Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке орналасу барысындағы артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа тәсілдер әзірлеп, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Біріншіден, жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде,белгіленген мәннен төмен емес оқу үлгерімімен бітірген адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға орналаса алады.Бұл мемлекеттік қызметке білікті жастарды тарту, жас мамандарды ауылдық жерлерге қайтып оралуға ынталандыру және аймақтардағы кадр тапшылығын азайту мақсатында қолға алынып жатқан шаралар.
Екіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары оқу үлгерімін көрсеткен түлектерін оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.
Үшіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның келісімі бойыншаконкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріледі. Бұл бірінші басшылардың тағайындау кезіндегі жауапкершілігін күшейтеді.
Төртіншіден, Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мемлекеттік қызметшілердің қызметіне бағалау жүргізу тәртібі мен мерзімдеріне сәйкес «Б» корпусының жұмысы қанағаттанарлықсыз деп бағаланған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымы төмендетіледі, ал, төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік аппаратты тиімсіз қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.
Мемлекеттік қызметке кіру тәртібін одан әрі жеңілдету әрі цифрландыру мақсатында мемлекеттік қызметке онлайн режимде іріктеу ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап,пилоттық сынақтан өтуде. Оған Ақмола облысының, Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдары, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі енді.
Іріктеудің бұл форматы мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатып отыр. Яғни, үміткер туралы ақпаратты өзге ақпараттық жүйелерден алу, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – мұның бәрі автоматты түрдегі жүйеде қалыптасатын болады.
Толығырақ тоқталатын болсақ, мемлекеттік қызметке түскісі келетін кандидаттар «Е-қызмет» интернет-порталында электрондықцифрлық қолтаңбасы арқылы тіркеледі. Өтінім беру кезінде кандидат пилоттық іріктеу тәртібімен танысып, белгіленген талаптарды сақтауға міндеттенеді және жеке мәліметтерін пайдалануға келісімін береді.Тіркелгеннен соң кандидаттың электрондық жеке ісі автоматты түрде толтырылады. Бұл жерде барлық мәліметтер басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Кандидат жеке іске жинақталған мәліметтердің дұрыстығын тексереді, әрбір еңбек жазбасы бойынша функционалдық бағыттарды енгізеді және қажет болған жағдайда жеке іске қосымша мәліметтер енгізе алады.
Содан кейін кандидат осы порталдағы өзінің жеке кабинетінде Қазақстан Республикасының заңнамасын және мемлекеттік тілді білуіне тестілеуден өту үшін бір күнтізбелік күн бұрын өтінім қалдырады. Тестілеу күні мен уақытын өзі таңдайды. Қазақстан Республикасы заңнамасын білуіне тестілеу 4 заңды қамтитын бір бағдарламадан тұрады, олар: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының«Мемлекеттік қызмет туралы» заңы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы, Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі. Тестілеу нәтижесі бойынша тиісті балл жинаған жағдайда нәтиженің жарамдылық мерзімі 1 жылды құрайды.
Аталған тестілеуден оң нәтижемен өткен соң кандидат сол порталда бос лауазымдарды иеленуге жарияланған конкурстар тізімімен таныса алады. Таңдаған конкурстарға сол жерде өтінім жіберіп, іріктеуге қатысады.
Іріктеуге қатысуға өтініш берген кезде кандидатқа жеке идентификациялық нөмір беріледі. Бұл кандидат туралы жеке мәліметтердің көрсетілмеуін қамтамасыз етеді.
Әрі қарай конкурс талаптарына сәйкес кандидат жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға арналған тестілеуден, басшылық лауазымға үміткер болған жағдайда эссе жазудан және әңгімелесуден өтеді.
Конкурстық рәсімнің бұл форматы үміткерлерге еліміздің және әлемнің кез-келген жерінен конкурстың барлық кезеңдеріне қатысу мүмкіндігін беріп отыр.Сондай-ақ, іріктеу кезеңдерінің толық цифрландырылуы, адами фактордың мейлінше азайтылуы мемлекеттік қызметке орналасудың ашықтығын арттыра түседі.
Райхан БРАТАЕВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаменті
мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.