Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құрметті Александр Владимирович! - АРҚА АЖАРЫ

Құрметті Александр Владимирович!

Сізді өміріңіздегі үлкен оқиға – 80 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіз өзіңіз өмірде бір рет таңдаған ісіңізге адал адамдардың санатына жатасыз. Адам үшін оңай емес, бірақ, жарқын да мағыналы өмір жолынан өткен Сіздің бар мақсатыңыз еліңізге адал қызмет ету болды. Көкшетаулықтар мен ақмолалықтар үшін Сіз бір ұрпақтың шежіресін көз алдыңызға әкелетін айтулы тұлға болып табыласыз.

Қай салада жұмыс істесеңіз де Сізді әрдайым адамдарға жылылық, басшылықты өз өмірім деп түсіну, алға қойған мақсатқа ұмтылыспен жету, адамдарды өз жаныңызға топтастыру, достықты қадірлеу сияқты қасиеттер ерекшелендірді. Инженер-топырақтанушы, облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық және облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің басшыларының бірі. Міне, Сіз өткен өмір және қызмет жолы осындай.

Сондықтан, Сізді бүгінде өңіріміздің барлық жерінде де құрмет тұтып, сыйлайды. Көп жылғы адал еңбегіңіз лайықты бағасын алып, Құрмет Белгісі ордені және төрт медаль, комсомолдың Орталық Комитетінің ескерткіш белгісі, Құрмет грамоталары және Кәсіподақтары орталық комитетінің марапаттары Сіздің өміріңіздің шоқтығын көтеріп тұр.

Сізге бүгінгідей мерейтойыңыз үстінде зор денсаулық, отбасылық бақыт және ұзақ өмір тілейміз. Осы асыл да қарапайым азамат, сүйікті әке және қамқор ата қалпында қала беруіңізге тілектеспіз!

Құрметпен, еңбек ардагерлері Шияп Әлиев, Айдархан Бейсембаев, Айдар Мурзин, Владислав Косарев, Юрий Родвальд, Леонид Дятченко, Хабиболла Ғазизов, Валентина Соломина, Зура Шуатаева, Жасболат Қасенов, Дәулет Ахметжанов, Дәуітбек Нұрғалиев, Виталий Брынкин, Гүлбарам Әбсаматова, Күләш Темірбаева, Қадес Сағадиев, Сара Керейбаева, Марат Құлмағамбетов, Амангелді Жаров, Амангелді Балмұханов, Болат Рақымов және тағы басқалары.

***

  ЖЕРЛЕСТЕРІНІҢ ЕҢБЕГІН ТАНЫТҚАН

  2023 жылдың 25 ақпанында бұрынғы белгілі комсомол, партия қызметкері, қазіргі зейнеткер, еңбек ардагері Александр Татарскийдің туғанына 80 жыл толады.

Александр Владимирович 1943 жылы біз атаған күні Қостанай облысының Семиозер ауданының Семиозер селосында шаруа отбасында дүниеге келді. Майданда қаза тапқандықтан әкесі есінде жоқ. Өгей әкесі оған жақсы білім берді. 10 класты бітірген соң Целиноград ауыл шаруашылығы институтының агрономиялық факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында спортпен белсене айналысады. Сөйтіп, волейбол мен баскетболдан бірінші разрядтың, жеңіл атлетикалық кросстан спорт шеберінің нормативін орындайды. Институтты бітіріп, ғалым агроном мамандығын алып шығады. Инженер-топырақтанушы қосымша мамандығы да беріледі. Осы соңғы мамандық бойынша «Целингипрозем» институты Көкшетау филиалына жұмысқа қабылданады. 1962 жылдың қазанында институт комсомол ұйымының хатшысы әрі спортшысын облыстық комсомол комитетіне спорт және көпшілік-қорғаныс жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметіне жұмысқа шақырады.

А.Татарскийдің бастамасы бойынша сол жылдары «Көкшетау-Петропавл» тас жолының құрылысы өткен жерлерге жаяу жорық ұйымдастырылады, сондай-ақ, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай, «Ленин жүрген жерлермен» «Көкшетау-Щучинск» бағытында велосипед саяхаты өтеді. Мұнымен бірге, «Әкелер даңқы жолдарымен» жорығының жеңімпаздары арасында алғашқы облыстық слет те осы А.Татарскийдің бастамасымен іске асырылады. Жалынды жас мұнымен де тоқтамай, Зеренді ауданының Жасыл мүйісінде тұңғыш және жалғыз әскери спорт лагерін ашады. Кеңес Одағының Батыры М.Е.Янконың жүлдесі үшін Көкшетау қаласы мен оның айналасында ұйымдастырылған веложорық та табысты аяқталады.

