Өткен жексенбіде Шавкат Рахмоновтың жеңісті жолы біздің футболшыларға да құтты болды.
Олай дейтініміз, биылғы Премьер-Лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бірінші турындағы екінші ойын күні Көкшетаудың «Оқжетпесі» сырт алаңда Түркістан облысының «Мақтарал» командасын 1:0 есебімен жеңіп кетті.
Көкшетаулық команда былтыр бірінші лигада жеңімпаз атанып, Премьер-Лигаға қайта оралған еді. Сондықтан, жерлестерінің алғашқы ойынына жанкүйерлер де ерекше ықылас танытып, ойын нәтижесін тағатсыздана күтті.
Сөйтіп, жеме-жемге келгенде «Оқжетпес» сапынан 29-ыншы минутта Шоқан Абзаловтың соққан жалғыз добы ойын тағдырын шешті. Осылайшакөкшетаулық команда Премьер-Лигадағы бірінші кездесуін жеңіспен бастап, биыл маусым бойы жақсы ойын өрнегін көрсететініне жанкүйерлерін мықтап дәмелендіргендей болды. Енді оқжетпестіктер 9 наурыз күні тағы да сырт алаңда Ақтөбе клубымен кездеседі.
Ал, ел біріншілігінің 4-5 наурызда өткен алғашқы турында «Ордабасы» өз алаңында «Каспийден», «Тобыл» Павлодардың «Ақсуынан», «Астана» «Шахтерден» басым түссе, «Ақтөбе» сырт алаңда «Жетісуды» сүріндірді. Алматыда «Қайрат» пен «Атырау» 2:2 есебімен тең ойнады. Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдап, 0:1 есебімен қонақтарға есе жіберді.
Біз болсақ, жерлестерімізге келесі ойында да сәттілік тілейміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.