Таяуда Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Қораптағы қоқыс» атты драмасы сахналанды. Қойылымды тамашалауға «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Айна Мысырәлімова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драма авторы Жабал Ерғалиев, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен студент жастары қатысты. Қойылымның қоюшы режиссері Жарас Қалдаров.
Күн сайын, тіпті сағат сайын құбылған мына бейопа тірліктің беймаза шақтарында жүректі толқытар, жанды ауыртар сан сауалға жауап таппай қалатын сәттерің болады. Мұндайда сырлас дос, ақыл қосар ата-анаң болса жақсы ғой. Алайда, көңілдегі сезімдер де сәт сайын құбылып тұратыны бар. Бірде қуанасың, бірде мұңаясың, енді бір сәтте өмірден баз кешіп кетуге бар боласың. Мұндайда жаныңа рухани қуат сыйлайтын орта іздейсің. Мұндайда жасыған жігеріңді жанып, дүниетанымыңды кеңейтетін, тығырықтан шығатын жолды адастырмай меңзейтін, жақсылық жасауға ұмсындыратын, өкіндіретін, жылататын, жылатын отырып, қуантатын, бір тұтас дәуірдің шындығын, бір тұтас өмірдің шынайы көріністерін көз алдыңа боямасыз әкеліп, сұрағы көп сауалға жауап айта білетін руханияттың бір ордасы болса, ол әрине, театр.
Алдымен қойылымның атауы елең еткізді. Қорапта жатқан қандай қоқыс деген ойға қалдырғаны рас. Ал, қойылым барысында қоқыстағы қорапта жатқан зат емес, шырылдаған шарана екенін білгенде әрине, жүректің елең етпеуі, толқымауы әсте мүмкін бе?! Ай мен күннің аманында дала баланы тастаған кім? Жүрегімен жалғасқан пендесін қоқысқа лақтырып, қиып қалдырған қандай ана? Оны осындай опасыздыққа итермелеген қандай тылсым күш?..
Автор адамдықтан безген безбүйрек қоғамның қасіретін,ащы шындығын боямасыз жеткізген. Шынымен де бүгінгі қоғамда адамның қадірі, адамзаттың қадірі төмендеп кеткендей. Әйтпеген күнде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық өз ұрпағы – өз баласын қоқысқа тастай ма? Ондай мысалдар қазіргі қоғамда аз ба? Қоқысты айтасыз… атап айтуға ауыз бармайтын айуандықтар жасалып жатыр-ау, қазір…
Албырт жастықпен ойнап жүріп, от басқан Камиланың тағдыр жолы арқылы өрбитін оқиға тізбегі кім-кімді болмасын ойландырары сөзсіз. Өткінші сезімге алданып, балалы болған Камила жауапкершіліктен қашып, өз шаранасын шырылдатып жетімдер үйіне тоғытады. Десе де, баласына жасаған қиянаты ана жүрегіне маза бермейді. Өкініп, жетімдер үйіне қайта барғанда, баласын шетелдіктер асырап алғандығын біліп, сан соғады. Осыдан кейін жан жарына балап жүрген арсыз, байлыққа ғана малданған кәсіпкер Дәленмен (Еркебұлан Төлеуов) біржола ажырасып, мына дүниеден түңіліп, баз кешіп кетеді. Бұл орайда, Камиланың рөлінде ойнаған Ғалия Қорабаеваның өнерін ерекше атап өтсек деп едік. Баласын іздеген ана бейнесін, шырылдап жылаған ана жүрегін көз алдымызға әкелді. Қойылымды тамашалап отырған көрермен Камила болып жылады, Камила болып өкінді, Камила болып қуанды. Қыз тағдыры деген қылдан да жіңішке, қызғалдақтан да нәзік екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Басында баспанасы жоқ Камиланың қоқыс аралап күнелтуге көшкенін көргенде тағдырдың тәлкегінде, өмірдің өкпек желінде қалған қыз тағдырын ойлап елегізе түсесің. Қоқыс аралап жүрсе де, «Балам жылап қалған жоқ па, балам аман болса екен» деп, өзегін өртеген өкініштен жүрегі қырық пышақ болып қан жылап жүрген келіншектің қиын тағдыры алаңдатты. Бірақ, өмір тек өкініштен тұрмайды ғой. Сол қателігіңді түзетуге мүмкіндік туар, қою қара бұлттың артынан күн туғандай, бір күні бір үміт сыйлар арайлы күннің атары да өмір шындығы. Иә, өмірдің боямасыз өз көрінісі айшықталған драмада да солай болды. Бірде өз серіктестерімен бірге қоқыс теріп жүрген Камила қорапқа салынған сәбиді қоқыстан тауып алады. Сіз сондағы Камиланың нұрланған жүзін көрсеңіз. Ана мен баланың арасындағы тылсым байланыс, шексіз махаббат, мейірім нұры залда отырған көрерменін де жылылыққа бөлей түсті.
Тұрақты мекені жоқ, көшеде бірге қоқыс аралап күнелткен достары Бари (Ержан Әубәкіров) мен Әрсен (Намыс Мақсатұлы) қоқыста қалған жетім қызды асырап алуға алғашқыда қарсы болғанымен, кейін Камиланың алған ойынан қайтпайтынын көріп, оған жәрдемдесуі адамның қай ортада жүргені маңызды емес, барлығы оның адамгершілігіне байланысты екендігін тағы бір мәрте аңғартып тұрғандай. Олардың сүреңсіз өміріне қоқыстан табылған шарана шуақ сыйлап, өмірлерін басқа арнаға бұрғандығын көріп, иланасың. Көкейіңде қанша уайым болса да, лүп-лүп соққан жүрек қашанда жақсылықтан үмітті болатыны да өмір заңдылығы. Әрсен мен Камила арағын қойып, ата-ана міндетін өз мойындарына алады. Өздері де жетімдер үйінде өскен Бари мен Әрсеннің тағдырына бойлай түскен сайын, біз сөгуге асығатын кез-келген жағымсыз жағдайдың өз себебі, өз жауабы бар екендігін ұғынғандайсың. Ал, біз тегінде кез-келген адамға қол ұшын беруге емес, сөгуге асықпыз…
Осы орайда тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, сахна декорациясы, әртүрлі жарықтар, ойнақы музыкалық әуен, актерлердің киімдері мен рөлді сомдау шеберлігі,бәрі-бәрі режиссерлік шешіммен астасып, көрерменнің қойылымды жан дүниесімен қабылдауына жол ашқандай.
Иә, осындай үйлесімді жұмыстың жемісі болар, сахнадан көрсетілген өмірдің ащы шындығын шынайы деп қабылдайсың. Қабылдағаның соншалық, кейіпкерлермен бірге жылап, бірге толқып отырасың. Әсіресе, өмірден теперіш көрген, тағдырдың тақбезесін тартқан үш сормаңдайдың ғұмыр жолына аяушылықпен қарап, алаңдайсың.
Қалай дегенмен де, адамға сенім қымбат. Себебі, адамды сенім алға жетелейді. Әрбір күнді үмітпен қарсы алған Камила өзінің жүрегіне байланған өз перзентін бір көрсем деген арманмен өмір сүреді. Оңашада отырып, перзентін аңсап жылайды, қамығады, Алладан тілеуін тілейді. Қойылымның соңында Ананың тілеуі орындалып, Америкадағы ұлы анасын өзі тауып алып, табысады.
Қойылымның өн бойында перзентін аңсап зарыққан ананың алып жүрегі үміт болып лүп-лүп соғып тұрғандай әсерге бөлейді. Әлде лүпілдеген ана жүрегі емес, бүгінгі өмірдің бүлкілдеп соққан күретамыры ма?!
Иә, жалғанда ана баладан, бала анадан ажырамасыншы!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.