1969 жылдың ақпанында А.Татарский Щучье аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Содан бастап жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, соғыс және еңбек ардагерлерімен, 20-40 жылдардың комсомолдарымен жанды жұмыс жүргізу оның қызметінің басты бағытына айналады. Комсомол жастардың бастамасымен және Ленинград студенттік құрылыс отрядының күш-жігерімен кеңес өкіметі үшін күресте ақ гвардияшылардың қолынан қаза тапқан щучьелік күрескерлерге ескерткіш орнатылады. Бұдан басқа да шаралар сол кездегі қалың көпшіліктің Отанға, елге деген сүйіспеншілік сезімдерін нығайтуда үлкен рөл атқарып, А.Татарскийдің іскерлік қасиетін одан сайын айқындай түседі.

Арада бес жыл өткенде ол Көкшетау облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ұсынылады. Осы қызметте жүріп, Қазақстан комсомолының екі съезіне және БЛКЖО-ның атақты ХҮІІ съезіне қатысады. Әр жылдары облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат болып сайлануы оған партия және шаруашылық органдарының жұмысына терең үңілуіне мүмкіндік берді. Облыс және аудандардың басшыларымен тұрақты байланыста бола отырып, шаруашылық жұмыстарында мол тәжірибе жинақтайды.

1986 жылы Александр Владимирович облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы болып бекітілді. Одан әрі облыстық партия комитеті оны Көкшетау аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы етіп жаңа жұмыстың қайнаған ортасына салды. Мұнда ол он жылға жуық уақыт қажырлы еңбек етті. Одан әрі сол кездегі ең іргелі ұйымның бірі – агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді. Осы қызметте Көкшетау облысы таратылғанға дейін аянбай еңбек етті. Зейнет демалысына шыққанға дейін бірқатар өндірістік құрылымдарда жұмыс істеуге тура келді. Солтүстік Қазақстан облысына бірнеше қызметке ұсыныс түскенімен, көңілі оларды хош көрмеді. Осы жылдар ішінде адал еңбегі үшін марапатталған көптеген наградаларына, кейін Ресей коммунистік партиясының Құрмет грамотасы мен И.В.Сталиннің туғанына 130 жыл толуына орай шығарылған мерекелік медаль қосылды.

Александр Татарский журналист емес, оны әдебиетші деп те айту қиын. Алайда, зейнет демалысына шығысымен, өз туған жерінің патриоты және қажымас қалам қайраткері ретінде аймақтық «Акмолинская правда», «Степной маяк», «Курс», «Любимый город», «Көкшетау сегодня» газеттеріне ұдайы мақалалары жарияланып тұрды. Ешкім оны бұған міндеттеген жоқ, қаламақы да төлемеді. Алайда, күні бүгінге дейін оның қолынан қаламы түспей, көптеген тақырыптарды өмір өзегіне айналдырып келе жатыр деп нық сеніммен айтуымызға болады. Оның өз туған өлкесіне, оның адамдарына, белгілі тұрғаларына мұндай көзқарасы әрі шығармашылық ынта-ықыласы азаматтық ерлік деп айтса артық емес.

2020 жылдың шілдесінде және 2022 жылдың маусымында осы газет бетіндегі материалдардың бәрі «Гордость и слава земли Кокшетау» және «Герои Социалистического Труда Кокшетауской области» деген қос бірдей кітабында көрініс тапты. Көптеген атақты тұлғалар, атап айтқанда, ұзақ жылдар бойы Қазақстан үкіметін басқарған көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімұлы Әшімов, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы Мақтай Рамазанұлы Сағдиев, 13 жыл бойы Қазақ КСР Оқу ағарту министрі болған Қажахмет Балахметұлы Балахметов, сондай-ақ, Чистополь ауданы «Жаркөл» кеңшарының әйел механизаторы Лидия Петровна Сумская және Көкшетау оттегімен тыныстау аппаратуралары зауытының жұмысшысы Ринат Қасымұлы Қожахметов оның ғұмырнамалық очерктерінің басты кейіпкерлері болып табылады.

Бұл кітапта біздің даңқты жерлесіміз, аса талантты басшы, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің өмірі мен еңбек жолына үлкен көңіл бөлінген. Көкшетау облысының тарихын аудандар мен қалалардың бірінші басшылары мен өндірістік кәсіпорындардың, шаруашылықтардың жетекшілерінсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Кітапта Арықбалық ауданының «Имантау» кеңшарының директоры, Социалистік Еңбек Ері Ұлтай Нұрсейітов, Рузаев ауданының «Бірлік» кеңшарының директоры, Социалистік Еңбек Ері Антон Левандовский және Щучье құс фабрикасының директоры Николай Цой, Щучье ауданының «Златополье» кеңшарының директоры, осы ауданның құрметті азаматы Владимир Корябкин және басқалары туралы егжей-тегжейлі жазылған.

Өскелең ұрпақ тәрбиесінде білім саласы қызметкерлеріне зор үміт артылады. Кітапта бұл туралы да  тартымды материалдарды табуға болады. Олар Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімдері, мектеп, педагогикалық училищенің директоры, облыстық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары Афзал Насыров пен 29 жыл мектеп директоры болған, қазір білім музейін басқаратын Күләш Темірбаева.

Егінжай мен фермалардың қарапайым еңбеккерлері, механизаторлар, жүргізушілер, малшылар мен сауыншылар, шопандар мен жылқышылар да Көкшетау облысының мақтанышы болып табылады. Кітаптың төртінші бөлігі осы адамдарға арналған. Осы мақалаларда Социалистік Еңбек Ерлері, «Червонный» кеңшарының механизаторы Сүйіндік Есмағанбетов, Көкшетау ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының сауыншысы Фрида Литау, «Елтай» кеңшарының шопаны Қибадат Оразалин, «Золотая Нива» кеңшарының жылқышысы Баян Әміренов, «Веденов» кеңшарының трактор-егіс бригадасының атақты әйел-бригадирі Антонина Бережная, «Лавров» және «Лобанов» кеңшарларының бригадирлері Тұрлыбек Әбілпейісов және Кенжетай Рамазановтың жарқын бейнелері кеңінен көрініс табады.

Қос кітап та бұрынғы Көкшетау облысы туралы қимас сезімге толы. 1997 жылы облыстың кенеттен таратылғаны әр көкшетаулықтың жүрегіне ауыр тигені белгілі.

Бірінші кітапта Көкшетау облысына еңбегі сіңген 117 адамның өмірі мен қызметі туралы очерк тектес тартымды дүниелер берілсе, екінші кітапта осы облыс өмір сүрген 53 жылдың ішінде Социалистік Еңбек Ері жоғары атағын алған даңқты адамдар туралы сыр шертіледі. Осы Еңбек Ерлері арасында облыстың екі бірінші басшысы, 6 аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 2 атқару комитеттерінің төрағасы, 15 кеңшар директорлары мен колхоз төрағалары, 13 трактор-егіс бригадаларының бригадирлері, 28 механизатор, 13 малшы және 4 сауыншы, бір-бір жүргізуші, тепловоз машинисі, геологиялық барлау партиясының бригадирі, нан өнімдері комбинатының слесарі және медицина қызметкері бар.

Кітаптың басты мақсаты, Еңбек Ерлерінің еңбек шежіресінің негізінде өскелең ұрпақты еңбек етуге және Отанын сүюге баулу болып табылады. Қазіргі жаңа нарықтық қатынастардағы басшылар да өз ұжым мүшелерін еңбек белсенділігін осындай игі мысалдар арқылы шешулері қажет. Кітап бұрынғы Көкшетау облысының тағылымды тарихын білгісі келетін оқырмандардың кең шоғырына арналған. Әсіресе, ардагерлер көңілінен шыққан, кейінгі ұрпақты да бейжай қалдырмайтын қос кітап та өз туған өлкесінің нағыз патриоты, көпшілік құрметіне лайық үлкендеріміздің бірі Александр Владимирович Татарскийдің зор ізденісінің жемісі. Бұл қос кітаптың мазмұнына редактор ретінде осы жолдардың авторы да өзіндік үлес қосқандығын мақтаныш ретінде емес, сөз ыңғайына қарай айта кетсек артық емес. Мен Көкшетау облысының бар тарихын сырттан қадағалаған адамдар қатарынан емеспін. Сол кездегі барлық оқиғалар мен жарқын істердің ішінде жүргендіктен, осындай керек кітаптардың екеуіне де бар ықылас-пейілімді, жүрегімнің жылуын салғаным бір өзіме аян. Кітапты дайындай отырып, еңбек ардагері, өз облысын сүйетін әрі құрметтейтін Александр Татарскийдің еңбегіне де тәнті болғаным ақиқат.

Кітап Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың моралдық және материалдық қолдауымен, сондай-ақ, Шияп Әлиев жетекшілік ететін Көкшетау ардагерлер кеңесінің  көмегімен жарық көргенін айта кеткен жөн. Алғашқы кітапқа, яғни, «Гордость и слава земли Кокшетау» кітабына А.В.Татарский мен комсомол және партия қызметтерінде бірге, қатарлас жүрген Айдархан Бейсембаевтың демеушілік жасағаны да үлгі етуге тұрарлық іс.

Қос кітап та бірін-бірі толықтыра отырып, бұрынғы Көкшетау облысының даңқты тарихынан, оның тұғыры биік шежірелі белестерінен, аймаққа үлкен даңқ пен бедел әкелген, облыстың Қазақстанда ғана емес, одан тысқары жерлерге де аты шығуына зор үлес қосқан лайықты еңбеккерлері туралы кеңінен толғайды. Осы жағынан алып қарағанда, бүгінгі мерейтой иесі Александр Татарскийдің өз жерлестеріне жақсы тарту жасағаны анық.

Дәулет АХМЕТЖАНОВ,
Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.    

                                                

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар