Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының өкілдерімен кездесіп, Щучинск қаласындағы «Білім-инновация»IT мектеп-лицейінде салынатын 300 орындық жатақхана құрылысының бірлескен жобасын талқылады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуді аша отырып, өңір басшысы білім беру саясатының бірінші кезектегі міндеті дарынды балаларды қолдау екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда екі мектепте 700-ге жуық оқушы оқиды. Олардың ішінде жыл сайын көптеген халықаралық, республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлері бар екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Көкшетау қаласының «Білім-инновация» лицей-интернаты 30-ыншы орынмен Қазақстан Республикасының үздік 100 мектебінің рейтингіне енді, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ, облыс орталығында мектеп салу мәселесі қаралды.
Айта кетейік, «Білім-инновация» лицей-интернаты облыс орталығында 1992 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Отыз жыл ішінде оны 900-ден астам түлек бітірді. 2021 жылдан бастап Щучинск қаласының №11 ІТ мектеп-лицейі «Білім-инновация»халықаралық қоғамдық қорының басқаруына берілді. Білім беру үдерісіне еліміздің түкпір-түкпірінен ағылшын тілінде сабақ беретін 32 оқытушы тартылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.