Ақмола облысында су тасқыны кезеңіне дайындық аясында мұз жару жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«10 наурыздан бастап мердігерлік ұйымдар 10 аудан аумағындағы 15 өзен учаскелерінде 20 мың шаршы метрден астам алаңда мұзды әлсірету бойынша жарылыс жұмыстарын жүргізуді бастады. Барлығы 869 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға көп. Өңірлерде 315 тонна жанар-жағар май, 17 мың тонна инертті материалдар қоры жасалды, 91 мың қап дайындалды. Аталмыш жұмыстар жалғасуда», – дейді Ақмола облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ерден Берлібеков.
Басқарма басшысы атап өткендей, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарының нәтижесінде аймақта су басу қаупі бар 128 елді мекеннің 113-де қауп сейілді. Өткен жылдың жаз айларында 65 елді мекенде (15 аудан, 3 қала) су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді.
Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайды жою мақсатында азаматтық қорғау органдары мен құралымдарының 2524 адам, 1124 бірлік арнайы техника, 258 мотопомпалар және 48 бірлік жүзу құралдарының күштері мен құралдары толық дайындыққа келтірілді.
«ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінің күштері мен құралдарын қосымша топтастыру көзделген, оның ішінде 60 адам және 4 техника бар. Сондай-ақ, ТЖМ бұйрығына сәйкес қажет болған кезде М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 11 қызметкері мен күндізгі оқу факультетінің 50 курсанты және 5 арнайы техника жұмылдырылатын болады. Көкшетау қаласының әуежайында Қазавиақұтқарудың Ми-171 тікұшағы кезекшілікте тұр», – деп қосты Ерден Берлібеков.
Осы ретте, су тасқыны жағдайы күрделене түскен аудандарға өзге аймақтардағы ТЖД күштері мен құралдарын бағыттау жоспарланып отыр.
Айта кетсек, Ақмола облысындағы Купчановка ауылына қазақша атау берілмек.