бір көлемді еңбек жазып жатқанын айтты. Іс-шара барысында жиналған қауым ғалымдар мен профессорлардың мәртебесін көтеру мәселесін талқылады.  Салтанатты шараның соңында ғалымға Шоқан Уәлиханов университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар